Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
25 тамыз күні Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қопа ауылдық округі әкімінің де сайлауы Алға, Қобда және Мұғалжар ауданындағы 5 ауылдық округтерінің әкім сайлауымен қатар өткен болатын. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Нұрмағамбетованың айтуынша, Қопа ауылдық округі әкімінің сайлауына сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 610 азаматтың 403-і қатысқан.
- Соңғы кезде сайлауға деген ауыл халқының көзқарасының біршама жақсарғаны байқалады. Өзін сайлауда сынап көргісі келетін үміткерлер қатары да көбейе түскен. Бұл бірінші кезекте қолынан іс келетін азаматты таңдауда халыққа жеңіл болмақ. Бәсеке бар жерде жұмыс жандана түсетіні белгілі. Халық та өзі сайлаған әкімнен жұмыс талап ете алады. Бұл билік пен халық арасын бұрынғыдан да жақындата түседі деген ойдамын. Жаңа сайланған әкімдер де халықтың сенімінен шығу үшін жан салып аянбай қызмет етеді деген сенімдемін. Сол сенімді ақтайды деген әкімнің бірі 25 тамызда Қопа ауылдық округі әкімдігінде өткен сайлауда таңдалды. Бұл округтің әкіміне бастапқыда 4 кандидат тіркелген. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Екеуі мемлекеттік қызметкер болса, біреуі мұғалім. Дауыс санау барысында 14 бюллетень жарамсыз деп танылса, 11 сайлаушы «Бәріне қарсымын» деген жолда белгі қойған. Сайлау қорытындысымен Есболаев Аралбек Қошмұханұлы сайлаушылардың 265, Жайылқанов Заманбек 87, ал Кандалин Куаныш Аманкелдиевич 26 дауысын жинаған. Сөйтіп 51 жастағы өзін-өзі ұсынған Қопа орта мектебінің директоры Есболаев Аралбек Қошмұханұлы Қопа ауылдық округінің әкімі болып сайланды, - дейді төраға орынбасары.
Сондай-ақ Мұғалжар ауданының Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімінің сайлауы да тартысты өтті. Мұндағы сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 221 азаматтың 132-і дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша Ә.Аманжол сайлаушылардың 11. А.Андакулов 97, ал Б.Турежанов 17 дауысына ие болған еді. Сөйтіп Amanat партиясы ұсынған округтің әкімі, 61 жастағы Андакулов Алимжан Жамиұлы өз орнын сақтап қалды.
- Сайлау барысында өз орнын сақтап қалған әкімдердің бірі – Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Андакулов Әлімжан Жамиұлы. Ол 1963 жылдың 15 мамырында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1980 жылы Родник ауылында қатардағы жұмысшы болып бастаған. 1981 жылы Қызылорда қаласындағы Жамбыл гидромелиарация-құрылыс институтының «Құрылыс инженері» мамандығы бойынша жоғары оқуға түсіп, 1986 жылы тәмамдаған. 1986-1988 жылдар аралығында азаматтық борышын қарулы күштер қатарында өтеген. 1989 жылы Родник ауылында құрылыс мастері болып жұмысқа орналасқан, одан кейін аға прораб, Ембі совхозында директордың орынбасары, «Назерке» шаруа қожалығының жетекшісі болып еңбек етті. Ал 2010 жылдан бастап 2016 жылдар аралығында Бұлақты орта мектебінің спорт жаттықтырушысы болып қызмет атқарды. 2016 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланып, қызмет етіп келеді, -дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Нұрмағамбетова.