Тәулігіне 100 тонна сүт өңдеуге қауқарлы
Кез-келген мемлекеттің негізгі күші оның экономикасында. Экономикасы мықты елдің әлем алдында жүзі жарық болады. Мысалы жер көлемі кіп-кішкентай Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің экономикасы көш басында. Олар көптеген техникалар шығарады. Оны бүкіл әлем сатып алады. Сол секілді Қазақстан да дамыған мемлекет қатарына қосылуды алдына мақсат тұтқан. Осы орайда елімізде көптеген зауыттар салынып, жұмыстарын белсенді жүргізіп отыр. Соның ішінде Түркістан облысы, Сайрам ауданында көптеген өндіріс орындары бар. Және оның барлығы жоғары деңгейде жұмыс істеп отыр. Оған мемлекет тарапынан қолдау зор.
Жақында ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «TAYIBA» сүт өңдеу зауытының жай-күйімен танысты.
Бұл зауыт бастапқыда үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі ғана өнім шығарып жүрген. Кейін кәсіпорын иесі цехты кеңейтуді қолға алған. Ақсукент ауыл округіндегі кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, биыл шілде айында іске қосылған. 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын бұрын күніне 10 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарған. Бүгінде әлеуеті көтерілді. Сұраныс болса, тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерінің 10-12 түрін шығарылуда. Айран түрлері мен қаймаққа, құртқа сары май және өзге де өнім түрлері қосылған. Өндірістегі барлық құрылғылар мен құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркия мемлекетінен жеткізілген. Шикізат жергілікті шаруалар және фермерлерден және аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Өндірістің барлық кезеңдері автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтардың көмегімен бақыланады. Өндірісте сүтті қайнатып, өңдейтін вакуумдық цифрландырылған құрылғы қойылған. Өнімдер мұздатқыш камераларда сақталады.
Өңір басшысы осындай зауыттар мен цехтарды көбейтіп, ауылдарды осы зауыттарға шикізат жеткізуге мамандандыру қажет екенін айтты. Расында да барлық ауылдардарда осындай кішігірім зауыт, цехтар көбейсе, халқы жұмыссыз болмайды. Олар осы зауыттарда жұмыс істеп, жалақы алады. Жалақымен отбасын асырап, мемлекетке салық төлейді. Ал салықтың ақшасынан жол, мектеп, аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар ашылып, халықтың қажеттілігін өтейді.
– «Ауыл аманаты» және өзге де қолдау тетіктері бар. Тұрғындарға түсіндіріп, көмектескен жөн. Сүтті, етті, көкөніс пен жемісті терең өңдейтін зауыттар көп болса, өңірдің өндірістік әлеуеті көтеріледі. Екіншіден, аулы тұрғындары да өз өнімдерін тиімді бағада өткізе алады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға терең өңдеуге бейімделген кәсіпорындар ашуға басымдық беруді тапсырды.
Бүгінде Сайрам ауданында цехтар көптеп ашылуда. Және оның барлығына мемлекет қолдау көрсетуді аямайды. Нәтижесінде Сайрам ауданы Түркістан облысының өндірістік жүрегі болуына мүмкіндігі мол.