Пластик есік-терезе жасап шығаратын цехын кеңейтті
Сайрамда өндірістік кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде даму үстінде. Сайрамда тек ет-сүт, азық-түлік өндірісі ғана емес, түрлі техникалық, тұрмыстық өндіріс ошақтары да бар. Осы арқылы сайрамдық кәсіпкерлер халықты тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отыр. Осы орайда сайрамдық кәсіпкерлер белсенді түрде жұмыс істеп, халыққа қажетті тауарларды шығаруға күш салып жатыр.
Биыл Ақбұлақ ауыл тұрғыны Мақсат Керимбеков «ЫРЫС» МҚҰ-нан жылдық 2,5 пайызбен «Пластик терезе» цехын ашу мақсатында несие алған еді. Ол бұған дейін пластик терезе шығарумен ұзақ жыл айналысты. Дегенмен уақыт өте келе ол кәсібін кеңейтуді ойлады. Себебі жылдан-жылға пластик терезеге деген сұраныс көбейді. Ал сұранысты қанағаттандыру үшін кәсіпкердің тар цехы мүмкіндік бермеді. Кәсіпкер ұзақ уақыттан бері цехты кеңейту жолдарын іздеді. Дегенмен барлық мәселе қаржыға келіп тірелді. Жаңа орынды жалға алып, оны қажетті құрал-жабдықтармен, шикізаттармен қамту, жұмыскерлерге жалақы төлеуге көп қаржыны талап етті. Осы орайда ол айналасындағы адамдар қарыз сұрап, инвестор іздеді. Бірақ көпшілігі бұл жобаға күмәнмен қарап, бас тартты. Сол кезде Мақсат Керимбеков «Ауыл Аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты бойынша мәліметтерге тап болды. Яғни бұл бағдарлама ауылдық округтердегі жеке кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие береді екен. Ол үшін жеке кәсіпкер бизнес жоспар жазып, оның тиімділігін комиссия мүшелері алдында қорғап шығу керек. Бұл мемлекет қаржысын талан-таражға салмас үшін, жоба шикі болса, оны әрмен қарай пісіру үшін құрылған. Комиссия мүшелерінің ұсынысымен Мақсат Керимбеков бизнес жобасын дамытып, ақыры жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Жеке кәсіпкер бұл қаржыға цехын өзі ойлағандай жаңа сатыға шығарды. Қазір ол пластик есік-терезенің түр-түрін шығарады. Қазір ауданда жаңадан үй көтеріп, қора-жай салып жатқандар өте көп. Және де ауданда түрлі кәсіптік нысандар қарқынды түрде салынып жатыр. Құрылыс қарқыны қатты. Оның бәріне есік-терезе қажет екені белгілі. Көпшілік бағасы арзан, бірақ сапасы жоғары пластик есік-терезе іздейді. Шетелдік өнімдердің бағасы қымбат. Сонда оларда жергілікті кәсіпкердің өнімі келеді. Екі тарап келіскен соң, Мақсат Керимбеков оларды көтерме бағада пластик есік-тереземен қамтамасыз етеді. Осылайша екі тарап та пайдаға кенеледі десек болады. Бірақ ең бастысы ақша ауданның өзінде қалады. Шетелдік компанияларға кетпейді. Ақша өзімізде қалса, бұл үкіметке салық түседі деген сөз. Және ақша айналымда болып, экономиканың тамырына қан жүгіртеді.
Жалпы пластик есік-терезе өндірісі елімізде жедел дамып жатыр. Қазір барлық нысандар пластик есік-терез қояды. Бұрынғыдай ағаш есік-терезе қоймайды. Себебі пластик есік-терезе өте қолайлы. Олар бөлмеге қыста суықты, жазда ыстықты кіргізбей, жылы температураны сақтап тұрады. Сондықтан да пластикке деген сұраныс қатты артқан. Мысалы кез-келген қызмет көрсету орнына, атап айтсақ, шаштараз, дүкен, қойма, базар секілді жерлерге барсаңыз, барлығында пластик есік-терезе. Оны адамдар оңай ашып-жауып жатыр. Одан сынып, бүлініп жатқан есік жоқ. Яғни пластиктер өте төзімді. Олар болмашы нәрсеге сына қоймайды. Ағаш, әйнек есіктер күтімді талап етеді. Ал пластикке күтім қажет жоқ, барлық ауыр сынаққа шыдап береді. Сондықтан да адамдар адам көп жүретін, көп келетін мекемелерге пластик өнімдерін тұтынады.
Осыған байланысты кәсіпкерлер де пластик цехын көптеп ашып жатыр. Олардың арасында Мақсат Керимбеков секілді азаматтар дер кезінде кәсібін кеңейтіп, бәсекелесікке төтеп беріп отыр. Мақсат тек аудан тұрғындарын емес, Түркістан облысы мен оған жатқан Жамбыл, Қызылорда облыстарын да өзінің сапалы тауарларымен қамтуды көздеп отыр. Осы арқылы ол тек өз отбасын асырап қоймай, өңіріміздің әлеуетін арттырып, донор облысқа айналдыруға тамшыдай болсын үлес қоспақ.
Ол алдағы уақытта мол тапсырыстың арқасында мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несиені қысқа мерзімде өтеуге ниеттеніп отыр.