М.Жұмабаев ауданында сайлауалды дайындық күшейтілді

Oinet.kz 21-06-2024 64

Елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау шаралары жалғасуда. 4 тамызға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаев қаласының әкімін сайлау қойылған. 

Screenshot_60.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформа аясында үш жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі енгізілген болатын. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. Біздің ауданда да екі жыл көлемінде біреше ауылдық округте әкім сайлауы өткізіліп, нәтижесі жаман болмады. Енді, міне биыл ауданымыздың екі ауылдық округінде сайлау өткізіліп, жаңа әкімдер қызметтеріне кірісті. Соның бірі Успенка ауылдық округінде өткен сайлау. Негізі 19 мамырда өткен округ әкімі сайлауына 4 кандидат тіркелген болатын. Соңғы сәтте бір кандидат өзін тіркеуден бас тартты. Қалған үш кандидат та өзін-өзі ұсынғандар. 

Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 443 азаматтың 296-ы дауыс берді. Дауыс санау барысында 13 бюллетень жарамсыз деп танылса, 31 сайлаушы «Барлығына қарсы» деген тұсқа таңба қалдырған. Ал сайлау қорытындысында С.Бейсебаева сайлаушылардың 157, Г.Жансүгірова 36, ал А.Түтүнова 59 дауысына ие болды. Сөйтіп Успенка ауылдық округінің әкімі болып Бейсебаева Сарагүл Сәрсенқұлқызы сайланды. 1979 жылы туған ол Еңбекші қазақ орталау мектебі директордың міндетін атқарушысы, математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша ұсынған ол бүгінде жаңа қызметіне кірісіп кетті, - дейді Мағжан Жұмабаев аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Данияр Шайкенов.

Жыл басынан бері ауданда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы бойынша өткізілген келесі сайлау Авангард ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Мағжан Жұмабаев аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабы 9) тармақшасына, 44-бабы 2 тармағына, 113-10 бабына сәйкес Авангард ауылдық округінің әкімін сайлау қорытындысы туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы негізінде сайлау қорытындысын белгіледі. Ол сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 631 азаматтың 444-і дауыс берді. Кандидаттар арасында дауыс төмендегідей бөлінді. Атап айтсақ, А.Конюшевский сайлаушылардың 360, Н.Кучерявая 33, Н.Тищенко 25 дауысын жинаған. Сайлау қорытындысында округтің бұрынғы әкімі, Amanat партиясы ұсынған, 1979 жылы туған Конюшевский Александр Андреевич өз орнын сақтап қалды. 

«Енді, міне Мағжан Жұмабаев аудандық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 4 тамызға  тағайындалған Булаев қаласының әкімі сайлауына бар дайындықты бастап кеттік. Бүгінгі таңда әкім лауазымына үміткер болуға ниет еткен кандидаттар құжаттарын жинап, сайлау комиссиясына өткізуде. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады. Ұсыну мерзімі сайлау өтетін күнге 15 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін бір ғана кандидат тіркелген болса сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады. Бұл жерде кандидаттарды кімдер ұсынады деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Атап айтқанда, біріншіден – саяси партиялардың мүшесі ретінде саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсына алады. Екіншіден, әрбір кандидаттың өзін-өзі ұсынуға құқы бар. Ол тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолдауына ие болуға тиіс. Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін бір ғана кандидат тіркелген болса, онда сайлау комитеті кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады және аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша кемінде екі кандидат ұсынуға құқылы. Ал сайлауға кандидатарды қандай жағдайда тіркемейді. Біріншіден, сот шешімі бойынша жазасы өтелмеген немесе алынбаған адам, екіншіден сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық үшін кінәлі деп танылған адам. Осы талаптар үнемі ескеріліп отырады. Жалпы округ әкімдігінен үмітті кандидат 25 жастан асқан Қазақстан азаматы болуға тиіс. Бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарға тиісті куәліктер береді», - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Данияр Шайкенов.

Ғабит Мүсірепов ауданында сайлауалды дайындық жұмыстары басталды
Степной ауылдық округінің сайлаушылары сайлауға 100 пайыз қатысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу