Екі саяси партиядан кандидат ұсынылған сайлау тартысқа толы болды

Oinet.kz 09-07-2024 54

Еңбекшіқазақ ауданындағы Ташкенсаз ауылдық округі бойынша сайлаушылар саны 3021 адамды құрайды. Бұл округте 28 шілде күні өткен сайлауға оның 1675-і қатысып, өз таңдауларын жасаған. Яғни, Ташкенсаз ауылдық округі халқының тең жарымы сайлау учаскесіне келіп, саяси науханға араласып, дауыс берген. 

Screenshot_9.jpg

Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Әмірденовтың айтуынша, Ташкенсаз ауылдық округіне барлығы 3 кандидат ұсынылған. Бір кандидат өзін-өзі ұсынса, келесі кандидатты Amanat партиясы, үшінші үміткерді «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған болатын.  

- Биыл жыл басынан бері біздің ауданда 6 ауылдық округ әкімінің сайлауы өткізіліп, ауылдық округтің әкімдерін халық өздері сайлады. Шын мәнінде үлкен өзгерістің басы болған ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау ауданда жалғасып келеді. Бұл ең алдымен ауыл тұрғындарының ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты. Әкім болуға лайықты азаматтар өздерін-өздері ұсынса, саяси партиялар да бұл сайлауда өз азаматтарын ұсынуға мүмкіндік алды. Мәселен, Ташкенсаз ауылдық округіне ұсынылған кандидаттардың екеуі саяси партиялардан ұсынылған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған бір азамат. Ол Бартоғай ауылдық округі әкімінің орынбасары, 34 жастағы Эльдар Ризаевич Якубов. Ал Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі Адылжан Алимович Надыров. 1977 жылы туған ол Х.Абдуллин атындағы орта мектебінің құқықтық тәрбие жөніндегі менеджері. «Қазақстан халық партиясы» болса Еңбекшіқазақ ауданының экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Самат Даутбайұлы Буянбаевтың кандидатурасын қолдап отыр, - дейді Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Әмірденов. 

Жалпы Ата Заңымызға енген өзгерістер бүгінгі таңдағы сайлау жүйесіне соны серпіліс алып келгені белгілі. Бұл демократияның бір көрінісі. Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Міне, осындай саяси партиялар араласқан Ташкенсаз ауылдық округінде өткен әкім сайлауы тартысқа толы болды. Жоғарыда айтқанымыздай, ауылдық округтің сайлаушылар тізіміне енген 3021 азаматтың 1675-і сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Оның ішінде 41 азамат таңдауын заң талабына сәйкес дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде жасады. Ташкенсаз ауылдық округі әкімінің сайлауының қорытындысы белгіленіп, сайлауға қатысқан кандидаттар, атап айтсақ, Буянбаев Самат Даутбайұлы сайлаушылардың 131, Надыров Адылжан Алимович 1448, ал Якубов Эльдар Ризаевич 76 дауысына ие болған. Сонымен Ташкенсаз ауылдық округінің әкімі болып Amanat партиясы ұсынған, 47 жастағы Надыров Адылжан Алимович сайланды. 

- Ауданымыздың Ташкенсаз ауылдық округінің әкімі болып сайланған Надыров Адылжан Алимович аудан активіне таныстырылды. Ол 1977 жылдың 30 тамызында Есік қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын ҚР Қарулы күштерінде қызмет етуден бастап, әртүрлі әскери лауазымда 2021 жылға дейін қызмет еткен. 2002-2006 жылдар аралығында Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК әскери институтын, 2015-2018 жылдар аралығында РФ Омбы қаласының Педогогикалық Университетінің магистратурасын бітірген. Ал 2022 жылдан осы уақытқа дейін Ташкенсаз ауылының Х.Абдуллин атындағы орта мектебінде құқық тәрбие менеджері қызметін атқарып келді. Оған аудан активінде Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байедилов округ әкімі куәлігін тапсырып, жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен бірге алға қойылған міндеттермен таныстырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін арттыру бойынша тапсырмалар берді, - дейді  Е.Әмірденов.

Бөлек ауылдық округі әкімі сайланды
Қостанай облысында 6 ауданда 11 ауылдық округ әкімі сайлауы өткізіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу