Қызылағашта 48 жастағы әйел әкім болды

Oinet.kz 08-07-2024 71

Аққулы ауданы Қызылағаш ауылдық округі әкімінің сайлауы да 28 шілде күні талапқа сәйкес өткізілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжанат Калиеваның айтуынша, Қызылағаш ауылдық округі әкімі лауазымына үш кандидат ұсынылыпты. Оның бірін саяси партия ұсынса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Бір атап өтерлігі округ әкімінен үмітті болған кандидаттардың барлығы әйел азаматтар. 

Screenshot_5.jpg

«Әкім болуға әркімнің құқығы бар. Сол үмітпен тіркелген кандидаттың бірі – 33 жастағы Аққулы ауданы әкімі аппаратының бас маманы Айгүл Амангелдіқызы Ажикенова. Екінші кандидаттың есімі Динара Табылдинқызы Калиакпарова. 47 жастағы ол Аққулы ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істеген. Оның кандидатурасын ұсынған Amanat партиясы. Үшінші кандидат – 28 жастағы Ямышев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Назира Қуатқызы Темірбулат. Көріп отырғаныңыздай барлығы да мемлекеттік қызмет саласында жүрген азаматтар», - дейді комиссия төрағасы. 

Кандидаттардың осалы жоқ. Барлығы да өз жұмысын жақсы біледі. Ендігі кезекте өздерін басшы қызметте сынап көргілері келген олар сайлауалды бағдарламаларында ауылдың экономикалық әлеуетін көтеруге басымдық берген. Сайлау бюллетеніне енген кандидаттардың арасынан халық өздері жөн көрген әкімді дауыс беру арқылы сайлады.  

- Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Өйткені, сайлау елді біріктіретін, ойды тоғыстыратын сын мен сынақтан әбден ысылған саяси құрал. Ал, бұл сайлаудың негізгі идеясы еліміздің баға жетпес қазынасы бірлік пен ынтымақтың, татулық пен келісімнің маңына топтасу идеясы. Соның бастауында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы тұр. Соның ішінде Павлодар облысының Аққулы ауданы Қызылағаш ауылдық округінің тұрғындары да ауылдық округ әкімін сайлауына белсене қатысып, өз таңдауларын жасауда өзге округтерге үлгі көрсетті. Бұл округте сайлаушылар тізіміне енген 349 азаматтың 265-і сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Ал сайлау учаскесінен тыс жерде 10 адам дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Сайлауға түскен кандидаттар арасында дауыс төмендегідей бөлінді. Атап айтсақ, Динара Калиакпарова сайлаушылардың 161, Айгүл Ажикенова 24, ал Назиры Темірбулат 17 дауысын иеленді. Мұнда «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньге 57 адам белгі соққан. Жалпы сайлау қорытындысы бойынша Қызылағаш ауылдық округі әкімі болып Amanat партиясы ұсынған Динара Табылдинқызы Калиакпарова сайланды, - дейді Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжанат Калиева.

Павлодар қаласы Мойылды ауылы әкімі өз орнын сақтап қалды
Ұзынбұлақ ауылдық округінде халық сенімі нығая түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу