Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
21 шілде күні Жетісу облысының Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының Суықсай, Сапақ және Көктерек ауылдық окрутері әкімдерінің сайлауы өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Тимур Дәуітовтың айтуынша, үш ауданда өткен сайлау барысында 7 кандидат тіркелген. Оның біреуі әйел. Кандидаттардың 6-ы өзін-өзі ұсынса, біреуі саяси партиядан ұсынылған.
- Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен үш жылдан бері аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы өткізіліп келеді. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне кіріс кетті. Ал, биыл бұл демократиялық үрдістің қисынды жалғасы ретінде облысымызда ауыл әкімдерінің сайлауы қаңтар айынан бастап қайта басталып кеткен болатын. Бүгінгі күні 21 шілдеде өткен сайлауға Ақсу ауданы Суықсай ауылдық округінің әкімі болу үшін 30 маусым күні 5 кандидат тіркелген болатын. Кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсынғандар. Бірінші болып тіркелген үміткердің есімі Қайрат Қанатұлы Саурықов. 1985 жылы туған ол «Адина» шаруа қожалығының жетекшісі. Екінші кандидат 1972 жылы дүниеге келген, «Айша бибі» аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жазира Ғылымханқызы Камолданова. Үшінші үміткер – 1996 жылы туған, Молалы ауылдық округі әкімі апаратының бас маманы Ринат Александрович Воронцов. Төртінші үміткердің есімі Ержан Досмұратұлы Тогасов. 1993 жылы туған ол Ақсу аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді және спорт бөлімінің бас маманы. Бесінші кандидаттың есімі Ғалымжан Канатбекұлы Мерекенов. 1989 жылы дүниеге келген ол «Қазыбек» шаруа қожалығының жетекшісі. Сайлау барысында соңғы екі кандидат сайлауға түсуден бас тартты. Сонымен сайлау бюллетеніне 3 кандидан енгізіліп, сайлауға түсті, - дейді комиссиясы төрағасы.
Ақсу ауданы Суықсай ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша қорытынды жарияланды. Сайлау нәтижесі бойынша айтсақ, сайлаушылар тізімінде енген 762 азаматтың 410-ы, яғни 53,8 пайызы дауыс берді. бюллетеньдерді түгендеу барысында 11 бюллетень жарамсыз деп табылса, 8 азамат барлық кандидатқа қарсы дауыс берген. Әрбір кандидат үшін берілген дауыс санына қарайтын болсақ, Ринат Воронцов сайлаушылардың 4, Жазира Камолданова 90, ал Қайрат Сауруков 297 дауыс жинаған. Ол дауыс бергендердің 72,4 пайызын қанжығалаған. Сөйтіп «Адина» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Қанатұлы Сауруков Суықсай ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Ал Алакөл ауданы Сапақ ауылдық округі әкіміне 30 маусым күні 3 кандидат тіркелген екен. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі – 1970 жылы туған, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы, мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерболат Жолдасқанұлы Биекбаев. Екіншісі Талғат Саятұлы Кобдиков. 1992 жылы дүниеге келген ол Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Үшінші кандидат 1990 жылы дүниеге келген, Көлбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмас Амантайұлы Құтымбеков. Мұнда да сайлау қарсаңында бір кандидат сайлаудан бас тартып, бюллетеньнен есімі алынды. 21 шілде күні Алакөл аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес, Алакөл ауданынның Сапақ ауылдық округі әкімінің сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамалары негізінде сайлау қорытындысын жариялады. Бұл сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 461 азаматтың 348-і дауыс берді. Жарамсыз деп танылған 18, «Барлығына қарсы» дауыс берген 13 бюллетень санақтан алынып тасталды. Дауыс санымен Биекбаев Ерболат Жолдасканұлы алдыға шықты. Ол сайлаушылардың 281, ал қарсыласы Кутымбеков Алмас Амантайұлы 36 дауысын жинаған болатын. сайлау нәтижесімен Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерболат Жолдасқанұлы Биекбаев Сапақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Әкім куәлігін қолына алған ол ертеңіне өз қызметіне кірісіп кетті.
- Сарқан ауданындағы Көктерек ауылдық округі әкімінің сайлауы да сайлау талаптарына сай өткізілді. Сарқанда 1 аумақтық және 2 учаскелік сайлау комиссиялары, 17 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істеді. Көктерек ауылдық округіне де бастапқыда 3 кандидат тіркелді. Оның екеуі өзін-өзі ұсынған болса, бірін Amanat партиясы ұсынған. Кейіннен бір кандидат өз өтініші бойынша сайлаудан бас тартты. Қалған екі кандидаттың бірі, өзін-өзі ұсынған Мирхат Ташболатұлы Сабитов. 1969 жылы дүниеге келген ол «Сабитов» шаруа қожалығының басшысы. Ал Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі Серік Құрманұлы Смағұлов. 1966 жылы дүниеге келген ол осы округтің әкімі болатын. 21 шілдеге белгіленген сайлау ұйымшылдықпен өтті. Халықтың сайлауға 84,4 пайызы қатысып белсенділік танытты. Сонымен Сарқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес Сарқан ауданының Көктерек ауылдық округі әкімін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы негізінде сайлау қорытындысы жарияланды. Мұнда сайлаушылар тізіміне енген 347 азаматтың 293-і дауыс берді. өзін-өзі ұсынған Мирхат Сабитов сайлаушылардың 71, ал Серік Смағұлов 221 дауысын, яғни 75,4 пайызын жинап, өз орнын сақтап қалды. Кешегі күні аудан әкімінің қолынан қызметтік куәлігін алған Серік Құрманұлы Смағұлов қызметіне кірісіп кетті. Жалпы Жетісу облысының үш ауданының 3 ауылдық округінде өткен сайлау барысына жоғары баға беруге болады, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Тимур Дәуітов.