АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты

Oinet.kz 10-09-2024 185

Халықтық штаб мүшелері Кентау қаласында болып, ондағы кәсіпкерлік нысандармен және ЖЭО-5 ұжымымен кездесті. Кентау қаласында 1952 жылы іске қосылған бұл жылу энергетика торабы 15 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Screenshot_52.jpg

Халықтық штаб мүшелері ұжым мүшелерімен кездескенде Атом электр станциясы құрылысы барлық коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін тұрақты әрі таза энергия көзіне айналып, жылу және электр энергия іркілісі мәселесін шешетінін атап өтті.

Кентау қаласында жылу электр орталығы ұжымымен өткен жиынды Кентау қаласының әкімі ЖандосТасов ашып, Халықтық штаб мүшелерімен таныстырды. «Атом электр станциясы – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Кейінгі кездері жаңартылатын әрі баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алдық. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3 пайызға жеткізді. Осыған дейін бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін өсіруді мақсат еттік. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15 пайызға дейін жеткізбекпіз. Сол себепті, АЭС құрылысының ел дамуына мультипликативті әсерін толық ұғынуымыз қажет», - дей келіп, қала басшысы сөз кезегін Халықтық штаб өкілдеріне берді.

Amanat партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да энергетика мәселесін шешудің маңыздылығын айрықша тоқталып өткенін айтты. Мәжіліс спикері атап өткендей, кәсіби энергетиктер АЭС-тың артықшылығын басқаларға қарағанда жақсы түсінеді. Ал оған балама күн немесе жел сияқты энергия көздері болғанымен, олардың үлкен кемшілігі бар – мұндай қондырғылардың жұмысы күннің уақыты мен ауа райы жағдайына қатты тәуелді. Егер елімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету қажет болса, онда атомдық генерация – бірден-бір дұрыс шешім.

- Сіздер, еш қиындықтарға қарамастан, адал еңбектеріңіздің арқасында әр үйді жылумен қамтамасыз етіп отырсыздар. Сондықтан бұл мәселенің мән-маңызын сіздерден артық ешкім түсінбейтін болар. Электр энергиясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін өте маңызды. Ендеше энергетикалық тәуелсіздікке қалай қол жеткізуге болады? Ол үшін бізге таза, тұрақты және сарқылмайтын энергия көзі қажет. Ал мұндай энергия көзі тек атом электр станциясы болуы мүмкін. Дәл қазіргі уақытта Атом электр станциясына балама жоқ. Мұны әлемдік тәжірибе растап отыр. Бұл пікірді осы саланың сарапшылары мен ғалымдары да толығымен қолдайды, - деді Ерлан Қошанов.

Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қабылан Елеусизов өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған Атом электр станциясын салу туралы ұсынысын кентаулықтар қолдайтынын, 6 қазанда ел болып дауыс беретіндігін жеткізді. «Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Елімізде энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. 2035 жылға қарай ел экономикасы мен халықтың қосымша электр энергетикалық сұранысы 18 гегаваттан астам жаңа буынды қажет етеді. Яғни белгіленген уақытқа дейін қолданыстағы электрлі стансалардың генерациясы тек 135 миллиард киловат сағат болса, қазіргі таңда тұтыну мөлшері 152,4 миллиард киловат сағатты құрап отыр. Бұл ағымдағы энергия көздерінің болжамдалған мөлшерден бөлек, тіпті қазіргі жүктемелерді толықтай қамтамасыз ете алмайтынын айғақтайды. Ядролық генерацияны дамытудың және көміртегі бейтараптығының жаһандық күн тәртібінде сақтаудың қажеттіліктері бар. Олар – елдегі электр энергиясын өндірудегі таза электр энергиясының үлесін арттыру, ел экономикасындағы көміртегі ізін азайту, еліміздің CO2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерін орындау, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның ішінде жаңартылатын энергия өндірудің өсуін қолдау. Сондықтан да елімізде Президентіміз жалпұлттық референдумға шығарған елімізде АЭС салу туралы бастамасын қолдаймыз, халықты да бұл бастаманы қолдауға шақырамын, - деді ол.

Кентаулық Максат Мирзахметұлы, кәсіпкер Гүлнәз Жайықбаева елімізде АЭС салу туралы бастаманы қолдайтындықтарын, 6 қазан күні референдумға қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарын айтты. Сондай-ақ жылу электр орталығы (ЖЭО) ұжымы алдағы референдумға белсенді қатысуға және АЭС құрылысын қолдауға толық дайын екендіктерін білдірді. Жалпы, Халықтық штаб сапары барысында Кентау қаласының тұрғындары АЭС салу идеясына қызу қолдау білдірді. Сөйтіп, биыл 6 қазанында өтетін референдумға белсенді қатысуға уәде берді.

Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ
АЭС - Қазақстан үшін жат ұғым емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу