Кандидаттарға сайлау талабы толық түсіндірілді

Oinet.kz 26-06-2024 68

Солтүстің Қазақстан облысы Жамбыл, Қызылжар мен Мамлют аудандық сайлау комиссиясының шешімімен 12 шілде күні 4 тамызға белгіленген аталған аудандардағы Кладбинка, Прибрежный, Мамлютка қаласы мен Новомихайлов ауылдық округінің әкімдеріне кандидаттар тіркелді.  

Screenshot_77.jpg

Жамбыл ауданына қарасты Кладбинка ауылдық округі бойынша тіркелген кандидаттардың саны үшеу. Оның біреуі әйел. Екеуі өзін-өзі ұсынса, бір үміткерді «Respubliсa» партиясы ұсынып отыр. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі 55 жастағы Пресновка ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мағазұлы Нұртазин Мәулен. Округтен ұсынылған әйелдің есімі Ұлболсын Шорақызы Уәлиева. 33 жастағы ол Жамбыл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы болып жұмыс істейді. «Respubliсa» партиясынан ұсынылған кандидат, ішкі істер органдары тарапынан зейнеткерлікке шыққан 48 жастағы Сұлтан Олегович Абзалимов. 

Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, қазіргі таңда сайлау жүйесінде ашықтық бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сайлау жүйесі жаңаша түрленді. «Сайлауға деген халықтың да көзқарасының өзгергені байқау қиын емес. Облысымыздың бес ауданында соңғы өткізген сайлауда байқағанымыз, сайлау учаскелеріне келіп, өз дауысын берушілердің қатары арта түскен. Бұл қуанарлық жағдай. Мәселен, Қызылжар мен Мамлют аудандарында 12 шілде күні кандидаттар тіркеліп, өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті. Олар халықпен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстыруда. Жалпы бұл қос ауыданнан  сайлауға кандидат ретінде 8 үміткер тіркелді», - дейді ол.

Қызылжар ауданы Прибрежный ауылдық округі әкімдігіне тіркелген кандидат саны екеу. Оның бірі, Бескөл ауылдық округі әкімінің орынбасары  Қайрат Серікпайұлы Ғабдуллин өзін-өзі ұсынып отыр. Ал екінші кандидат, округтің әкімі Дәурен Сәкенұлы Рамазановты Amanat партиясы өз орнына қайта ұсынған. 

Мамлют ауданы Мамлютка қаласының және Новомихайлов ауылдық округінің әкімдеріне кандидаттарды ұсыну да аяқталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 113-5 бабына сәйкес аудандық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 11 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Мамлютка қаласының және Новомихайлов ауылдық округінің әкімдеріне кандидаттар тіркелгенін хабарлады. Мамлютка қаласы бойынша үш кандидат тіркелді. Оның екеуі өзін-өзі ұсынған. Біреуі 35 жастағы «Искра» сауықтыру лагерінің директоры Айбек Мұратұлы Абилов. Екіншісі, 34 жастағы Мамлют ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй коомуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маман-заңгер Ержан Нұрланұлы Мәженов. Ал үшінші кандидатты, 48 жастағы, уақытша жұмыссыз жүрген Асқар Кеңесұлы Оразалиновты Amanat партиясының Мамлютка қалалық  филиалы ұсынды.

Новомихайлов ауылдық округі бойынша тіркелген үш кандидаттың бірі 33 жастағы Тохтар Абайұлы Әбділманов. Ол Мамлют ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы болып жұмыс істейді. Екінші кандидаттың есімі Елхан Болатұлы Бименді. 26 жастағы ол Мамлют ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқаруда. Соңғы кандидат 42 жастағы Руслан Төлегенұлы Омаров Мамлют ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары. Бұл кандидаттардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. 

- Көріп отырғандарыңыздай, бүгінгі таңда алдағы сайлауға түсетін кандидаттар белгілі болды. Оларға сайлау талаптары толық түсіндірілді. Жалпы әдетте дауыс беру күні демалыс күніне сәйкес келеді, бұл сайлаушыларға жұмыс уақытында алаңдамау үшін ыңғайлы. Менің ойымша, бұл тәжірибе дұрыс және оны жалғастыра беруіміз керек. Сонымен қатар бұл науқанның айырмашылығы – сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өтеді. Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауын тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы тағайындайды. Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы – бір ай. Сайлау әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын белгіленеді және кемінде 10 күн бұрын өткізіледі. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады. Ұсыну мерзімі сайлау өтетін күнге 15 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін бір ғана кандидат тіркелген болса сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады. Бұл жерде кандидаттарды кімдер ұсынады деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Атап айтқанда, біріншіден – саяси партиялардың мүшесі ретінде саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсына алады. Екіншіден, әрбір кандидаттың өзін-өзі ұсынуға құқы бар. Ол тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолдауына ие болуға тиіс.

Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін бір ғана кандидат тіркелген болса, онда сайлау комитеті кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады және аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша кемінде екі кандидат ұсынуға құқылы, - дейді Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев. 

Есіл ауданында 9 кандидат бақ сынауда
Ғ.Мүсірепов ауданында екі округ бойынша 5 әйел сайлауға түсуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу