Сайлау талапқа сай өткізіледі деген сенім берік

Oinet.kz 27-06-2024 89

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев және Уәлиханов аудандары бойынша ауылдық округтерге тіркелген кандидаттардың есімдері белгілі болды. Мәселен, Тимирязев ауданы Докучаев ауылдық округінің әкімі болуға кандидаттарды тіркеу уақыты 10 шілдеде аяқталып 3 кандидат тіркелді. Үш кандидат та өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі 1973 жылы туған, Ақсуат ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бекзат Бектұрсынқызы Досаева.

Screenshot_80.jpg

Екінші кандидат, Ленин ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-бухгалтер, салық агенті Валерия Григорьевна Лисина. Үшінші кандидаттың есімі Бағытжамал Жүсіпқызы Жағыпарова. Ол  «Малишер Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мобильді менеджері. 

- Мемлекет басшысы тапсырмасымен еліміздегі сайлау жүйесіне үлкен өзгеріс енгізілді. Оны 2022 жылы өткізілген референдумда халық бірден қолдау білдірді. Жалпы сайлау дегеніміз – халықтың үні, халықтың пікірі. Демек әділ қоғам құрудың алғышарты мен іргетасы осы ауылдық округ әкімдерін сайлаудан бастау алары анық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының басты ұстанымы да осы. Ауыл әкімдерін сайлау – «Жаңа Қазақстанды» құруға үлкен мүмкіндік деген тоқтамға келуге болады. Дегенмен халық тұрмысын жақсарту үшін қандай да бір өзгеріс қажет болса, сайлаудың әділ өтуі маңызды. Ол халыққа да байланысты. Руласын, туысын тағайындамай, елге шын жаны ашитын азаматты таңдау қажет. Ол үшін сайлауға түсетін кандидатқа туысым, бауырым да қарамау керек. Міне, бүгінгі сайлаудың талабы осы болса бұл үдеден Солтүстік Қазақстан облысының сайлаушылары өз іс әрекеттерімен шығып келеді. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында қанша сайлау өткізілсе де солтүстіктер бөле жарып, руға, туыстыққа бұра тартпай әділ сайлау өткізіп, өзгелерге үлгі болып келеді. Осындай ұйымшылдықты өткен сайлауларда Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тимирязев пен Уәлиханов аудандарының сайлаушылары танытқан болатын. Ендігі кезекте олар 4 тамызға қойылған сайлауда да сол үдеден шығады деген сенім басым, -  дейді Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев. 

Алдымызда 4 тамызға белгіленген тағы бір сайлау тұр. Ол Уәлиханов ауданының Қарасу ауылдық округі әкімінің сайлауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 113-5 бабына сәйкес 2024 жылдың 11 шілдеде Уәлиханов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Қарасу ауылдық округі әкіміне 3 кандидатты тіркеді. Тіркелген кандидаттардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Соның бірі – Ғалиасқар Ідірісұлы Жүкенов. 1969 жылы туған ол «Орлиногор Чкалов орманшылығының орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман инспекторы болып еңбек етеді. 

Екінші кандидаттың есімі Бақыт Мұратбекқызы Жұмағұлова. 1995 жылы дүниеге келген ол Уәлиханов ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы. Ал үшінші кандидат - Айтжамал Серікқызы Үмбетова Уәлиханов ауданына қарасты Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. 

- Жалпы облысымызда 4 тамызға белгіленген барлық аудандардағы ауылдық округ әкімдерінің сайлаудын үлкен жауапкершілікпен өткіземіз деген сенімдемін. Сондықтан жоғарыда аталған Тимирязев пен Уәлиханов аудандарының сайлаушылары да ауылдық округ әкім¬дерін сайлау науқанында белсенділік танытады деген сенім бар. Сонымен қатар ең маңызды мәселе ауыл округі әкіміне  үміткерлерді таңдауда жергілікті жағдаймен жақсы таныс, халықтың қамын ойлайтын, білімді, іскер, сол аймақтың тумалары кан¬дидат ретінде тіркелсе, олар ел үшін қызмет етеді деген сенімдемін. Қорыта айтсам, бұл сайлауларды да алдағы уақытта талапқа сай өткіземіз деген ойдамын, - дейді Асқар Сақыпкереев.

16 кандидаттың 3-і әйел
Барлық тіркелген кандидаттар куәліктерін алып, сайлау бюллетеніне енгізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу