Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Үш жылдан бері елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы ұйымшылдықпен өткізілуде. Мұндай сайлау Қызылорда облысына қарасты аудандарда жиі өтіп, халық өз таңдауларын әділ жолмен жасап, іскер әкімдерді сайлауда.
Ендігі жерде 11 тамызға Қызылорда облысының Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандарының аумақтық сайлау комиссияларының тағайындауымен 6 ауылдық округте әкім сайлауын өткізу белгіленген. Атап айтсақ, Қазалы ауданының Майдакөл және Сарбұлақ, Сырдария ауданының Қоғалыкөл және Жетікөл, ал Шиелі ауданының Майлытоғай және Иіркөл ауылдық округтерінде 11 тамызда сайлау өтеді. Бүгінгі күні аталған аудандарда кандидаттар анықталып, тіркеу жұмыстары аяқталды.
Қазалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбайдың айтуынша, осы жылдың 21 шілдесінде Қазалы ауданының Майдакөл және Сарбұлақ ауылдық округтері әкімдеріне барлығы 6 кандидат ұсынылған, оның 4-і өзін-өзі ұсынса, екеуін саяси партиялар ұсынған.
- Президентіміздің тапсырмасымен саяси реформа аясында 2021 жыл ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі енгізілген болатын. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. Біздің ауданда да үш жыл көлемінде біреше ауылдық округте әкім сайлауы өткізіліп, нәтижесі жаман болмады. Енді, міне 11 тамызға екі ауылдық округте әкім сайлауын өткізілгелі отырмыз. Бүгінгі күні кандидаттардың есімдері белгілі. Яғни комиссияға 6 кандидаттан өтініш түсіп, арнайы тексеруден өтті. Барлық тіркелген кандидаттар куәліктерін алды, сайлау бюллетеніне енгізілді.
Кандидаттарды тіркеу туралы хабарлама Қазалы ауданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсының «Сайлау» бөлімінде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралында орналастырылған, - дейді Нұрлан Аманкелдіұлы.
Сонымен Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 19 шілдедегі шешімімен 2024 жылғы 11 тамызға тағайындалған сайлауға Майдакөл ауылдық округі бойынша 3 кандидат тіркелді. Оның екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Соның бірі – Баймұрат Ақтілеу Байқадамұлы. 1994 жылы туған ол Аранды ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. Екінші кандидат – Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қожахмет Алпысбай Балғабайұлы. Ал Amanat партиясы ұсынған кандидат аталған ауылдық округтің әкімі Курманбаев Конысбек Ктабияевич.
- Бүгінгі күні Майдакөл ауылдық округтер бойынша сайлауға түсетін кандидаттар белгілі. Олар үгіт-насихат жұмыстарын жаңа бастады. Жалпы бізде сайлауға өтініш берген кандидаттарға қойылатын талап жоғары. Атап айтсақ, Сайлау туралы Конституциялық заңда қойылатын талаптар; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңда қойылатын талаптар; Қазақстан Республикасының азаматтығы, жасы 25 жастан кіші емес. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада қойылатын талаптар: Мемлекеттік қызмет туралы заңда азамат мемлекеттік қызметке қабылдана алмайтын талаптар көзлдеген, Кандидат осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс (Е-R-1 категориясы). Бір адам сол және бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Міне, осы талаптардан өткен азаматтар Майлыкөл ауылдық округі әкіміне кандидат болып тіркеліп отыр. Сарбұлақ ауылдық округі әкіміне тіркелген әкімдер де осы талаптан шыққан кандидаттар барлығы, - дейді Қазалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбай.
Сарбұлақ ауылдық округі бойынша да тіркелген кандидаттардың саны үшеу. Оның біреуін Amanat партиясы ұсынса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі – Жаңабай Руслан Алпысұлы. 1979 жылы туған ол Сарбұлақ ауылдық округінің әкімі болып қызмет етеді. Жоғарыда айтқандай оның өзі қызмет ететін округ бойынша тағы бір сайлауға қатысуға заң аясында мүмкіндігі бар. Ал өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – 1976 жылы туған, Бозкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жұмағали Алтынбек Бахытұлы. Екіншісі – 1991 жылы туған, Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Кожаназаров Канат Аскарович.
Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Ауылдық округ әкімі «Ауыл аманаты» жобасын орындау, ағын су мәселесін шешу, су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау ісіне айрықша көңіл бөлуге тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау және жаңа бизнес идеяларды іске асыру, ауылдың мүмкіндігін ескере отырып туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға міндетті. Міне, осы міндеттерден Майдакөл және Сарбұлақ ауылдық округтерінің әкіміне үміткерлер жүзеге асыруға ниетті екенін олардың сайлау алды бағдарламаларымен танысу барысында көзіміз жете түсті, - дейді Қазалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманкелдіұлы.