Кандидат болып тіркелу үшін қандай құжаттар қажет?

Oinet.kz 18-06-2024 73

Әкім сайлау – қазаққа бейтаныс рәсім емес. Бабаларымыз болыс, би, қазыларды да, ханды да сайлаған. Сол үрдіс бүгінгі күні де жалғасып келеді. Соның бірі 4 тамыз күні Жетісу облысының Сарқан ауданының Лепсі ауылдық округтерінде өткізілгелі отыр. 

Screenshot_53.jpg

Сарқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұратбек Естеуовтың айтуынша, биыл алғашқы сайлау 11 ақпанда Қарабөгет ауылдық округінде өткен. Қарабөгет округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 896 азаматтың 754-і, яғни 84,2 пайызы дауыс берген. Үш кандидаттың ішінен Алмас Ермекұлы Дюсембаев сайлаушылардың басым дауысына ие болған. Сөйтіп, Amanat партиясы ұсынған округтің бұрынғы әкімі, 1990 жылы туған Алмас Ермекұлы Дюсембаев өз орнын сақтап қалды. 

- 4 тамыз қарсаңында, дәлірек айтсақ, 21 шілде күні Көктерек ауылдық округінде округ әкімінің сайлауын өткізгелі отырмыз. Сарқанда 1 аумақтық және 2 учаскелік сайлау комиссиялары, 17 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Мұнда да 13 маусымнан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталған. Бүгінгі күні 3 кандидат ұсынылып отыр. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар. Көктерек ауылдық округі әкіміне тіркелген кандидаттардың екеуі өзін-өзі ұсынған болса, бірін Amanat партиясы ұсынған. Өзін-өзі ұсынған үміткердің бірі 1995 жылы туған, аталған округ әкімінің бас маманы Салтанат Қалмұхамбетқызы Жармұхамбет. Екінші үміткердің есімі Мирхат Ташболатұлы Сабитов. 1969 жылы дүниеге келген ол «Сабитов» шаруа қожалығының басшысы. Үшінші кандидат, Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі Серік Құрманұлы Смағұлов. 1966 жылы дүниеге келген ол осы округтің әкімі. Үміткерлер бүгінгі таңда округ аумағында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Осы сайлауды өткізген соң 4 тамызға қлйылған Лепсі ауылдық округі әкімінің сайлауын өткізетін боламыз. Бұл округ бойынша бүгінгі күні кандидаттар ұсынылуда, - дейді комиссия төрағасының орынбасары.  

Лепсі ауылдық округі әкіміне кандидаттар ұсыну осы жылдың 10 шілдесінде аяқталды. «Осы ретте ескерте кететін нәрсе, әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Сондықтан да мен комиссияға ұсынылатын құжаттардың тізімін тағы бір үміткерлердің естеріне салғанды жөн көріп отырмын», - дейді Сарқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұратбек Естеуов.

Оның айтуынша, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдеріне кандидаттарды саяси партиялармен ұсыну үшін: өтініш, өмірбаяндық мәліметтер; Осы саяси партияны мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, кандидатты ұсыну туралы хаттамадан үзінді ұсынылады. (тұлғаның саяси партияға мүшелігін растайтын құжат);

Жетісу облысында тіркелген саяси партиялар филиалдарының (өкілдіктерінің) филиалдың (өкілдіктің) ережесіне сәйкес ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдеріне кандидаттар ұсыну өкілеттігін растайтын партия Жарғысынан үзінді. Жетісу облысының Әділет департаментіндегі өзгерістерді есептік тіркеу туралы құжаттың көшірмесі. (өзгерістер заң жарияланғаннан кейін енгізілді).

Ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдеріне кандидаттар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды ұсынады

-Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

-Білімі туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері;

-Ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдеріне кандидаттың нысан бойынша қызметтік тізімі;

-Еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесі;

Саяси партия ұсынған кандидатты тіркеу

-Саяси партияны мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, осы саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы отырысының кандидатты ұсыну жөніндегі хаттамасынан үзінді көшірме;

-Азаматтың әкім болуға кандидат ретінде дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші;

-Кандидат туралы өмірбаяндық деректер;

-Кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамалары;

-Саяси партияның сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;

-Адамның саяси партияға мүшелігін растайтын құжат;

-Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіретін азаматтарға арнайы тексеру жүргізуге қажетті құжаттар.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіретін азаматтарға арнайы тексеру жүргізу үшін қажетті құжаттар

-Диплом көшірмесі қосымшасымен; -Фото 3х4 – 2 дана; -Жеке куәліктің көшірмесі; -2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша кандидат пен жұбайына (зайыбына) декларация тапсыру туралы анықтамалардың көшірмелері; -Белгіленген үлгідегі сауалнама; -Белгіленген үлгідегі өмірбаян;

-ҚР БП ҚС ж АЕКБ-нің белгіленген нысандағы талабы кандидатқа және сауалнамада көрсетілген барлық туыстарына 1,2,3,4,5,6,10,11,12,15-тармақтар толтырылады (18 жастан асқан ата-аналар мен туыстар, оның ішінде қайтыс болғандар); -Неке қию (бұзу) туралы куәліктің көшірмелері;

-Туыстарының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмелері (әкесі, шешесі, әпкесі, ағасы).

- Міне, сайлауға кандидат ретінде тіркелушілерге осы құжаттар ұсынылады. Осы құжаттарды толық тапсырған, олардың деректері сайлау талабына сай келген үміткер сайлауға жіберіледі. Ендігі кезекте 2024 жылдың 21 шілдесіне және 4 тамызына белгіленген Көктерек пен Лепсі ауылдық округі әкімінің сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, талапқа сай өткізіледі деп ойлаймыз, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұратбек Қасымбекұлы.

Сайлауалды дайындық жұмыстары басталды
Қармақшы ауданында кандидаттарға қойылар талап жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу