Атом энергетикасын дамыту елді жаңа дәуірге бастайды

Oinet.kz 19-07-2024 43

Атом электр станциясын салу бойынша жария талқылау елімізде бір жыл бойы жүргізілді. Жария талқылауда халықтың пікірі ескерілмей қалмады. Бүгінге дейін атом электр станциясын салу бойынша референдум қашан өткізіледі деген сұрақ көптің көкейінде тұрған болатын. 

Screenshot_38.jpg

Енді, міне Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында осы мәселеге соңғы нүктені қойды.

Президентіміз өз сөзінде: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын» деп, референдум күнін белгіледі. 

Есте болса, осыдан бірнеше күн бұрын елордамыз Астана қаласында EXPO халықаралық көрме орталығында KazAtomExpo халықаралық ядролық технологиялар көрмесі салтанатты түрде ашылған болатын. Көрмеде атом өнеркәсібін дамытудың негізгі өзекті мәселелері талқыланды. Шарада жетекші әлемдік және қазақстандық сарапшылар, атом саласы мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері және ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдері бас қосты. Көрмеге жиналғандар назарына атом саласындағы соңғы жетістіктер мен үздік технологиялар таныстырылды. 

KazAtomExpo – бұл Қазақстандағы ядролық технологиялар мен атом саласының дамуына арналған ең ауқымды іс-шара. Көрме Қазақстанның атом өнеркәсібі және энергетикасы саласындағы әлеуетін, сондай-ақ атомның ғылыми тұрғыдағы соңғы жетістіктері мен тың технологиясын және интеллектуалдық жаңа деңгейге шығуын көрсетуге бағытталған еді. 

Көрмеде «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰК» АҚ, «Ядролық физика институты» РМК, «Ұлттық ядролық орталық» РМК, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «KARLSKRONA LC AB» сияқты Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жетекші компаниялардың стендтері қойылып, атом энергетика саласының қазіргі жағдайы мен келешегі таныстырылды. Сондай-ақ, аталмыш көрмеде атом саласына қажетті мамандарды даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындарының ғылыми және кадрлық әлеуеті көпшілік назарына ұсынылды. 

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серкітестігінің бас директоры Тимур Жантикин «KazAtomExpo – бұл жай ғана көрме алаңы емес, ол ел дамуындағы аса маңызды қадам. Біз атомды бейбіт мақсатта пайдалана отырып, Қазақстанның атом энергетикасы саласында жетекші орынға шығуына дайын екенін бүкіл әлемге паш етудеміз. Бұл өз кезегінде ынтымақтастық пен аталған салаға инвестиция салудың жаңа перспективаларына жол ашады», - деді. 

Сондай-ақ, көрмеге Қазақстанға АЭС құрылысы бойынша технология жеткізуші – Сhina National Nucler Corporation, Korea Hydro & Nuclear Power Co, Électricité de France, «Росатом» МК сынды шет елдік беделді компаниялар қатысқан еді. Олар өз кезегінде атом саласында қолданатын жаңа технологиялары мен жетістіктерін, ағымдағы жобалары мен жоспарларын жұртшылыққа кеңінен таныстырды. Әсіресе, атом энергетикасы саласында сәтті жұмыс істейтін Samsung және Assystem халықаралық компанияларының стендтерін ерекше атап өткен жөн.

Көрмеде Таяу Шығыс пен Орталық Азия халықаралық жаңа құрылыс энергетикалық жобаларының вице-президенті Гийом Пураве Қазақстанның атом энергетикасы саласының дамуына өз үлестерін қосуға дайын екенін жеткізді. Жалпы, көрмеге қатысушылар ядролық технология саласындағы соңғы жетістіктер: оның ішінде жаңа буын реакторлық қондырғылар, қауіпсіздік және басқару жүйелері, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды басқару технологияларын ұсынды. Одан бөлек, атом ядролық салаға жоғары білікті мамандарды даярлау мәселелері де назардан тыс қалмады. 

Көрмеде көпшілік назарына Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарының бірі Ұлттық ядролық орталықтың ядролық реакторлары - ИВГ1.M және ИГР зерттеу кешені жайлы ақпарат ұсынылды және атом энергетикасы, радиоэкология, термоядролық синтез, геофизика саласындағы жетістіктері мен КТМ токамагынан, зертханалық жабдықтардан және басқа да аспаптар мен қондырғылардан тұратын бірегей ғылыми-техникалық және өндірістік базасы жұмыс істейтіні туралы мәлімет айтылды. 

 – Көрме тақырыбы мен Ұлттық ядролық орталықтың құзыретін ескере отырып, көрмеде ядролық энергия қауіпсіздігі мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлінген. Кәсіпорынның негізгі құзыреттерінің бірі – келешегі бар және қазіргі уақытта қолданылып жүрген атом энергетикалық реакторларының қауіпсіздігін арттыру, халыққа және қоршаған ортаға теріс әсер ету қаупін азайту бойынша жұмыс, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ядролық энергетикалық технологиялардың негізгі әзірлеушілерімен іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Орталық Жапония, Франция, Ресей және тағы басқа жетекші ұйымдармен бірлесіп бірқатар ірі ғылыми жобаларды жүзеге асыруда, - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы Ерлан Батырбеков өз сөзінде.

ҚР ЭМ Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, KazAtomExpo көрмесі ғалымдар мен зерттеушілерге өз жетістіктерімен бөлісуге және бірлескен жобалар үшін жаңа серіктестер табуға тамаша мүмкіндік береді.

Жалпы, қорыта айтқанда KazAtomExpo көрмесі әлемдік атом өнеркәсібіндегі жарқын оқиғаға айналды және Қазақстанның осы саладағы сенімді және перспективалы серіктес мәртебесін растады. Ендігі таңдау халықта. 6 қазанға белгіленген референдумда халық өз таңдауын жасап, елімізде бұл саланың дамуына жол ашады деген сенім басым.

АЭС салуда көшбасындағы елдердің көшінен қалып қоймаумыз керек
Елімізде атом энергетикасын дамыту туралы шешімідер уақытында жасалған игі қадам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу