Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
11 тамызда Қызылорда облысының 3 ауданының 6 ауылдық округінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Атап айтсақ, сайлауға Қазалы ауданының Майдакөл және Сарбұлақ, Сырдария ауданының Қоғалыкөл және Жетікөл, Шиелі ауданының Майлытоғай және Иіркөл ауылдық округтері қатысты.
Қазалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбайдың айтуынша, осы жылдың 21 шілдесінде Қазалы ауданының Майдакөл және Сарбұлақ ауылдық округтері әкімдеріне барлығы 6 кандидат ұсынылған, оның 4-і өзін-өзі ұсынса, екеуін саяси партиялар ұсынған.
- Біздің ауданда үш жыл көлемінде біреше ауылдық округте әкім сайлауы өткізіліп, нәтижесі жаман болмады. Енді, міне 11 тамызға белгіленген екі ауылдық округ әкімінің сайлауын да талапқа сай өткізіп отырмыз. Сонымен Майдакөл ауылдық округі бойынша тіркелген 3 кандидаттың екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Соның бірі – Баймұрат Ақтілеу Байқадамұлы. 30 жастағы ол Аранды ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Екінші кандидат – Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қожахмет Алпысбай Балғабайұлы. Ал Amanat партиясы ұсынған кандидат аталған ауылдық округтің әкімі Курманбаев Конысбек Ктабияевич.
Қазалы ауданындағы №84 және №88 учаскелік сайлау комиссияларының ұсынған дерегіне сәйкес сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 73,22 пайызы сайлау бюллетеньдерін алды, оның ішінде Майдакөл ауылдық округі бойынша 70,74 пайызды құрады. Учаскелерде дауыс беру Қазақстан Республикасы сайлау туралы Заңының талаптарына сәйкес өтті, құқық бұзушылықтар анықталған жоқ, арыз-шағымдар түскен жоқ. Сонымен сайлау қорытындысында сайлаушылардың басым дауысына ие болған Курманбаев Конысбек Ктабияевич сайланып, өз орнын қайта сақтап қалды, - дейді комиссия төрағасы Нұрлан Аманкелдіұлы.
Сарбұлақ ауылдық округі бойынша да тіркелген кандидаттардың саны үшеу. Оның біреуін Amanat партиясы ұсынса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі – Жаңабай Руслан Алпысұлы. 1979 жылы туған ол Сарбұлақ ауылдық округінің әкімі. Сайлау заңына сәйкес оның өзі қызмет ететін округ бойынша тағы бір сайлауға қатысуға заң аясында мүмкіндігі бар. Ал өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – 1976 жылы туған, Бозкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жұмағали Алтынбек Бахытұлы. Екіншісі – 1991 жылы туған, Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Кожаназаров Канат Аскарович.
Мұнда сайлауға сайлаушылардың 88,89 пайызы қатысып, өз таңдауын жасады. Сонымен сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың басым дауысына ие болған округтің әкімі, 45 жастағы Жаңабай Руслан Алпысұлы өз орнын сақтап қалды.
- Бүгінгі күні ауылдық округ әкімдеріне жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр. Оларға қойылар талап та жоғары. Мемлекеттік жобалар мен бағдарламалардың ауылдық округтерде жүзеге асырылуына да округ әкімдері жауапты. Оның сыртында округ тұрғындарының тәртібі, заң тәртібін сақтауы мен ауыл-аймақтың тазалығы бар. Сондықтан да, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Ауылдық округ әкімі «Ауыл аманаты» жобасын орындау, ағын су мәселесін шешу, су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау ісіне айрықша көңіл бөлуге тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау және жаңа бизнес идеяларды іске асыру, ауылдың мүмкіндігін ескере отырып туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға міндетті. Міне, осы міндеттерді өз орнын сайлауда сақтап қалған Майдакөл және Сарбұлақ ауылдық округтерінің әкімдері бұдан арықарай да жүзеге асырады деген сенімдеміз, - дейді Қазалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманкелдіұлы.