Отырарда жаңа әкім

Oinet.kz 06-07-2024 421

Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлаушылардың сайлау процесіне тікелей араласуына, өз таңдауын жасауына және олардың жергілікті жерлерде атқарушы органдардың шешім қабылдау процестеріне қатысуға толық мүмкіндіктер береді. Мұндай оң өзгерістер өңірдегі саяси партиялармен қоғамдық ұйымдардың да жұмысын жандандыруға ықпал ететіндігі белгілі. Міне, соның жемісі ретінде 21 шілде күні Түркістан облысы Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Маяқұм ауылдық округіне өткен сайлаудан көруге болады. 

Screenshot_108.jpg

Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Жубаевтың айтуынша, Маяқұм ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне енген 1930 азаматтың 1346-ы сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасаған. 

«Тағыда бір айта кететін мәселе, сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге әр түрлі тараптардан қатысатын байқаушылардың рөлі үлкен болды. Мәселен, бұған дейін ауданымызда өткен сайлаулар барысында көп тәжірбие жинақтадық. Жалпы сайлау туралы заңда сайлау учаскелерін сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергілікті және өзге жағдаяттар ескеріле отырып құру айқындалған. Бүгінгі күні, ауданда құрылған барлық сайлау учаскелері заң талаптарына сәйкестендірілген. Бұл учаскелердің барлығында сайлаушыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың учаскеге келіп дауыс беруіне толықтай жағдай жасалынған. Сайлау комиссиялары сайлаушылармен жұмыс істеуде жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілердің мүмкіндіктерін пайдалануда. Мысалы, кешегі саяси науқандарда Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен азаматтарды сайлау туралы барынша құлақтандыру шаралары ұялы байланыс операторларымен СМС хабарламалар тарату арқылы жүргізілді. Осының аясында сайлаушылардың 72 пайызы қатысып, дауыс берді, - дейді комиссия төрағасы. 

Жалпы бастапқыда Маяқұм ауылдық округі әкімі лауазымына 30 маусым күні 3 кандидат тіркелген. Үш кандидат та өзін-өзі ұсынған. Оның бірі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Түркістан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті құрылымдық статистика басқармасының бас маманы Руслан Құлмаханұлы Ілесбек. Екіншісінің есімі Нұрлыбай Орынбайұлы Жүнісбек. 1996 жылы дүниеге келген ол Отырар ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің секторы. Ал үшінші кандидат Мияқұм ауылдық округі аппаратының бас маманы, 1964 жылы туған Жаңабек Алтынбекұлы Рахым. Сайлау қарсаңында үміткердің бірі Жаңабек Рақым сайлауға қатысудан бас тартып, өз кандидаттығын тізімнен алдырды. Сонымен сайлау бюллетеньіне қалған екі кандидат енгізілді. Сайлауға қатысқан 1346 сайлаушының 13-і үй-жайдан тыс жерде дауыс берді. 

Екі үміткердің бірі Жүсіпбек Нұрлыбай Орынбайұлына сайлаушылардың 322, ал Ілесбек Руслан Құлмаханұлына 1007 дауысн жинады. Сайлау қорытындысы бойынша Маяқұм ауылдық округінің әкімі болып 1998 жылы туылған, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Түркістан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті құрылымдық статистика басқармасының бас маманы, Маяқұм ауылының тұрғыны Ілесбек Руслан Құлмаханұлы сайланды.

Ауылда өткен сайлауға алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берген Кенжехан ата сайлаудың әділ, талапқа сай өткенін айтты. «Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Өйткені, сайлау елді біріктіретін, ойды тоғыстыратын сын мен сынақтан әбден ысылған саяси құрал. Ал, бұл сайлаудың негізгі идеясы еліміздің баға жетпес қазынасы бірлік пен ынтымақтың, татулық пен келісімнің маңына топтасу идеясы. Соның бастауында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы тұр.Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде үш жылдан бері жүзеге асырылып жатқан сайлау жүйесіне біз де белсене араласып, ауылымыздың болашағы үшін өз таңдауымызды жасадық. Менің көршілерім де таңнан тұрып менімен бірге сайлау учаскесіне келіп, ауылдық округ әкімінің сайлауына белсене қатысып, өз таңдауларын жасады, сөйтіп біздің аула өзге көршілерге үлгі көрсетті. Біздің таңдауымыздағы әкімнің сайланғаны бізді қуантып отыр», дейді қария. 

- Сайлау қорытындысымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 45, 113-11-баптарына сәйкес, Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 21 шілдеде өткен Отырар ауданы Маяқұм ауылдық округінің әкімін сайлау жөніндегі учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларының негізінде 2024 жылғы 22 шілдеде Отырар ауданы Маяқұм ауылдық округінің әкімі болып Ілесбек Руслан Құлмаханұлы тіркелді. Бүгінгі күні куәлігі қолына тиген жаңа әкім қызметіне кірісіп, жұмысын бастап кетті, - дейді Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Жубаев.

Жетісу облысында өткен сайлауға жоғары баға берілді
Жаңа тағайындалған әкімдер жаңа қызметтеріне кірісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу