Орал қаласында АЭС энергетикасын дамыту жайы кеңінен талқыланды

Oinet.kz 29-06-2024 133

Елімізде атом электр станциясын салу туралы мәселенің қозғаліп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Әлікүнге нақты шешімін таппаған мәселе халықтың жария талқылауында қаралуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бір жақты қабылдауға қарсы. Сондықтан да халықтың талқысына салып отыр. 

Screenshot_88.jpg

Дегенмен бұл жерде де халықтың пікірі екіге жарылды. Бірі атом электр станциясы салынуы керек десе, екінші топ қарысы. Олар мысалға Украйнадағы Чернобль атом электр станциясы мен Семей полигонынан келген зиянды алға тартады. Осы пікірлерді ескере келіп, Президентіміз «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз» дейді халыққа арнаған Жолдауында. 

Атом электр станциясын салу еліміздегі экономикалық даму процесіне соны серпін берері анық. Оны экономистер мен ғалымдар да жария талқылауларда нақты дәлелдер келтіре отырып, халыққа жеткізуде. Міне осындай жария талқылау 18 шілдеде Орал қаласында да өткен еді. Бұл мәселе қала тұрғындарының ортасында кеңінен талқыланды. 

Бұл жиынды ұйымдастырушы облыстық Қоғамдық кеңесі сарапшылар ретінде энергетика министрлігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдерін шақырған болатын. Жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы билік органдары мен қоғамдық кеңестердің, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, энергетика саласындағы жетекші мамандар, ғалымдар мен облыс орталығының белсенді тұрғындары қатысып, атом электр станциясы құрылысына қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті. 

Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер эколог Орынбасар Тоғжанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде АЭС салу немесе салмау туралы соңғы шешімді халық таңдайтынын айтып, оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деген ұсынысын қолдайтынын жеткізді. 

- Президентіміз айтқандай АЭС салу немесе салмауды халық жалпыұлттық референдум арқылы таңдайтынын айтты. АЭС салудан қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Жалпы, көптеген адамдар атом электр станциясының қауіптілігі туралы айтады. Алайда, әлемнің көптеген елдерінде атом энергиясы белсенді қолданылады. Мысалы, Францияда барлық электр энергиясының 72 пайызын атом электр станциялары өндіреді. Күн сайын жер сілкінісі болатын Жапонияда электр энергиясының 40 пайызын атом электр станциялары өндіреді. Әлемдік нарыққа шығу үшін әлемдік жеткізушілер өз технологияларын сенімді етуге тырысады. Жаңа станциялардың сенімділігі мен беріктігі артып келеді, осыған байланысты Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет болады. Осылайша, келесі бағыт атом энергиясын пайдалану болуы керек, - деп атап өтті Орынбасар Тоғжанов.

Жиын барысында шақырылған спикерлер Қазақстандағы атом энергетикасын дамытудың жоспарлары мен перспективаларымен, сондай-ақ атом электр станциясы құрылысының қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігі мәселелерімен таныстырды.

Экологиялық ұйымдардың өкілдері мен қала тұрғындары атом электр станциясы құрылысы туралы өз пікірлерімен бөлісті және спикерлермен оның қоршаған ортаға әсері мәселелерін талқылады. Кейбір қатысушыларды пайдаланылған ядролық отынды қайта кәдеге жарату және сақтау, атом электр станцияларын салу және оларға техникалық қызмет көрсету үшін мамандандырылған кадрлардың жетіспеушілігі, атом электр станциясын саушы компаниясын таңдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және осынау ауқымды жоба асыру аясында туындайтын басқа да әлеуметтік-экономикалық аспектілер қызықтырды. 

Мұнда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де үнсіз қалмады. Соның бірі Мария Пирог.

- Мен кез келген резервтік баламалы энергия көзін қолдаймын. Мен 90-шы жылдары өскен адаммын. Бірақ сол кезде басқа жағдайлар, басқа өмір болды. Қазір біз электр энергиясына қатты тәуелдіміз. Белсенді цифрландыру жүріп жатыр гаджеттер мен мысалы, egov сияқты порталдарды пайдалану үшін бізге электр қуаты қажет. Қыста біздің қалада бораннан кейін бірнеше күн бойы жарық болмады, сондықтан жарықсыз су да, жылу да болмады. Біз мұндай жағдайда өмір сүру қаншалықты қиын екенін көрдік. Сондықтан, егер біз жақын арада электр қуатының жетіспеушілігін болжасақ және ештеңе жасамасақ, бұл қорқынышты болады. Біз ондай жағдайда бірнеше күн өткіздік. Мен Қазақстанда АЭС құрылысын барлық экологиялық нормаларды сақтай отырып салынатынына сенімдімін. Жалпыұлттық референдум өткізілетін болса мен қолдап дауыс беретін боламын, - дейді Мария Пирог.

Жария талқылауға шақырылған сарапшылар болса, алаңдауға негіз жоқ деп атап өтті, «атом электр станцияларын салу үшін қарастырылып жатқан технологиялар – 3 немесе 3+ буын реакторлары – қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап береді және экономикалық көрсеткіштері жағынан әлдеқайда жақсартылған. Ал бұл дәстүрлі жылу электр станцияларымен салыстырғанда, атмосфераға CO2 шығарындыларын аз мөлшерде бөлінуін және радиациялық фонның болмауын білдіреді» дейді сарапшылар.

АЭС салуда тұрғындардың тілегі ескерусіз қалмайды
Ақтөбеде өткен жария талқылауда халық референдумның өткізілуін қолдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу