АЭС - Қазақстан үшін жат ұғым емес

Oinet.kz 10-09-2024 181

Елімізде Атом электр станциясын салу мәселесі бір жылдан бері талқыға түсіп, жалпұлттқы референдумға шығарылды. Бүгінгі күні ауданда құрылған Халықтық штаб мүшелері Жетісай ауданындағы Қарақай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, талқылау өткізді. 

Screenshot_53.jpg

Amanat партиясының Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына тоқталып, 6 қазанға белгіленген жалпұлттық референдумның мақсатын жете түсіндіріп өтті.

- Бүгінгі күні электр энергиясына деген тапшылық бізде ғана емес, әлем елдерінде сезіліп келеді. Одан шығудың бір жолы – АЭС салу. Жалпы бүгінгі күні өзге де дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық АЭС салынған. Еліміздің орнықты дамуы үшін энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі аса маңызды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуы үшін маңызды барлық саладағы өзекті жайттарды қамтып өтті. Соның ішінде Атом электр станциясын салу жайында жалпы халықтық референдум өтетіні мәлім болды. Жеке пікірімді айтар болсам, мен бұл шешімді қолдаймын. Бұл еліміздің экономикасының өсуіне және халықтың әл-ауқатының тұрақтылығы үшін өте маңызды. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, дамыған елдердің барлығында дерлік атом электр станциялары бар. Қазақстанның да осы саланы игеруге толықтай әлеуеті жеткілікті. Себебі жеріміз уран қорына бай және де атом энергетикасы саласында білікті мамандар базасы қалыптасқан. Өз кезегінде 6 қазанда өтетін республикалық референдумда АЭС салу бойынша ел Президентінің бастамасын қолдауға шақырамын, - деді ол өз сөзінде.

Ал аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауына тереңірек бойлап, округ тұрғындарына оның мәні мен мазмұнын аша түсті. «Елімізде атом энергетикалық станциясы тақырыбы 2019 жылдан бері қозғалып келеді. Тек 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында АЭС-тың салынуы жайлы шешім халық дауысы арқылы анықталатынын мәлімдеді. Ал 2024 жылы 2 қыркүйектегі Жолдауда референдум 6 қазанда өтетіндігі белгілі болды. Әрине, бұл еліміз үшін өте өзекті мәселе. Бірі оңтүстік өңірдегі электр қуатының жетіспеушілігін айтып, Ресейден энергияны сатып алуға тура келетіндігін келтірсе, енді бір тарап Украина, Жапониядағы үлкен апатты мысалға келтіреді. Десе де, АЭС Қазақстан үшін бөтен ұғым емес», дейді ол. 

Саясаттанушы Қанат Байұзақовтың пікіріне құлақ салар болсақ, ол былай дейді: «Қаншама жыл өтсе де, тұрғындардың АЭС керек пе, әлде керек емес пе деген сұраққа нақты жауап беруі өте қиын. Жоғары деңгейде түсіндіру жүргізілгенімен, бұқара халықтың арасында әлі де бұл жайлы кеңінен айтып түсіндірілмеді. АЭС салу уақыт күттірмес мәселе, дейтұра оның да күрмеулі тұстары бар. Біріншіден, «АЭС-ты кім салады» деген сұраққа әлі жауап жоқ. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өз ұсынысын білдіргенімен, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Жапония, Франция мемлекеттері де кетәрі емес. Екіншіден, АЭС-тың құны. Қарапайым Түркия АЭС-тың салынуына кемі 10 миллиард доллар жұмсалды. Қазақстандағы ақшаның құнсыздануы мен мұнай бағасына тәуелділігін ескерсек, бұл баға 10 жылдың ішінде бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Үшіншіден, мамандардың тапшылығы. Отандық Жоғары оқу орындарында грант санының артуы студенттердің санын арттырғанымен, баллдың төмендеуі мен сапаның төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл болашақтағы сапалы маман тапшылығын тудыруы мүмкін. Әрине, электр энергиясын көрші елдерден қымбат бағаға сатып алу да тиімсіз. Сол себепті сарапшылар осы бір сұрақтарға нақты жауап беріп, АЭС құны қанша болмақ, қаржыны қайдан аламыз, мамандар мәселесі қалай реттеледі деген сұрақтарға жан-жақты жауап берсе, онда 6 қазанда халық өз таңдауын нақты жасайтын болады деп пайымдаймын. Себебі халық арасында АЭС-ке қатысты әлі де толық түсінік қалыптаспаған сыңайлы», - дейді сарапшы.

Ел ішінде түрлі пікір болғанымен халық Қазақстанның дамығанын, болашағының жарқын болғанын қалайды. Жиында аудандық мәслихат депутаты Нұрбол Байтілесов, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының бірінші орынбасары Есімжан Надиров пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев сөз сөйлеп, Қарақай ауылдық округ әкімдігіне қарасты елдімекен тұрғындарын 6 қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды. Қарақай ауылдық округі тұрғындары сұрақтарын қойып, жауап алып, 6 қазанда өтетін референдумға біркісідей қатысып, таңдауларын жасайтындықтарын айтты. 

АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты
Атомды бейбіт мақсатта қолданудың артықшылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу