Сайлауда әрбір сайлаушының дауысы – маңызды

Oinet.kz 23-06-2024 62

Сайлауда қашанда халықтың дауысы маңызды. 7 шілде күні Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы Дариян, Құрманғазы, Рубежин ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттігі аяқталуына байланысты және Бөкей ордасы ауданы Темір Масин ауылдық округі, Қаратөбе ауданы Аққозы және Қаратөбе ауылдық округтері, Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округі әкімдерінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты әкімдер сайлаулары тағайындалып, өткізілген болатын. 

Screenshot_67.jpg

Осы сайлау қарсаңында Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов Теректі ауданында болып, сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты.

- 7 шілдеге қойылған сайлау облыстың 4 ауданның 7 ауылдық округінде талапқа сай ұйымдастырылып, өткізілді. Халқымызда «Болғанынан боладысы қызық» демекші сайлау алдындағы дайындық жұмыстары сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне себепші болды. Сайлау алды дайындықты көру үшін Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен комиссия хатшысы Жасұлан Нұрғожин жұмыс сапарымен Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ақсуат, Магистрал, Пойма және Әйтиев ауылдарындағы сайлау учаскелерін аралады. Олар жергілікті жердегі комиссия мүшелерімен кездесіп, сайлаушылармен жұмыстары, ұйымдастыру шараларын тыңдап, ауылдық округ әкімінің сайлауы ашық және әділ өтуі қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы мен толыққанды жұмыс істеуі барысында нақты тапсырмалар берілді. Әрине оның нәтижесін 7 шілде күні өткен сайлауда көрдік, - дейді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев.

Сайлау учаскелерінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің жұмыс кестесі аудандық маслихат депутатары, саяси партия, қоғамдық ұйымдар, ауыл ақсақалдары мен байқаушылар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, сонымен қатар аудандық сайлау комиссия мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілді. Басқосу барысында сайлау жүйесіндегі өзгерістер мен толықтырулар, сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу, байқаушы ретінде аккредиттелген ұйымдармен іскерлік қарым-қатынас, электоралды тәрбие мәселелері төңірегінде еркін пікір алмасу болды.

Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндаса, ал аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Роллан Бектеміров, кеңес мүшесі Қайыржан Ахмадиев, Amanat партиясының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, байқаушы Надежда Уштаковалар өз кезегінде саяси науқанға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салып, еліміздің сайлау жүйесіндегі жаңашылдық пен оң өзгерістерді қолдайтындарын айтты. 

Жергілікті қоғамның көшбасшылары ауыл әкімдерінің сайлауы мемлекеттік басқаруды жетілдірудің басты бөлігі екендігін терең түсінеді. Жиынды қорытындылаған Әділ Тауфикұлы елдегі саяси реформалардың басты қағидаты – халықтың үніне құлақ асу болғандықтан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы осындай кездесулерді жиі өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформа аясында үш жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылғаннан бері облысымызда үш аудан әкімі, ондаған ауылдық округ әкімі сайлауы өткізілді. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. Осының барлығының да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуіне жергілікті жердегі өткізіліп жатқан оқу-семинарлары мен тренингтердің, дөңгелек үстелдердің көп септігі бар. Бұл іс-шаралар арқылы учаскелік сайлау комиссиясының жұмысы ширап, мамандардың біліктілігі артты. Өткен сайлаудың қорытындысы жаман болмады. Ендігі кезекте 4 тамызға белгіленген сайлауға дайындық жұмыстары бүгіннен басталып кетті, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев. 

Ақсуаттықтар өз таңдауын жасады
Павлодар облысында кандидаттар нақтыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу