Дүкен жұмысы қайнап жатыр

Oinet.kz 02-09-2024 82

 Screenshot_1.jpg

Сайрамда халық саны жылдан-жылға артып келеді. Сайрамда көпбалалы отбасылар өте көп. Әр бала өз несібесімен туады демекші, Сайрамда халық саны артқан сайын кәсіпкерлік нысандар саны да артып жатыр. Себебі тұтынушы көп болған жерде, жаңа кәсіп орындары ашылады. Яғни кәсіп банкрот болмайды. Өйткені оның саудасын жүргізетін халық көп. Осыған орай Сайрамда сауда-саттық жақсы көрсеткіште. Сайрамда сауда жасауға көршілес аудандардан, атап айтқанда, Түлкібас, Төлеби, Ордабасы, Қазығұрттан келетін клиенттер аз емес. Сайрамда баға өзге аудандарға қарағанда арзанырақ. Өйткені сайрамдық дүкендерді жергілікті кәсіпкерлер қажетті азық-түліктермен қамтамасыз етеді. Сондықтан да мұнда бағаның төмен болуы заңды.

Сайрамда «Жетписбай ата» жеке кәсіпкерлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында «Нұрбанк» АҚ-нан азық-түлік дүкенін кеңейтуге несие алған болатын. «Turkistan» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Сайрам аудандық бөлімі мамандары кәсіпкерге тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін қажетті құжаттар тізімін жинақтауына көмек көрсетіліп, бизнес жоспары әзірленген еді. Міне сол кезде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген «Жетписбай ата»  дүкенінің саудасы бүгінге жақсы жүріп тұр. Жеңілдетілген несиеге «Жетписбай ата» ЖК еңселі ғимарат салып, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізді. Дүкенге қажетті сөрелерді сатып алып, тоңазытқыш, мұздатқыш, кондиционер секілді техникалармен қамтыды. Және ең бастысы дүкендегі тауар ассортиментін көбейтті. Яғни мұнда келген клиент кез-келген азық-түлікті таба алады. Әдеби тілмен айтқанда құс сүтінен басқасының бәрі бар. Сондықтан да олар ірі дүкен желілерін іздеп алысқа шабылмайды. «Жетписбай Ата» дүкенінде бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Тауарды түсіріп, оны сөреге қоятындар, азық-түліктің сапасын тексеріп жүретін қызметкерлер, кассиерлер мен түрлі техникалық қызметкер мұнда нәпақасын тауып отыр. Олар дүкенге келген клиентке жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Келген клиент разылығын айтып кетеді.

Screenshot_2.jpg

Дүкен басшысының айтуынша, дүкен жеңілдетілген несиенің арқасында жаңа деңгейге шыққан. Мемлекет тарапынан қолдау болса дамымайтын кәсіп жоқ. Бүгінде мемлекет жеке кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкерлерге арналған несиенің арқасында көптеген кәсіпкерлерін жұмыстарын жүйелеп жолға қойып алды. Үкімет тарапынан мұндай қолдау тоқтмаса, ауыл-аймақтардағы жеке кәсіпкерлер жақсы бизнес жобаларымен шығып, еліміздің дамуы үшін белсенді жұмыс істей береді. Қазір көптеген жеке кәсіпкерлерге алақандай кәсібін масштабқа шығару үшін төмен пайызден ірі көлемде несие беру қажет. Мұндай несие кәсіпкерді аяғынан тұрғызады. Ал аяғынан тұрған кәсіпкер мемлекетті аяқтан тұрғыза алатын күшке ие. Кәсіпкерлігі дамыған мемлекет тау қопаратын деңгейге жетеді. Жанымыздағы Қытай мемлекеті жеке кәсіпкерлердің қарқынды жұмысының арқасында әлемдегі экономикасы ең жоғары елдердің біріне айналып отыр.

Сайрам ауданы да Түркістан облысындағы кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып жатқан аудандардың қатарына кіреді. Сайрам тек Түркістанға емес, республикаға танымал десек артық айтқандық емес. Себебі Сайрамда кәсіпкерлерге қолдау көп. Кәсіпкерлер де мемлекеттің қолдауына мастанбай, масылдық танытпай, жауапкершілікпен қарап, жұмысына адал қарауда. Нәтижесінде адал жұмыстың арқасында берекеге кенеліп отыр. Еңбектің наны тәтті демекші, кәсібін адал істеп отырған жеке кәсіпкерлер ауданның шырайын кіргізіп отыр. Сайрамға кіре берістен-ақ қайнап жатқан тіршілікті көріп, жаныңыз жай табады.

Пластик есік-терезе жасап шығаратын цехын кеңейтті
Өңірді сапалы есік-тереземен қамтамасыз етіп отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу