Жаңа тағайындалған әкімдер жаңа қызметтеріне кірісті

Oinet.kz 06-07-2024 330

Ақтөбе облысының Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Шалқар және Мұғалжар аудандарының Аршалы, Бегалы, Аққұдық және Байнассай, Жаңақоныс ауылдық округітері мен Қандыағаш қаласында 7 шілде күні әкім сайлау өтті. «Сайлау қорытындысы жарияланды. Облыс бойынша ауылдық округ әкіміне үміткерлерді ауыл тұрғындары өздері таңдап, өз дауыстарын берді. Ендігі кезекте әкімдер халық үшін қызмет ететін болады. Өткен сайлау халықтың дұрыс таңдау жасағанын тағы дәлелдей түсті, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Нұрмағамбетова.

Screenshot_109.jpg

Қарғалы ауданы Әлімбет ауылдық округі әкімін сайлауына 3 кандидат тіркелген еді. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Айталық, олардың арасында округтің әкімі Мейрамбек Жанысұлы Мысаевта бар. Ал осы лауазымнан үмітті келесі кандидат Степной ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бауыржан Айбек Бауыржанұлы мен Қарғалы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бөлім басшысы

Сақабаев Шахнияз Шахмарданұлы да дауысқа түсіп, бақтарын сынап көрді.  Әлімбет ауылдық округі әкімінің сайлауына сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 556 азаматтың 425-і қатысты. Сайлау қорытындысында Бауыржан Айбек Бауыржанұлы сайлаушылардың 80, Мейрамбек Жанысұлы Мысаев 273, Сақабаев Шахнияз Шахмарданұлы 69 дауыс жинады. Сөйтіп 1978 жылы дүниеге келген Мейрамбек Жанысұлы Мысаев өз орнын сақтап қалды. 

- Өзге аудандарға келсек, ондағы тіркелген кандидаттардың да саны 3-4 үміткерден түзілген. Соңғы кездері сайлауға деген ауыл халқының көзқарасының біршама жақсарғаны байқалады. Өзін сайлауда сынап көргісі келетін үміткерлер қатары да көбейе түскен. Бұл бірінші кезекте қолынан іс келетін азаматты таңдауда халыққа жеңіл болмақ. Бәсеке бар жерде жұмыс жандана түсетіні белгілі. Халық та өзі сайлаған әкімнен жұмыс талап ете алады. Бұл билік пен халық арасын бұрынғыдан да жақындата түседі деген ойдамын. Жаңа сайланған әкімдер де халықтың сенімінен шығу үшін жан салып аянбай қызмет етеді деген сенімдемін. Сол сенімді ақтайды деген әкімнің бірі 7 шілде күні Қобда ауданының Бегалы ауылдық округінде өткен сайлауда таңдалды. Бұл округтің әкіміне бастапқыда 4 кандидат тіркелген. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Екеуі мемлекеттік қызметкер болса, екеуі мұғалім. Атап айтсақ, оның бірі 1991 жылы туған Жарық  ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айдос Әсемғалиұлы Алдрабаев. Екінші үміткер Нұрбақыт Құсайынұлы Барбосынов. 1978 жылы дүниеге келген ол Қобда ауданы әкімі  аппараты мемлекеттік мекемесінің персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы болып жұмыс істейтін. Келесі кандидаттың есімі Нұрлыбек Сапарұлы Қанатбаев. 1975 жылы дүниеге келген ол Калиновка орта мектебінің мұғалімі болса, соңғы кандидат Мәлік Ерсайынұлы Төлепбергеновта мұғалім. Калиновка атындағы орта мектепте жұмыс істейді. Сайлау қарсаңында осы үміткерлердің бірі Нұрбақыт Барбосынов бюллетеннен өз кандидатурасын алдырды. Ал сайлауға түскен үш кандидат сайлау алды үгіт-насихатын жүргізіп, өз бағдарламаларын халыққа барынша жеткізуге тырысты. 8 шілде күні   «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес учаскелік сайлау комиссияларының Қобда ауданының Бегалы ауылдық округі әкімінің сайлауының нәтижелері туралы хаттамалары негізінде Қобда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қорытындысы шықты. Сонымен Бегалы ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша сайлаушылар тізіміне енген 587 азаматтың 287-і қатысып, дауыс берді. Айдос Әсемғалиұлы Алдрабаев сайлаушылардың 3 дауысын алса, Нұрлыбек Сапарұлы Қанатбаев 113, ал Мәлік Ерсайынұлы Төлепбергенов 39 дауыс одан артық жинап, 152 дауыспен алдыға шықты. Сөйтіп халықтың таңдауы өзін-өзі ұсынған Калиновка орта мектебінің мұғалімі Төлепбергенов Мәлік Ерсайынұлына түсті. Ол Бегалы ауылдық округі әкімі болып сайланды, - дейді Ақмарал Нұрмағамбетова.

Ал келесі сайлау Мәртөк ауданы Аққұдық және Байнассай ауылдық округтерінде өтті. Аққұдық ауылдық округ бойынша тіркелген кандидаттардың саны үшеу. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар және барлығы да мемлекеттік қызметкер. Мәселен, оның бірі Ержан Жаңғабайұлы Алдангоров Құрмансай ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы болса, Зарина Елемесқызы Алманиязова Мәртөк ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы. Ал  Әлібек Нұрлыбекұлы Бақбергенов Мәртөк ауылдық округі әкімінің орынбасары. 

Байнассай ауылдық округі бойынша да 3 кандидат тіркелсе, барлығы да өзін-өзі ұсынғандар, оның біреуі әйел. Ол Күләш Зайналгобиқызы Ағайдарова. Бұған дейін ол осы округ әкімі аппаратында бас маман қызметін атқарған. Келесі кандидат Рүстембек Алпамысұлы Дүзбаев Мәртөк аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы болса, Арслан Сұлтанғалиұлы Қарашев Қызылжар ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істеген. 

7 шілде күні Аққұдық және Байнассай ауылдық округ әкімдерінде сайлау заң талаптарына сәйкес өткізіліп, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес учаскелік сайлау комиссияларының Мәртөк ауданының Аққұдық және Байнассай ауылдық округ әкімдерінің сайлауының нәтижелері жарияланды. Аққұдық ауылдық сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 850 азаматтың 603-і сайлау учаскесіне келіп өз таңдауларын жасап дауыс берді. дауыс санау барысында 4 бюллетень жарамсыз болса, 14 сайлаушы «Бәріне қарсымын» деген жолға белгі қойған. Әрине бұл сайлау талабы, бірақ оның жаңа әкімді таңдауға еш зияны тиген жоқ. Өзге сайлаушылар берген дауыс жаңа әкімді таңдауға мүмкіндік берді. сайлау қорытындысымен кандидаттардың бірі Ержан Жаңғабайұлы Алдангоров сайлаушылардың 47, ал Зарина Елемесқызы Алманиязова 46, Әлібек Нұрлыбекұлы Бақбергенов 497 дауысын иеленген. Сөйтіп, 1994 жылы дүниеге келген Мәртөк ауылдық округ әкімінің орынбасары Бақбергенов Әлібек Нұрлыбекұлы округ әкімі болып сайланды. 

Байнассай ауылдық округі әкімінің сайлауы да талапқа сай өтті. мұндағы сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 419 азаматтың сайлауға 295-і қатысып дауыс берген. Күләш Зайналгобиқызы Ағайдарова сайлаушылардың 237, Рүстембек Алпамысұлы Дүзбаев 25, ал Арслан Сұлтанғалиұлы Қарашев 27 дауысын жинаған. Округ әкімінің бас маманы Ағайдарова Күләш Зайналғобиқызы өзі қызмет еткен округ әкімдігінің әкімі болып сайланды. 

Жоғарыда аталған барлық аудандардағы ауылдық округ әкімдері 9 шілде күні аудан активіне таныстырылды. Қолдарына куәлік берілді. Жаңа тағайындалған әкімдер жаңа қызметтеріне кірісіп кетті.

Отырарда жаңа әкім
Социсследование показало сколько казахстанцев поддерживают строительство АЭС
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу