АЭС-ті мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде қарастырған жөн

Oinet.kz 12-09-2024 62

Елімізде АЭС-ке қатысты жалпы халықтық референдум 6 қазанда өтеді. Бүгінгі күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрамына қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар мен ғалымдар енген. Олар бірнеше топқа бөлініп өңірдегі бірнеше елдімекенді аралап, ірі кәсіпорын ұжымдарымен кездесуде. Сондай кездесудің бірі Отырар аудандық мәдениет сарайында өтті. Оны аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Көлбай ашып жүргізді.

Screenshot_6.jpg

Оның айтуынша, АЭС салуды қолдау жөніндегі аудандық халықтық штаб мүшелері ең алдымен аудандағы ауыл тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен кездескен. Жалпы халық елімізде электр энергиясының тапшылығын жақсы біледі. Ғалымдардың болжамынша, бұл көрсеткіш бүгінде 2 гегаватт. 10 жыл бұрын болжанған тапшылық жаңа технология, өндіріс, медицина, әлеуметтік сала секілді маңызды тетіктердің дамуына кедергі келтіруде. Бұл бизнеске инвесторлар тартуға да жол бермейді.

- Энергетика бұл – әр елді дамытушы қозғалтқыш. Атом станциясы үздіксіз электр қуатын шығарып қана қоймай, қауіпсіз әрі экологиялық таза болып есептеледі. Біз бүгінде елімізге жетпеген электр қуатын Қырғыз бен Ресей мемлекеттерінен алып отырмыз. Мысалы, бүгін ашылған кей зауыттар тұрақты қуат көзі болмағандықтан ары қарай дами алмай отыр. Ғалымдарымыз үшін атом энергетикасы Қазақстанға таңсық емес. Алматыдағы ядролық физика институтында атомдық зерттеу реакторы өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері медицинаға қажетті радиоизотоптар шығарып келеді. Ол обырға шалдыққан мыңдаған адамды емдеп, тексеруге қолданылады. Бірақ халық арасында бір үрей де бар, қорқыныш та бар. Әлеуметтік желілердің негізіне қалыптасқан пікір де бар, оны да көріп жатырмыз. Сондықтан біздің алдымызда тұрған басты мақсат нақты, объективті ақпаратты беру. Бірінші кезекте ғалымдарымыз, эксперттер сөйлеп олар сол объективті ақпаратты беріп жатыр, - деді Ж.Көлбай.

АЭС салу бойынша ел ішінде түрлі пікір бар. Кейбір эксперттердің пайымдауынша, Орталық Азия мемлекеттерінде атом электр станцияларын салу қоршаған ортаға зиянды әсері тұрғысынан қауіпті, әрі реактор құрылысын жүргізген мемлекет алдында көптеген жылдарға тәуелділік пайда болады деген ойларды алға тартады. Сонымен қатар, қарсы тараптың  негізгі себебі – орын алуы мүмкін апаттық жағдайлар. Әрине, бүгінгі таңда әлемде атом электр станцияларын пайдалануда бірқатар қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, қоршаған ортаға да кері әсері жоқ десек те болады. Әйтсе де орын алған апаттық жағдайлар (Фукусима-1, Чернобль) халықтың бойында үрей тудыратыны белгілі. Атом электр станциясының құрылысына қарсы топтың негізгі аргументі осы жағдайлар болуы мүмкін.

Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Жұбаев өз сөзінде еліміздегі жылу электр станцияларының тозу деңгейі жоғары екенін, әрі электр энергиясына деген сұраныс жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, еліміз уран қоры бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет екенін ескерсек, әрине атом энергетикасы Қазақстанды айналып өтпейтіндігі анық. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік корея, Қытай, Жапония мемлекеттері атом энергиясының потенциялын мойындап, оны мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде қарастырып келе жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ кездесуде Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының бекіткен жоспарына сәйкес, Отырар ауданында «Референдумды дайындау және өткізу кезіндегі ұйымдастыру мәселелері» тақырыбы да талқыланды. Түркістан облысы аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Ильяс Қаланов пен Түркістан қаласы аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Әділхан Масабаев сөз кезегінде елімізде АЭС салудың мақсатын айта келіп, алдағы референдумға дайындық барысына тоқталды. Олар халықты ақпараттандыру, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, байқау және үгіт, қаржыландыру мәселелері, сондай-ақ референдум кезінде комиссияның тікелей міндеттеріне кіретін әрекеттері жөнінде толық түсіндіріп, сайлаушылардың тізімдерін нақтылау үшін тұрғындармен тығыз байланыс орнату, сайлау науқандарында мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың дауыс беруін, олардың саяси науқандардан шет қалмауын тиянақтау мақсатында нақты тапсырмалар берді. 

Атырау қаласында референдумға дайындық бойынша жиын өтті
Энергия тапшылығының шешімін бірге табайық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу