Абай мен Ақтоғай аудандарында өткен сайлауда округтің бұрынғы әкімдері өз орындарын сақтап қалды

Oinet.kz 11-07-2024 46

4 тамыз күні Қарағанды облысының 6 ауданындағы 7 ауылдық округте әкім сайлауы өтті. Қарағанды облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сандуғаш Асылбекованың айтуынша, халық Абай ауданының Юбилейное, Ақтоғай ауданының Ортадересін, Бұқар жырау ауданының Ботақара кенті, Қарқаралы ауданының Ынталы, Осакаров ауданының Батпақты және Николаев, Шет ауданының Ақой ауылдық округтерінің әкімдерін сайлаған. 

Screenshot_15.jpg

Алдымен Абай мен Ақтоғай аудандарында өткен округ әкімдерінің сайлауына тоқталсақ. Осы жылдың 14 шілде күні Абай ауданының аудандық сайлау комиссиясының отырысы өтті, онда «2024 жылғы 4 тамызға тағайындалған Абай ауданының Юбилейное ауылының әкіміне кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы» шешім қабылданды. Сайлау комиссиясының төрағасы Н.Кенжебаевтің айтуынша, Абай ауданы Юбилейное ауылы әкіміне 3 кандидат тіркелген. Тіркелген кандидаттардың екеуі әйел адам. Мамандықтары бойынша кандидаттың 2-і оқытушы, 1-і агроном. Барлығы да мемлекеттік қызметші, оның бірі осы округтің әкімі. 

- 4 тамыз күні Абай ауданының Юбилейное ауылында өткен сайлау учаскесіне сайлаушылардың 80,8 пайызы келіп дауыс берді. Жалпы сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне енген 792 сайлаушының 640-ы өз таңдауларын жасады. Сайлау бюллетеньдеріне 3 кандидат енгізілді, оның ішінде Amanat партиясынан енгізілген бір, ал өзін-өзі ұсынған екі кандидат бар. Сайлауға 1 бақылаушы, кандидаттардың 3 сенімді өкілі қатысты.

Сайлау бұзушылықсыз, талаптар мен санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті. Прокуратура органдарына шағымдар мен өтініштер түскен жоқ, соттарға талап-арыздар енгізілмеді. Сайлау барысында Amanat партиясы ұсынған кандидат округтің бұрынғы әкімі Байтұрсынов Еркн Хасенұлы сайлаушылардың 535 дауысын, яғни сайлаушылардың 86,99 пайыз сеніміне ие болды. Ал өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі Садикова Айнагүл Рамазанқызы сайлаушылардың 39, Ахметова Анар Жеңісқызы 41 дауысын жинады. Дауыс бюллетендерін санау барысында 10 сайлаушы бәріне қарсы дауыс берсе, 10 бюллетень жарамсыз деп танылды. Сайлау қорытындысы бойынша Юбилейное ауылының әкімі болып Байтұрсынов Еркн Хасенұлы сайланды. Ол аудан әкімдігі аппаратында аудан әктивіне таныстырылып, куәлік берілді. Бүгінгі күні округ әкімі өз міндетіне кірісіп, сайлауалды бағдарламасында айтқан міндеттер мен жоспарларын жүзеге асыруда, - дейді сайлау комиссиясының төрағасы Н.Кенжебаев.

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау Ақтоғай ауданында да өз жалғасын тапты. Жалпы Ақтоғай ауданы Ортадересін ауылдық округінің әкіміне барлығы 3 кандидат ұсынылса, оның ішінде саяси партиялардан - 1, өзін-өзі ұсыну тәртібімен – 2 кандидат ұсынылған болатын. Ұсынылған кандидаттардың орташа жасы – 41 жас. Ең жас үміткер 37 жаста, үміткерлер арасында ең үлкені 60 жаста. 

- Бұған дейін 9 маусымда Ақтоғай ауданының Абай және Сарытерек ауылдық округтерінде округ әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өткізілген болатын. Қос ауылдық округ бойынша 6 кандидат тіркелді. Атап айтсақ, Абай ауылдық округі бойынша тіркелген кандидаттың бірі – Сарытерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Игибеков Нұртілек Ерменбетұлы, ол өзін-өзі ұсынды. Екінші кандидат – «Алаш Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Майлыбаев Ердос Рахметоллаұлы. Оны сайлау додасына «Amanat» партиясы қосты. Үшінші кандидат – Ақтоғай ауданы әкімінің аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Смағұлов Нұрбол Нұрмбекұлы. Ол өзін-өзі ұсынған болатын. 

Ал Сарытерек ауылдық округі бойынша тіркелген Алибаев Алтай Баймағанбетұлы Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. Омарбеков Данияр Төлегенұлы болса Ақтоғай ауданы әкімінің аппаратының мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің басшысы. Бұл екеуі өз-өздерін ұсынғандар. Ал  Серкебаев Қанат Рахметоллаұлын «Amanat» партиясы ұсынған. Ол бұған дейін осы округтің әкімі болған.  9 маусымда өткен сайлау қорытындысыда Абай ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 131 азаматтың 128-і сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Сайлауға мұнда бар болғаны 3 сайлаушы ғана қатыспаған. Сайлау қорытындысы бойынша, «Алаш Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы, «Amanat» партиясының ұсынған кандидаты Майлыбаев Ердос Рахметоллаұлы Абай ауылдық округі әкімі болып сайланды. Сарытерек ауылдық округі сайлаушылар тізіміне енген 402 азаматтың 363-і сайлауға қатысып дауыс берген. Сайлау қорытындыларымен Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылдық округі әкімі болып 1973 жылы дүниеге келген, округтің бұрынғы әкімі Серкебаев Қанат Рахметоллаұлы өз орнын сайлап қалған болатын. Енді Ортадересін ауылдық округінде 4 тамыз күні өткен сайлау да әділ өтіп, халық өз таңдауын жасады, - дейді комиссия төрағасының орынбасары Сандуғаш Асылбекова. 

Сонымен Ақтоғай ауданы Ортадересін ауылдық округі әкімінің сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енген 255 азаматтың 233-і сайлауға қатысып, дауыс берген. Сайлау қорытындысында Д.Әубәкіров сайлаушылардың 18, А.Жармағанбетов 17, ал С.Кркруов 162 дауысына ие болды. Барлық кандидатқа қарсы 29 сайлаушы дауыс берген. 

Сайлау қорытындыларымен Ақтоғай ауданы Ортадересін ауылдық округі әкімі болып округтің әкімі, 1964 жылы дүниеге келген Кркруов Сейтқали Бейсембайұлы сайланды. Бүгінгі күні ол өз міндетіне кірісіп кетті. 

Маңғыстау облысында кандидаттардың есімдері белгілі болды
Бұқар жырау ауданында Ботақара ауыл әкімі халық сеніміне қайта ие болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу