Amanat партиясы сенім білдірген кандидат ел сеніміне ие болды

Oinet.kz 28-06-2024 128

14 шілдеде өткізілген Қазалы ауданының Әйтеке би кенті әкімін сайлауды талапқа сай өткізілді. Осы сайлау қарсаңында округке облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов арнайы келіп, Әйтеке би кенті әкімінің сайлауына дайындық жұмыстары аясында ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. 

Screenshot_84.jpg

Кездесуге Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Аманбай, аудандық қоғамдастық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, Әйтеке би кенті ауылдық округінің жергілікті қауымдастығының мүшелері мен округтен сайланған мәслихат депутаттары, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және учаскелік сайлау комиссиясы мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Н.Аманбай ашып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына сөз берді. Болат Накипов кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заң нормалары және сайлаушылардың саны туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Әйтеке би кентінде 28352  сайлаушы бар екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, Б.Накипов: «Сайлау қоғамдық саяси науқан болғандықтан, барлық үкіметтік емес ұйымдар, саяси партия, байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан үлкен бәсекелестік ахуал қалыптасуы – шартты жағдай. Бұл барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар. Сондықтан қоғам ішіндегі таңдау жасау құқығы қандай жағдайда болмасын шектелмеуі тиіс және әр сайлаушы өз округіндегі қалаған кандидатқа ерікті түрде дауыс бере алады», – деді.

Кездесу соңында Болат Накипов сайлаушылардың құқығын қамтамасыз етуге кеңірек тоқталды. Саяси науқанға белсенді азаматтық позицияларын білдіріп, сайлауға қатысуға атсалысу керектігін баса айтып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы М.Әбубәкір сайланған әкімдерге өздерінің сайлауалды бағдарламаларын орындамаған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны туралы сұрақ қойып, толыққанды жауабын алды. Іссапар барысында Б.Накипов Әйтеке би кентінде орналасқан №362 және №376 сайлау учаскесінің сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстарымен танысып, сайлау күні дауыс беру процесінде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу керектігін қатаң ескертті.

Сайлау алдында өткізілген бұл жиынның 14 шілде күнгі сайлаудың талапқа сай өткізілуіне жол ашты. Сайлау әділ де, ұйымшылдықпен өтті. Жалпы Әйтеке би кенті әкімінің сайлауына бастапқыда кандидат болып үш үміткер тіркелген еді. Оның бірі 1978 жылы дүниеге келген, Қазалы ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алиби Берікұлы Абиев. Оның кандидатурасын сайлау округіне ұсынған Amanat партиясы. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі Қартабаев Қазыбек Қаржаубайұлы. 1981 жылы туған ол Майлыбас ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. Ал үшінші кандидаттың есімі Сыргалиев Акылбек Кажигалиевич. 1987 жылы туған ол Құмжиек ауылдық округі апаратының «Қ.Пірімов ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі. Соңғы кандидат сайлау қарсаңында өз есімін сайлау бюллетенінен алдырды. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 14, 44, 113-10-баптарына сәйкес және 2024 жылғы 14 шілдеде өткізілген Қазалы ауданының Әйтеке би кенті әкімін сайлау жөніндегі дауыстарды санаудың нәтижесі туралы №56, 57, 58, 59, 60, 61, 62, 63, 91, 92, 93, 362, 376 учаскелік сайлау комиссияларының қоса беріліп отырған хаттамалары негізінде Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы қаулы шығарды. Атап айтсақ, Қазалы ауданының Әйтеке би кенті әкіміне 2 кандидат дауысқа түсті. Әйтеке би кенті бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 28352 азаматтың 17791-і сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Жалпы кент тұрғындарының сайлауға 62,75 пайызы қатысып, дауыс берген. Дауыс беру үй-жайынан тыс жерде 105 сайлаушы дауыс берген. Ал дауыс санау барысында 118 бюллетень жарамсыз деп танылса, «Барлығына қарсы» белгісіне 184 адам белгі соққан. Сонымен екі кандидаттың бірі – Абиев Алиби Берикұлы сайлаушылардың 15 482 дауысын, ал Картабаев Казыбек Каржаубаевич 2007 дауысын жинаған. Сөйтіп, Әйтеке би кентінің әкімі болып 1978 жылы туған, Қазалы ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Amanat партиясы ұсынған Абиев Алиби Берикұлы сайланды. 

Ауыл әкімі өз орнын сақтап қалды
Тұғыл ауылдық округінің әкімі кандидат болып қайта тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу