АЭС салуда тұрғындардың тілегі ескерусіз қалмайды

Oinet.kz 29-06-2024 70

Президентіміз айтқандай, атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санайды. Соңғы шешімді қабылдайтын халық болғандықтан сайлаудың қашан өткізілетіні нақтыланған жоқ. Бірақ халық арасында жария талқылаулар өткізілуде.

Screenshot_87.jpg

Атом электр станциясын елімізде салу бойынша жария талқылау Атырау қаласында да өтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, энергетика саласының мамандары, экологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер қатысты. Түрлі сала мамандардың қатысуы осы тақырып жайлы ашық диалог жүргізуге мүмкіндік берді.

Іс-шара атом электр станциясы құрылысының әртүрлі аспектілерін қамтыды, соның ішінде қауіпсіздік шаралары, қоршаған ортаға әсері, жобаның экономикалық тиімділігі және қоғамға әлеуметтік әсері. Сондай-ақ сарапшылар – энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері АЭС құрылысына ұсынылып отырған заманауи технологиялар туралы, Қазақстанның бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық институттардың осы саладағы жүзеге асырып жүрген ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер туралыжан-жақты айтып өтті. 

Энергетика министрлігінің өкілдері электр энергиясына деген сұраныстың артуы мен СО2 шығарындыларын азайтуға деген ұмтылысты ескере отырып, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту қажеттілігіне жиналған қауымның назарын аудартты. Сондай-ақ болашақ атом электр станциясының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жобаның барлық кезеңдерінде мұқият жоспарлау мен қатаң бақылаудың маңыздылығы ескерілгенін атап өтті. 

Атыраулықтар АЭС құрылысының мерзімі мен құны, пайдаланылған ядролық отынды сақтау, инфрақұрылымды дамыту ықтимал перспективалары жайлы сауалдарын қоя отырып, осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін мамандандырылған кадрлардың даярлығы туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Осылайша, өңірдегі кейбір қоғам белсенділері Қазақстанда атом электр станциясы құрылысына қатысты өз қауіптері мен үміттерін білдірді. Олар жобаны асыру барысында ашықтықты, шешім қабылдауға қоғамның қатысуын және барлық мүдделі тараптарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Елімізде АЭС салуды ашық қолдап, өзінің азаматтық пазициясын танытқан жанның бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Каспий кешенін зерттеу және мониторинг зертханасының меңгерушісі Махамбет Құдайбергенұлы.

- Барлық халықаралық қағидаларды сақтаса мен бұл атом электр станциясын қолдаймын. Референдум өткізілген жағдайда өз дауысымды беремін. Себебі қазіргі уақытта халықаралық қаржыландыру банккілері көмірге инвестиция салудан қашып жатыр, болашағы жоқ деп. Күн сәулесі мен жел әрқашан болмауы мүмкін, бірде бар бірде жоқ. Сондықтан оларды алда тұрған мақсаттарды шешетін тұрақты энергия көздері деп айтуға болмайды. Осының ішінен озып шығатын атом энергетикасы. Атом индустриясын дамыту керек деп ойлаймын. Қазіргі атом электр станциялар жаңа талаптарға сай өте жақсы жасалады, - дейді ол. 

Оның ойын қолдаушылар да қолдамайтындар да аз емес. Мәселен, Атырау қалалық ардагерлер және Қазақстан халық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев атом электр станциясы керек деп түйді ойын.

- Елімізде ашылып жатқан ірі кәсіпорындар мен өнеркәсіп ошақтарының саны жылсанап артып келеді. Халықпен бірге олардың да электр энергиясына деген сұранысы еселеп артуда. Өнеркәсібі, өндірісі қарыштап дамыған елге керегі энергия көзі. Осылардың бәрін ескере отырып энергия көздерін болашақта жетілдіру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан атом электр станциясын салу туралы ұсыныс болды. Әрине, салу немесе салмау ол екінші әңгіме. Оны Президентіміз референдумға шығаратынын, халықтың талқысына салып барып шешім қабылдайтынын айтты. Міне, бұл АЭС салу немесе салмау керек деген сұрақ халық арасында талқыланып жатқанына көп болды. Біз мұның ел болып, халық болып, елдің өркендеуіне байланысты жасалып жатқанын түсінуіміз керек. Қазіргі уақытта бізге энергия көздері керек, оның ішінде ең басты энергия көзі бұл атом электр станциясы, - дейді ол. 

«Өткен талқылау барлық мүдделі тараптар арасында сындарлы диалог құру және еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға үлес қосуға мүмкіндік берері сөзсіз. Атыраулықтардың кездесу барысында айтқан ескертулері мен ұсыныстары жобаны әрі қарай жүзеге асыру барысында қоғамның мүддесі мен қоршаған орта қауіпсіздігін сақтай отырып ескерілетін болады» дейді Қазақстан Республикасы энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова.

Жария талқылауда АЭС салу немесе салмау жайы сөз болды
Орал қаласында АЭС энергетикасын дамыту жайы кеңінен талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу