Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 2024 жылғы 4 тамызға тағайындалған әкімдердің сайлауы Ақжайық ауданының Алғабас, Казталов ауданының Бірік ауылдық округтерінде жоғары деңгейде өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаковтың айтуынша, 4 тамызда өткен қос аудандағы округ әкіміне барлығы 6 кандидат тіркелген. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар.
- 4 тамызда өткен сайлауға тіркелген кандидаттардың 5-і мемлекеттік қызметшілер, біреуі уақытша жұмыссыз. Тіркелген кандидаттардың орта жасы 36,6 жас, ең жас кандидат 32 жаста, жасы үлкені 47 жаста. Екі кандидат ауылдық округтің тұрғыны болса, 4-і аудан аумағында тұрады. Жалпы ауылдық округ әкімдерін сайлау – өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Мәселен, Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округінде өткен сайлауға сайлау округінде тізімге енгізілген 883 азаматтың 602-і, яғни округ тұрғындарының 68,18 пайызы қатысып, дауыс берген. Сайлау қорытындысында сайлаушылардың басым дауысына ие болған Ескалиев Рысбек Ерболатұлы сайланды, - дейді комиссия төрағасы.
Ал Казталов ауданы Бірік ауылдық округі әкімі сайлауына тоқталар болсақ, мұндағы сайлау округінде сайлаушылар тізіміне енгізілген 649 азаматтың 339-ы қатысты. Бұл жалпы округтегі сайлаушылардың 52,23 пайызын құрайды. Өзін-өзі ұсынған 3 кандидаттың ішінен Жакиев Жігер Темірбекұлы сайлаушылардың басым дауысын иеленді. Сөйтіп Бірлік ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл әкімдері сайлауы өңірімізде жалғасын тауып келеді. Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге біздің аудандардың халқы немқұрайды қарамай, үнемі белсенділік танытып келді. Өткен сайлауларда да жерлестерімнің дәл сондай белсенділік танытқанын өз көзімізбен көрдік. Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы – туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Енді алдағы айда, дәлірек айтсақ, 15 қыркүйекте 5 ауданның 7 ауылдық округінде сайлау өткізгелі отырмыз. Ол округ әкімі сайлаулары 4 тамызда өткізілген сайлау сияқты ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен өтеді деген сенімдеміз, - дейді Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Хамедулаұлы.