Сырдария ауданының өткен сайлаулардан жинаған тәжирбесі мол
Биыл Қызылорда облысы Сырдария ауданында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілгелі отыр. Осы жылдың 4 тамызына белгіленген сайлау ауданға қарасты Аманкелді ауылдық округінде өткізу жоспарланған.
Сырдария аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Шайланның айтуынша, былтыр ауданда екі сайлау өткізілген. Оның бірі Ақжарма ауылдық округінде өткен округ әкімінің сайлауы болса, екіншісі аудан әкімінің сайлауы.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» деген болатын. Президент тапсырмасымен 2023 жылдық 5 қарашасында елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін пилоттық режимде сайлау өткізілді. Оған Қызылорда облысынан Шиелі мен Сырдария аудандары енді. Сырдария ауданы әкімі лауазымына 3 кандидат тіркелді. Бірінші кандидат Ерлан Бакиров сайлаушылардың 1319, екінші кандидат Бауыржан Қарсақбаев 1176, ал Берік Сарменбаев 13386 дауысына ие болған еді. Сөйтіп, Сырдария ауданының әкімі болып, 1963 жылы туған ауданның әкімі Берік Сарменбаев өз орнын сақтап қалған еді. Осы және алдыңғы сайлауда біздің бір байқағанымыз бақылаушылардың, сайлау учаскелерінің жұмысы, дауыс санау мен сайлауды өткізудегі мамандардың кәсіби деңгейінің жоғары болғаны таңдандырды. Біз алдымызда болғалы отырған сайлауда да сол өткен сайлаулардан үлгі алып, жоғары дайындықпен өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Ермек Мұратбекұлы.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-бабы 8-тармағына сәйкес дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде Қазақстан Республикасының өкілдері – саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, әрбір бұқаралық ақпарат құралдарынан бір-бір өкілден, бірақ әрбір телеарнадан 3 өкілден артық емес, әрбір саяси партиядан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан қатысуға құқылы. Ал, шетелдік ұйымдар мен шет мемлекеттердің өкілдері санына шектеу жоқ.
Дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарында сайлау комиссиясы берген сенім білдірілген адамның куәлігі, жеке куәлігі өзімен бірге болуы тиіс. Қазақстан Республикасының саяси партияларынан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан байқаушыларынан байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталған тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген құжат, жеке куәлік талап етіледі. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізу жолымен байқаушыны тіркеу үшін ұсынылады.
Байқаушылар сайлау комиссиясының отырысына қатысуға, дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға, дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға, тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға, сайлау учаскесінде дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін байқауға, тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға, сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға, дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға, дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға, сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.
Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.
Байқаушылар олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге, сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға, сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға, өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге, Конституциялық заңның және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға, алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге, фото, аудиожазба және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
Сенім білдірілген адамдар Қазақстанның саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады.
- Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiнүстелдер учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады. Сайлау күні сайлаушылардың дауыстарын санау сайлау процесінің маңызды сәттерінің бірі болып табылады. Бұл жұмыс учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің асығыстық пен күйгелектікті болдырмай, ерекше ықыластылығы мен зейінін талап етеді. Заң шығарушы сайлаушылардың дауыстарын санау үшін 12 сағат үздіксіз уақыт бөлуі кездейсоқ емес. Дауыстарды санау байқаушылардың, сенім білдірілген адамдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Барлық санау процедуралары ашық және дауыстап жүргізіледі, - дейді Ермек Шайлан.