Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан және адал азамат» атты Жолдауында «Атом энергиясын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер» дей келіп, оны салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе екенін айтады. Дегенмен Президент оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санайды. Әрине, референдумның әзір нақты уақыты белгіленген жоқ. Бірақ алдағы уақытта осы мәселе төңірегінде бір сайлаудың өткізілетіні анық.
Бүгінгі күні атом электор станциясын салу туралы жер-жерде жария талқылаулар өткізілуде. Сол жария талқылау Ақтау қаласында да ұйымдастырылған болатын. Ақтауда өткен жария талқылауда да қазіргі заманғы атом станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс принциптері, атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі мәселелері сөз болды.
Қазақстан Республикасы энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова өз сөзінде Қазақстанда атом электр стансасы құрылысы елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін кемінде жүз жыл бұрын қамтамасыз ететінін атап өтті.
- Жаңа энергия қуатын енгізу электр энергиясына деген сұраныстың артуымен байланысты болып отыр. Бүгінгі қолданыстағы электр станциялардағы өндіруші жабдықтың шамамен 70 пайыз тозған. Оның мәселесі де жыл өткен сайын өткір бола түскен. Қазақстан Үкіметінің көміртексіз энергетикаға көшу курсы, сондай-ақ елде шикізат және өндірістік базаның болуы елдегі атом – энергетика саласын дамыту үшін барлық алғышарттарды жасайды, - деп атап өтті өз сөзінде Гүлмира Мурсалова.
«Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, Қазақстанда атом электр стансасын салу – бұл елдің индустриялық дамуы үшін қажетті айқын шешім, ол да барлық салаларға оң мультипликативтік әсер етеді. Сондай-ақ ол бейбіт атом технологияларына көшу экология мәселелерінде тұрақты дамуға ықпал ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, атом электр станциясын салу туралы шешім референдумда қабылданған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылады. Оның құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін адам жұмылдырылса, станцияны пайдалану кезінде 2 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылады екен.
Тыңдау барысында энергетика министрлігінің өкілдері қазіргі уақытта атом электр станциясын орналастыру және салу үшін екі аудан зерттелгенін айтты. Оның бірі – Абай облысы, Курчатов ауданы және Алматы облысы Үлкен ауылы. Зерттеу нәтижелері бойынша екі аудан да электр станциясын орналастыруға жарамды. АЭХА қорытындысына сәйкес, атом электр станциясын Балқаш көлінің жанында орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ. Бұған дейін атом электр станциясының 13 түрлі жобасы ұсынылған болатын. Олардың төртеуі таңдалған. Бұл ретте, мамандардың айтуынша, барлық іріктелген ұсыныстар қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін және экономикалық көрсеткіштері жақсартылған 3 немесе 3+ буын реакторларын пайдалануды білдіреді.
«Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры Саябек Сахиев ядролық физика институтының базасында су-суды зерттеу реакторы – болашақта Қазақстанда салынатын атом электр станциясының прототипі жұмыс істейтіні туралы айтты. «ВВР-К реакторы жұмыс істеп тұрған жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бірде-бір оқиға болған жоқ, бұл оның қауіпсіздік фактілерін растайды», – дейді ол. Сондай-ақ ол атомдарды өнеркәсіпте, медицинада, ауыл шаруашылығында және тағы басқа салаларда қолдануға болатындығын алға тартты. Оның сөзінше, атом электр станциясы – бұл ел тұрғындарын 100 жыл бойы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі буын.
Ал «Ұлттық ядролық орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев өз сөзінде қазіргі заманғы ядролық реакторлардың қауіпсіздік жүйесіне тоқталды. Ол сондай-ақ институтта айналысатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер туралы ақпаратпен бөлісті, ұлттық кадрлардың жеткілікті саны мен біліктілігінің жоғары деңгейін атап өтті.
- Бүгінгі таңда атом энергетикасы – бұл жоғары технологиялық және қауіпсіз сала және атом энергия көздері бүкіл әлемде өндіруші қуаттарға енгізу үшін зор әлеуетке ие. Ұлттық ядролық орталық өз қызметі жылдарында елеулі құзыреттерді дамытып, қажетті инфрақұрылымды дамытқанын атап өту қажет, оны біз Қазақстанда атом электр станциясы жобасын іске асыруды ғылыми-техникалық сүйемелдеуде оның өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде қолдануға дайынбыз, – дейді Ерболат Қоянбаев.
Маңғыстау облысының тұрғындарының талқылауында атом электр станциясының су тұтыну, жеткізушіні таңдау, елдің энергиямен қамтамасыз ету қажеттілігі, сондай-ақ АЭС құрылысының экономикалық әсері мәселелері көтерілді. Кездесуді қорытындысында, жария талқылауға қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті. Дегенмен халықтың пікірі екіге жарылды.