Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Возвышен және Новоселов ауылдық округтерінде 4 тамызда жаңа әкімдер сайланды. Мұндағы ауыл әкіміне үміткерлердің жалпы саны 6-у болса, оның 5-еуі әйел болатын. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Данияр Шайкеновтың айтуынша, қос округте де сайлау тартысты өткен.
Жыл басынан бері ауданда 5 сайлау өткізіліп, әкімдер халықтың тікелей сайлауы арқылы сайлануда. Соңғы өткен сайлауда әйелдердің басым болуы округ тұрғындарын да таңдандырмай қоймады. «Мұның соңы қалай болар екен» дегендер де жоқ емес. Әрине, әйел адамдарының билікке араласуы, әкім болуға, ел басқарып, қоғам жұмысына үлес қосуға деген үлес арта түскені жақсылықтың нышаны деп бағалапты ауыл тұрғындары.
Жалпы сайлау қарсаңында Возвышен ауылдық округтері бойынша тіркелген кандидаттың бірі Новоселов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Надежда Константинова Құрманбаева. Екіншісі аудан әкімдігі экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Мария Вячеславовна Мазур болса, үшінші кандидат Көкалажер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Елена Александровна Сандерс.
Ал Новоселов ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде тіркелген үш кандидаттың бірі аудан әкімі аппаратының жалпы мәселелер жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы Әсемгүл Ереженқызы Елікпаева. Екіншісі Червонный ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Евгения Владимировна Офицерова. Үшінші үміткер Новоселов ауылдық округінің әкімі Сергей Всмильевич Спасибушкин болды.
- Жоғарыда айтқанымыздай, кандидаттардың арасындағы бәсеке жоғары болды. Әкім болуға үміткерлердің барлығы да өздерінің сайлауалды бағдарламасында ауылды көтерудің сан түрлі жолдарын қарастырып, тың идеялармен және ұсыныстармен келді. «Бап шаба ма, бақ шабама» демекші үміткерлерді халық таңдады. Өздері қалаған әкімге дауыс берді. Мәселен, Возвышен ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 511 азаматтың 359-ы сайлауға қатысты. Сайлау қорытындысында Н.Құрманбаева сайлаушылардың 42, М.Мазур 56, Е.Сандерс 199 даусына ие болды. Сөйтіп өзін-өзі ұсынған Көкалажар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Елена Александровна Сандерс Возвышен ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Ал Новоселов ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміндегі 1332 азаматтың 876-і дауыс берді. Мұнда 30 бюллетень жарамсыз деп танылса, 42 азамат барлығына қарсы дауыс берген. Сайлау қорытындысында Ә.Елікпаева 127, Е.Офицерова 59, ал С.Спасибушкин 618 дауыс алған. Сөйтіп Amanat партиясы ұсынған 39 жастағы Сергей Васильевич Спасибушкин өз орнын сақтап Новоселов ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланды, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Данияр Шайкенов.