Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Жетісу облысында 4 тамыз күні Алакөл мен Сарқан аудандарының Арқарлы мен Лепсі ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Алакөл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сатай Бекболатовтың айтуынша, жалпы жылынан бері Алакөл ауданында 5 сайлау өткізілген. Оның бірі 21 шілде күні, екіншісі 4 тамызда өтіп отыр екен.
- Биыл сайлау Алакөл ауданында 3 наурызда, 19 мамыр мен 9 маусымда, одан кейін 21 шілде мен 4 тамызда бірнеше ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Мәселен, 21 шілде күні Сапақ ауылдық округі әкімдігінде өткен сайлауға 2 кандидат қатысты. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі – 1970 жылы туған, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы, мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерболат Жолдасқанұлы Биекбаев болса, екінші кандидат 1990 жылы дүниеге келген, Көлбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмас Амантайұлы Құтымбеков. Бұл сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 461 азаматтың 348-і дауыс берді. Дауыс санымен Биекбаев Ерболат Жолдасканұлы алдыға шықты. Ол сайлаушылардың 281, ал қарсыласы Кутымбеков Алмас Амантайұлы 36 дауысын жинаған болатын. Сайлау нәтижесімен Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерболат Жолдасқанұлы Биекбаев Сапақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сөйтіп, әкім куәлігін қолына алған күні-ақ ол өз қызметіне кірісіп кеткен болатын, - дейді Сатай Бекболатов.
Ал 4 тамыз күні өткен Арқарлы ауылдық округі әкіміне 3 кандидат тіркеліп, сайлауға қатысты. Олардың екеуі өзін-өзі ұсынса, саяси партиядан ұсынылған кандидат біреу. Өзін-өзі ұсынғандардың бірі – 34 жастағы Ақжар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Тимур Шыңғысханұлы Жарахмет. Екіншісі – Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Руслан Алимғазыұлы Өмирбеков. Amanat партиясы сенім білдірген кандидаттың есімі Ержан Талғатұлы Қоңыров. Ол Арқалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Бір атап өтерлігі округ әкім лауазымына кандидат ретінде тіркелген азаматтардың барлығы 1990 жылы дүниеге келгендер.
- Арқарлы сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 325 азаматтың 257-і сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Сайлау бюллетеньдерін санау барысында 5 бюллетень жарамсыз деп табылса, «Барлығына қарсы» деген жолда 7 сайлаушы белгі қойған. Ал жалпы сайлау барысында Жарахмет Тимур Шыңғысханұлы сайлаушылардың 14, Коныров Ержан Талгатұлы 209, Умирбеков Руслан Алимгазинұлы 22 дауысына ие болды. Арқарлы ауылдық округінің әкімі болып Коныров Ержан Талгатұлы сайланды. Сөйтіп Amanat партиясынан ұсынылған аталған округ әкімі аппаратының бас маман жеңіске жетті. Бір атап өтерлігі 2011 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген Ержан Талгатұлы осы округ әкімі аппаратына 2014 жылы жұмысқа қабылданыпты. Мұнда он жыл бұрын іс қағаздарды жүргізу жөніндегі бас маман болып қабылданған бұл қызметін сайлауға дейін бір орында атқарып келген. Бір орында10 жыл отырған азамат аудан активінде көпшілікке таныстырылды. Бүгінгі күні ол өзіне жүктелген міндеттерді аброймен атқаруда, - дейді Алакөл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сатай Бекболатов.