Тәулігіне 20 тонна өнім шығарады

Oinet.kz 25-08-2024 61

Screenshot_1.jpg

Сайрам ауданы Түркістан облысындағы өндірісі жолға қойылған аудандар қатарына қосылғалы көп болды. Тек Түркістан облысы емес, көршілес өзге облыстар Сайрамды жеке кәсіпкерлігі дамыған, шаруа қожалықтары зор қарқынмен дамып, өндіріс орындары, зауыттары  күрт артып келе жатқан әлеуетті аудан ретінде таниды. Сайрам десе оның қай жерде орналасқанын бірден таба алады. Бұл – Сайрамның ел ішінде беделі өте зор екендігін білдіреді.

Расында да Сайрамда өндіріс орындары жыл сайын көбейіп, тоқсан сайын жаңа цех, зауыттар ашылып жатыр. Жақында Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалды Сайрамдағы «GLOBUS PLUS» ЖШС ауыл шаруашылығы көкөніс өңдеу цехымен танысты. Бұл кәсіпорын кәсіпкердің жеке қаржысы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кеңейтілген. Жоба құны – 500 млн теңге. Қуаттылығы тәулігіне 20,0 тонна болатын өндіріс орнында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы көкөніс пен жеміс-жидек консервілерінің түр-түрін шығарады. Шикізат көршілес елдерден бөлек, жергілікті шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтар орнатылған. Өндірісте көкөністер мен жеміс-жидектер қазандықтарда газбен қайнатылып, жұмысшылар күшімен банкілер жабылады.

Нәтижесінде сайрамдық кәсіпорын нарыққа тек шикізатты жібермейді. Олар шикізатты өздері өңдеп, дап-дайын өнім қылып шығарады. Сайрамдық өнімдердер көршілес Қырғызстан, Ресей елінен де алатын тұтынушылар бар. Экспорттың арқасында бұл көкөніс өңдеу цехы елдің экономикасына орасан зор пайда келтіріп отыр. Тек шикізатқа негізделген экономика түбі қирап, сынып түсері белгілі. Әлемдік картада экономикасы тек шикізатқа байланған мемлекеттердің тағдырын алып қарасақ, көбісі күйреп тынған. Сондықтан да экономиканы әртараптандыру керек. Сайрамдық кәсіпкерлер жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеп, еліміздің экономикасының дамуына өз үлестерін қосып отыр. Сайрамдық өнімдерді жұрт құлшына, зор ықыласпен сатып алады. Сайрамдық өнімнің дәмін бір татқан адам басқа өнімге қарамай, тек жергілікті өнімге бас бұрады.

Облыс әкімі цех ғимаратында өндіріс көлемін ұлғайту және осы бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарымен танысты. Жауапты басшыларға, аудан әкіміне кәсіпкерлерді қолдап, сүйемелдеу жұмысын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Осылайша Сайрамда тек жергілікті кәсіпкерлер ғана жұмыс істеп қоймай, қаржысы мол азаматтар да осында келіп зауыт аша алады. Сайрам ауданы әкімдігі инвесторларға барлық жағдайды жасауға дайын. Сайрамда ашылған кәсіпорын өз ісін тез дөңгелетіп алады деп нық сеніммен айта аламыз.

Тәулігіне 100 тонна сүт өңдеуге қауқарлы
Жылына 100 насос шығаруға қауқарлы зауыт Сайрамда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу