Қоғалыкөл ауылдық округі әкіміне 3 кандидат тіркелді

Oinet.kz 02-07-2024 72

Қызылорда облысында 11 тамызға тағайындалған сайлаудың бірін Сырдария ауданында өткізу жоспарланған. Яғни, сайлау Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылдық округінде өтеді. Бүгінгі күні аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Мұратбекұлының айтуынша, әкім лауазымына тіркелген кандидаттардың есімдері белгілі.  

Screenshot_96.jpg

- Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты – ерікті сайлау, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық. Біз президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекетпіз. Сондықтан демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау және оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Сондықтан сайлау комиссиясына жүктелер міндет те, жауапкершілік те жоғары. Бүгінгі күні өзім басқарып отырған комиссия жыл басынан бері бірнеше ауылдық округте тағайындалған округ әкімдерінің сайлауын ұйымшылдықпен өткізді. Ендігі кезекте 11 тамызға белгіленген сайлауды да талапқа сай өткіземіз деген сенімдемін, – деді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Мұратбекұлы.

Бүгінгі күні Қоғалыкөл ауылдық округі әкіміне тіркелген кандидаттарды есімдері белгілі болды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 113-5 – бабының 9-тармағына сәйкес Сырдария ауданының аумақтық сайлау комиссиясы  Сырдария ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 20 шілдедегі №АСК-44, №АСК-45, №АСК-46 қаулыларының негізінде 2024 жылғы 11 тамызына тағайындалған Қоғалыкөл ауылдық округі әкімінің сайлауына кандидат етіп 3 азаматты тіркеді. Олардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. 

Округ әкімі сайлауына еліміздің кез келген азаматы кандидат ретінде тіркеліп, сайлауға түсе алады. ал округтің әкімдеріне екі рет сайлануға рқұсат берілген. Осы мүмкіндікті тағы пайдаланып көруді жөн көрген округтің әкімі Ракимбеков Бакитжан Жумабекұлы өзін-өзі ұсынған. Сөйтіп 1974 жылы дүниеге келген ол сайлау арқылы өз орнын сақтап қалып, тағы бір айналым округті басқаруға ниетті.

Екінші кандидаттың есімі Әбілдаев Ерлан Бақытжанұлы. 1981 жылы туған ол Сырдария аудандық білім бөлімінің әдіскері. Ал үшінші кандидат Сырдария аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Ербол Булебаев.  

- Елімізде биыл үшінші жыл қатарынан аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан сайлау бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Президентіміз сайлау өткізу жайын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында жан-жақты анықтап, түсіндіріп айтқан болатын. «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн. Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. «Amanat» партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағыс  реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады», - дейді Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында. Міне, біздің өңірде де жыл басынан бері 3-4 қайтара ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілді. Ендігі кезекте 11 тамызға сайланған сайлауда да округ тұрғындары ұйымшылдық көрсетіп, ауылдық округ әкімін таңдауға, лайықты кандидатты сайлауға бір кісідей атсалысады деген сенімдемін, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Мұратбекұлы. 

Шақпақ ауылдық округі әкімі сайлауы 11 тамызда өтеді
Ақмола облысында Кеңес пен Ақмырза ауылдық округ әкімдері өз орындарын сақтап қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу