Қармақшы ауданында кандидаттарға қойылар талап жоғары

Oinet.kz 19-06-2024 57

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жылбасынан бері 6 аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізіліпті. Ендігі кезекте 2024 жылдың 4 тамызына Қармақшы ауданының Қуандария, сонымен қатар Сырдария ауданының Аманкелді ауылдық округтері қойылған. Бүгінгі күні қос ауылдық округте кандидаттарды тіркеу басталды. 

Screenshot_54.jpg

- Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің ма¬ңызды бөлігінің бірі. Сондықтан ауыл әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байла¬нысты. Екінші жағынан халықпен қа¬рым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады. Мемлекет басшысының осындай демократиялық қоғам құруға талпынысы анық байқалады. Осы орайда ол демократияның бірден-бір көрінісі сай¬лау екеніне назар аударып отыр. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы Қармақшы ауданының өзінде 6 рет өткізілді. Алғашқы сайлау 25 ақпан күні Жосалы, Иіркөл және Қармақшы ауылдық округтерінде өткізілген болатын. Одан кейінгі сайлау 19 мамырда Жосалы кенті, ІІІ Интернационал және Ақжар ауылдық округітерінде ұйымдастырылды. Жалпы бұл ауылдық округтердегі сайлауға барлығы 14904 сайлаушы қатысуы керек болса, оның 12 мыңға жуығы сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Ендігі басымдық 4 тамызда өткізілетін Қуандария ауылдық округіне беріліп отыр, - дейді  Қармақшы ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәурен Ержанов.

Жалпы жоғарыда аталған үш ауылдық округте әкімі болуға үміткер ретінде 9 кандидат тіркелген еді. Олардың ішінде бір әйел бар. Екі кандидат партия тарапынан ұсынылса, 7-і үміткер өзін-өзі ұсынғандар. Жосалы кентінің әкімі сайлауына сайлаушылар тізіміне енген 12540 адамның 8233-і қатысқан. Кент әкімі болуға кандидат ретінде 3 адам тіркелген болса, дауыс беру қорытындысымен сайлаушылардың 5872 дауысын жинаған  Алмасхан Арипханұлы Доcмұратов топ жарды. Ал оның қарсыласы Ерлан Мырзабекұлы Еркебаев 803, Нұржан Арыстанұлы Шәпи 1479 дауыс жинаған болатын. мұнда «Барлығына қарсы» белгісіне 79 сайлаушы белгі соққан.   

Дауыс беру қорытындысымен Алмасхан Досмұратов Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің әкімі болып сайланды. 1986 жылы туған ол Жосалы кенті әкімі аппаратының коммуналдық мемлекеттік мекемесінде кент әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. 

Ал ІІІ Интернационал ауылдық округінде 1255 адамның 899-ы сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасаған. Мұнда екі үміткер сайлау бюлетеніне түсіп, 658 дауыспен Жеткерген Қайыржанұлы Қалымбетов алға шықты. Ал оның қарсыласы Нұрсұлтан Жолмаханов 229 дауысқа ие болды. Дауыс беру қорытындысымен 1984 жылы туған, Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жеткерген Қайыржанұлы ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

Ақжар ауылдық округіндегі сайлау тізімінде 958 сайлаушы болса, дауыс бергені 736 адам. Дауыс беру барысында Данияр Ертайұлы Ахметов сайлаушылардың 102, Батыржан Қожабайұлы Тұрғанов 66, ал Нұржамал Бектайқызы Тұрсынбаева 563 дауысына ие болды. Сөйтіп  Нұржамал Бектайқызы Тұрсынбаева өз орнын сақтап қалған еді. 

- Бүгінгі таңда 4 тамызға белгіленге сайлауалды дайындық жұмыстары басталып кетті. Әкім болуға ниетті үміткерлер тарапынан өтініштер түсуде. Дегенмен сайлау талабын орындау әрбір ел азаматының басты парызы. Өтініш беруге келген әрбір азаматқа сайлау талаптары толық түсіндірілуде. Жалпы әдетте дауыс беру күні демалыс күніне сәйкес келеді, бұл сайлаушыларға жұмыс уақытында алаңдамау үшін ыңғайлы. Менің ойымша, бұл тәжірибе дұрыс және оны жалғастыра беруіміз керек. Сонымен қатар бұл науқанның айырмашылығы – сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өтеді. Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауын тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы тағайындайды. Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы – бір ай. Сайлау әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын белгіленеді және кемінде 10 күн бұрын өткізіледі. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады. Ұсыну мерзімі сайлау өтетін күнге 15 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін бір ғана кандидат тіркелген болса сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады. Бұл жерде кандидаттарды кімдер ұсынады деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Атап айтқанда, біріншіден – саяси партиялардың мүшесі ретінде саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсына алады. Екіншіден, әрбір кандидаттың өзін-өзі ұсынуға құқы бар. Ол тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолдауына ие болуға тиіс.

Сайлауға кандидатарды тіркемейтін жағдайда болады. Яғни қандай жағдайда кандидат бола алмайды? Атап айтар болсақ, біріншіден, сот шешімі бойынша жазасы өтелмеген немесе алынбаған адам, екіншіден сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық үшін кінәлі деп танылған адам. Осы талаптар үнемі ескеріліп отырады. 

Жалпы округ әкімдігінен үмітті кандидат 25 жастан асқан Қазақстан азаматы болуға тиіс. Бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарға тиісті куәліктер береді. Тіркелгеннен кейін бесінші күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кандидатты тіркеу туралы хабарлама жарияланады. Ал сайлау алдындағы үгіт жұмыстары сайлау күніне 10 күн қалғанда кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Сайлау болатын күннің алдында жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады. Жалпы Қармақшы ауданында кандидаттарға қойылар талап жоғары, - дейді Қармақшы ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәурен Ержанов.

Кандидат болып тіркелу үшін қандай құжаттар қажет?
Сырдария ауданының өткен сайлаулардан жинаған тәжирбесі мол
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу