Ақмола облысында Кеңес пен Ақмырза ауылдық округ әкімдері өз орындарын сақтап қалды

Oinet.kz 02-07-2024 109

21 шілде күні Ақмола облысының Ақкөл, Ерейментау, Жақсы, Сандықтау, Целиноград аудандарында ауылдық округтің әкімдерінің сайлауы өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың айтуынша, округ әкімдерінің сайлауы Ақкөл ауданының Кеңес, Ерейментау ауданының Ақмырза, Жақсы ауданының Белағаш, Сандықтау ауданының Жамбыл және Максимов, Целиноград ауданының Тасты ауылдық округтерінде өткізілген. 

Screenshot_97.jpg

- 21 шілде күні Ақкөл ауданы Кеңес ауылдық округінің әкімін сайлау таң ертеңгі сағат 7:00—де басталып, кешкі 20:00-де аяқталды. Ондағы сайлаушылар тізіміне енген 1114 азаматтың дауыс беруге 784-і қатысып, өз таңдауларын жасады. Оның 4-і үй-жайдан тыс жерде дауыс берген. Жалпы сайлауға түскен кандидаттардың саны үшеу. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі – әйел. Кандидаттардың бірі округтің әкімі Жетпісов Мадияр Мұратұлы. Екінші кандидаттың есімі Кирпичников Андрей Николаевич. 1984 жылы туған ол Ақкөл ауданы әкімдігінің «Smart Aqkol-2018» каммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары. Ал үшінші кандидаттың есімі Оспанова Алмагүл Өрікқызы. 1989 жылы туған ол Ақкөл ауданы әкімінің аппаратының бөлім басшысы. 

Кеңес ауылдық округінің әкімін сайлауда Жетпісов Мадияр Мұратұлы сайлаушылардың 598, Кирпичников Андрей Николаевич 65, ал Оспанова Алмагүл Өрікқызы 82 дауысына ие болды. Дауыс санау барысында «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 22 болды. Сайлау қорытындысымен Ақкөл ауданы Кеңес ауылдық округінің әкімі болып Жетпісов Мадияр Мұратұлы сайланды. Сөйтіп 1993 жылы туған ол әкім лауазымын сақтап қалып, екінші кезеңге сайланып отыр, - дейді Манарбек Сәдуов.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл әкімдері сайлауы өңірімізде жалғасын тауып келеді. Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге Ақмола облысына қарасты аудандардың халқы да белсене қатысуда. Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы – туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Сондықтан «мен» деп алға суырылып шыққан, білімді, жан-жақты азаматтарды қолдасақ, әрбіріміз өз таңдауымызды жасасақ, бұл да бір демократиялық қоғам құруға деген қадам деуге болады. Тағы бір айтарым, аудан және ауыл әкімі болып жергілікті жердің азаматтары сайланса және олар 4-5 жыл туған жеріне қызмет етсе, сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады. 

Манарбек Сәдуовтың айтуынша, Ерейментау ауданы Ақмырза ауылдық округі әкіміне «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-5-бабына сәйкес келіп түскен құжаттарды қарап, Ерейментау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 28 маусымда Ақмырза ауылдық округі әкіміне 3 кандидатты тіркеді. Оның бірі осы округтің әкімі, 1982 жылы дүниеге келген Дүйсенов Кенжетай Құсайынұлы болса, екіншісі – Руленов Манас Қанатұлы. 1990 жылы туған ол Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет «МК» КЕАҚ Ерейментау ауданының бөлімі, операциялық залының басшысы. Үшінші кандидаттың есімі Мажкенов Ербол Матайұлы. 1975 жылы туған ол уақытша жұмыс. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. 

- 2024 жылғы 21 шілдеде Ақмола облысы Ерейментау ауданы Ақмырза ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Ерейментау аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес, Ерейментау ауданы Ақмырза ауылдық округі әкімін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы негізінде сайлау қорытындыларын белгіледі. Ақмырза ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша айтсақ, ондағы сайлаушылар тізіміне енген 393 азаматтың 217-і өз таңдауын жасап, дауыс берді. Дауыс санау барысында 10 бюллетень жарамсыз болып танылды. Ал кандидаттар арасында дауыс, атап айтсақ, К.Дүйсенов сайлаушылардың 119, Е.Мажкенов 36, ал М.Руленов 52 даусын жинаған. Сөйтіп округтің әкімі Дүйсенов Кенжетай Құсайынұлы өз орнын сақтап қалды. Сонымен 21 шілдеге белгіленген қос аудандағы сайлау әділ өтіп, халық өз таңдауын жасады. Сайлау қорытындысында Кеңес пен Ақмырза ауылдық округ әкімдері өз орындарын сақтап қалды, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов.

Қоғалыкөл ауылдық округі әкіміне 3 кандидат тіркелді
Белағаштықтар өз таңдауын жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу