Қостанай ауданында жаңа әкімдер қызметке келді

Oinet.kz 05-07-2024 327

Қостанай облысы Қостанай ауданының Майкөл және Мәскеу ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауы 21 шілде күні ұйымшылдықпен өтті. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамиля Самбаеваның айтуынша, Майкөл ауылдық округі бойынша тіркелген екі кандидаттың бірі – Руслан Ерболатұлы Кембаев. 1978 жылы туған ол уақытша жұмыссыз. Ал екінші кандидаттың есімі – Серик Абылкасұлы Лашенов. 1983 жылы туған ол Қостанай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы. Қос кандидат та өзін-өзі ұсынғандар.

Screenshot_106.jpg

Ал Мәскеу ауылдық округіне тіркелген кандидаттар саны үшеу. Өзін-өзі ұсынғандар екеу, оның бірі – 1982 жылы туған, Қостанай ауданының Жданов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жумагалиев Берик Борантайұлы. Екіншісі – 1977 жылы туған, Қостанай ауданы әкімінің аппараты» ММ ЖД, ТА және АҚ бөлімінің басшысы Асқар Кидербайұлы Жапанов. Ал «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Адильхан Багдатұлы Мұканов. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады» деп ауыл әкімдеріне көп жауапкершілік жүктеп отыр. Міне сол жауапкершілікті сезіне отырып бүгінгі күні аудандағы екі ауылдық округ бойынша, яғни Майкөл мен Мәскеу ауылдық округтері әкіміне барлығы 5 кандидат тіркелді. Оның 4-еуі өзін-өзі ұсынса, біреуін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған, - дейді комиссия төрағасының орынбасары. 

Қостанай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 113-10-бабына сәйкес, Қостанай ауданының Майкөл және Мәскеу ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындысы жарияланды. Майкөл ауылдық округі әкімі сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 1444 азаматтың 1060-ы дауыс берді. Дауыс санау барысында 24 бюллетень жарамсыз деп табылса, «Барлығына қарсы» деген жолға 97 азамат белгі соққан. Сонымен уақытша жұмыссыз жүрген Руслан Кембаев сайлаушылардың 779 дауысын жинап, Майкөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

Ал Мәскеу ауылдық округі сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 1110 азаматтың 707-і дауыс берді. Сайлаушылардың басым дауысына ие болған, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Адильхан Багдатұлы Мұканов Мәскеу ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

- Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Ауылдық округ әкімі «Ауыл аманаты» жобасын орындау, ағын су мәселесін шешу, су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау ісіне айрықша көңіл бөлуге тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау және жаңа бизнес идеяларды іске асыру, ауылдың мүмкіндігін ескере отырып туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға міндетті. Міне, осы міндеттерді өздерінің сайлауалды бағдарламасына енгізген Майкөл мен Мәскеу ауылдық округтерінің жаңа әкімдері іс жүзінде жүзеге асырады деген сенімдеміз, - дейді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамиля Самбаева. 

Жітіқара ауданында округ әкімдері қайта сайланды
Жетісу облысында өткен сайлауға жоғары баға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу