Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Батыс Қазақстан облысында 7 шілде күні өткен сайлау өз мәресіне жетті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың айтуынша, облыстың Бәйтерек ауданы Дариян, Құрманғазы, Рубежин ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттігі аяқталуына байланысты және Бөкей ордасы ауданы Темір Масин ауылдық округі, Қаратөбе ауданы Аққозы және Қаратөбе ауылдық округтері, Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округі әкімдерінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты әкімдер сайлаулары тағайындалып, өткізілді.
- Облыста ұйымдастырылған төрт ауданның 7 ауылдық округі бойынша сайлау қарсаңында барлығы 23 кандидат тіркелді. Оның бесеуі Amanat партиясынан ұсынылса, 18-і өзін-өзі ұсынғандар. 23 кандидаттың 16-ы мемлекеттік қызметшілер, 4-і бюджет саласынан, біреуі коммерциялық ұйымнан, біреуі зейнеткер, ендігі бірі басқа саладан. Кандидаттардың орта жасы 39,9 жас, ең жас кандидат 28 жаста, жасы үлкені 57 жаста. Кандидаттардың 8-і өздері түскен ауылдық округтің тұрғыны, ал 13 кандидат аудан, 2-і облыс аумағында тұрады. Халық осы 7 ауылдық округ бойынша 23 кандидатқа дауыс беріп, 7-ін таңдау мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, Бәйтерек ауданының Рубежин ауылдық округі әкімі сайлауына 3 кандидат тіркелген. Бұл сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 1053 сайлаушының 580-і сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Дауыс санау барысында «Барлығына қарсы» деген жолға 6 сайлаушы белгі соқса, 56 бюллетень жарамсыз болып қалған. Дегенмен, сайлау барысында кандидаттардың бірі Н.Аткешов сайлаушылардың 215 дауысын жинаса, келесі үміткер А.Жұмағалиев 298 дауысын иеленді. Ал үшінші кандидат М.Мұхтаровқа 5 адам ғана қолдау білдірген. Сайлау қорытындысымен Рубежин ауылдық округінің әкімі болып Жұмағалиев Арман Юрьевич сайланды. 1981 жылы туған ол бұған дейін жұмыссыз жүрген. Өзін-өзі ұсынған ол сайлау қорытындысымен жаңа қызметіне кірісіп кетті. Өзге ауылдық округтерде халық өз округінің әкімдерін бір-бірден сайлап алды, - дейді Әділ Жоламанов.
Ал Бәйтерек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Бикет Нығметовтың айтуынша, осы күні Бәйтерек ауданына қарасты Құрманғазы ауылдық округінде де округ әкімінің сайлауы талапқа сай өткізілді. Құрманғазы ауылдық округі әкіміне үміткер ретінде 3 кандидат тіркелді. Олардың қатарында болған округтің әкімі Әдемі Құбышқызы Жұманиязованы сайлауға Аmanat партиясының Бәйтерек аудандық филиалы ұсынған болатын. Ал өзін-өзі ұсынғандардың бірі Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі бас инспекторы Асылбек Ғайсаұлы Асанов болса, екіншісі Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Римма Максутовна Нигметова.
Бұл сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 367 сайлаушы енгізілсе, оның 260-ы сайлауға қатысты. Сайлау қарсаңында бір кандидат өз еркімен сайлауға қатысудан бас тартты. Дауыс санау барысында кандидаттардың бірі Әдемі Құбышқызы Жұманиязова сайлаушылардың 188 дауысына, яғни 87 пайызына ие болса, оның қарсыласы Римма Максутовна Нигметова 28 дауысты қанағат тұтты. Сонымен 1982 жылы туған Әдемі Құбышқызы өз орнын сақтап қалды.
Ал Дариян ауылдық округінде өткен сайлау да тартысты өтті. Бұл округте округ әкіміне ұсыныс берген кандидаттардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі округтің экс әкімі Тілек Насырұлы Какенов болса, келесісі Батыс Қазақстан Облысы әкімдігі денсаулық басқармасы «Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы» ШЖҚ МКК медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі директорының орынбасарының міндетін атқарушы Төлеби Болатұлы Бегеев. Үшінші және төртінші кандидаттар Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің және Бәйтерек ауданы мемлекеттік сатып алулар бөлімінің басшысылары Нұрсұлтан Әлібекұлы Қонашев пен Асылбек Нұрлыбекұлы Омаров болатын.
Сонымен Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 113-10-бабына сәйкес, Бәйтерек ауданының Дариян ауылдық округі әкімін сайлау нәтижесі туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындысын жариялады. Дариян сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 4058 азаматтың 1238-і сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Сайлау қарсаңында бір кандидат сайлаудан бас тартты. Дауыс қалған үш кандидат арасында төмендегідей бөлінді. Атап айтар болсақ, Төлеби Бегеев сайлаушылардың 424, Тілек Какенов 680, ал Нұрсұлтан Қонашев 19 дауысына ие болды. Сөйтіп 1967 жылы туған, округтің әкімі Тілек Насырұлы Какенов өз орнын сақтап қалды.
- Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн. Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. Amanat партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады», - дейді Президент. Міне, біздің өңірде де жыл басынан бері бірнеше сайлау өткізілді. Әлі де өткізілуде. Жалпы Бәйтерек ауданында үш ауылдық округі әкіміне 11 кандидат тіркелген болатын. Оның екеуін Amanat партиясы ұсынса, қалғаны өзін-өзі ұсынғандар. Сайлау қорытындысымен Amanat партиясы ұсынса бір кандидат жеңіске жетсе, қалған екі округте өзін-өзі ұсынған кандидаттар округ әкімі болып сайланды, - дейді Бәйтерек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Бикет Нығметов.