Маңғыстау облысында өзін-өзі ұсынған кандидат әкім болды

Oinet.kz 22-07-2024 50

18 тамызда Маңғыстау облысының Маңғыстау және Мұнайлы аудандарындағы Жыңғылды және Батыр ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбіловтың айтуынша, бұған дейін де облыста бірнеше сайлау ұйымдастырылып, округ әкімдерінің құрамы 78 пайызға жаңарыпты. 

Screenshot_46.jpg

- Биыл жыл басынан бері облысымызда 8 ауылдық округ әкімінің сайлауы өткізіліп, ауылдық округтің әкімдерін халық өздері сайлады. Шын мәнінде үлкен өзгерістің басы болған ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау ауданда жалғасып келеді. Бұл ең алдымен ауыл тұрғындарының ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты. Әкім болуға лайықты азаматтар өздерін-өздері ұсынса, саяси партиялар да бұл сайлауда өз азаматтарын ұсынуға мүмкіндік алды. Мәселен,  

18 тамызда өткен Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылы әкімінің сайлауына екі кандидат тіркелген болса, олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округі әкіміне үш кандидат тіркелсе, оның екеуі өзін-өзі ұсынса, үшіншісі саяси партиядан ұсынылған кандидат. Жалпы екі округте өткен сайлауға барлығы 5 кандидат қатысса, оның 4-і өзін-өзі ұсынғандар, - дейді Елубай Жақайұлы. 

Маңғыстау аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес, Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылының әкімін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы негізінде сайлау қорытындыларын белгіледі. Атап айтсақ, Жыңғылды ауылы бойынша сайлаушылар тізіміне 1383 сайлаушы енгізілген болса, олардың 554-і дауыс беруге қатысты. Сайлау бюллетеньдерін санау барысында 30 бюллетень жарамсыз деп танылды. Қарсы дауыс бергендер саны үш. Сайлауда әрбір кандидат үшін берілген дауыстар санына тоқталар болсақ, Маратұлы Әсет сайлаушылардың 449, ал  Сәрсемби Жалғас Сәрсембиұлына 72 дауысына ие болған. Сонымен Жыңғылды ауылының әкімі болып 31 жастағы өзін-өзі ұсынған «Нұрсат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженер Маратұлы Әсет сайланды. 

Ал 18 тамызда Мұнайлы ауданы, Батыр ауылдық округі әкімінің сайлауында Айтбаев Сауыт Нұрғалиұлына сайлаушылардың 43 пайыз дауысын жинап алға шықты. Ал оның қарсыластарының бірі Алигулов Мақсат Бүркітбайұлына сайлаушылардың 15,4 пайыз, Байбузов Болат Шаңдыұлына 38,58 пайыз дауысын жинаған болатын. Сайлау қорытындысымен Amanat партиясы ұсынған 35 жастағы округтің әкімі  Айтбаев Сауыт Нұрғалиұлы Батыр ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

- Айтбаев Сауыт Нұрғалиұлы 1989 жылы 12 ақпанда Түрікменстан Республикасы, Ташауыз облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2010 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы колледжді құқықтану мамандығы бойынша аяқтап, 2013 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің «құқықтану» мамандығын бітірген. 

Еңбек жолын 2008 жылы Жаңаөзен қаласындағы «Құлагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде автокөлік жүргізушісі болып бастаған. 2012-2013 жылдары «Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінде нұсқаушы, 2013 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында «Басқұдық ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман міндетін атқарушы, 2013-2014 жылдары «Басқұдық ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман, 2014-2020 жылдары «Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бас маман болып қызметтер  атқарды. 2020 жылдың 8 қыркүйегінен бастап Мұнайлы ауданы, Батыр ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалды. Енді, кешегі өткен сайлауда халықтың сеніміне қайта ие болып, өз қызмет орнын сақтап қалды. бүгінгі күні жұмысын талапқа сай атқару үстінде, - дейді Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов.

Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданы мен Арқалық қаласында округ әкімдерін халық сайлады
Ақтөбе облысының Алға ауданында екі округ әкімі сайланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу