Қарқаралыда 7 ауыл әкімі сайланып, кезекті сайлауға дайындық басталды

Oinet.kz 17-06-2024 89

Қарағанды облысында 4 тамызға белгіленген ауылдық округ әкімінің сайлауын Қарқаралы ауданының Ынталы ауылдық округінде өткізу белгіленген. Қазіргі таңда Қарқаралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Слямиден Нүркеновтың айтуынша, алдағы сайлауға дайындық жұмыстары басталып кеткен.

Screenshot_4.jpg

Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндай сайлау біздің ауданымыздың 7 ауылдық округінде өтті. Атап айтсақ ауданымыздың Қарқаралы қаласы, Егіндібұлақ, Қ.Аманжолов, Балқантау, Томар және Угар ауылдық округтерінің әкімдері бірнеше ай бұрын қайта сайланды. Мәселен, Қарқаралы қаласы әкімінің сайлауына сайлаушылар тізіміндегі 6241 сайлаушының 3604-і қатысып, дауыс берді. Сайлаушылардың 3115 дауысына ие болған Аслан Рахимұлы Рахимбергенов Қарқаралы қаласының әкімі болып сайланды. 1985 жылы туған ол қызметке кіріскенге дейін уақытша жұмыссыз болған. Оның кандидатурасын Amanat партиясы ұсынған еді. Ал Егіндібұлақ ауылдық округі әкімін сайлауына 1300 сайлаушының 726-ы қатысып, өз таңдауларын жасады. Мұнда өзін-өзі ұсынған Бейбит Айтмаганбетұлы Толекеев әкім болып сайланды.  1969 жылы туған ол бұған дейін Егіндібұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бөлім басшысы болатын. Осы екі ауылдық округте өткен сайлау қорытындысына қарап, сайлаудың әділ, ұйымшылдықпен өткенін аңғаруға болады, - дейді төраға. 

Сондай-ақ Қ.Аманжолов ауылдық округі әкімін сайлау да заң талабына сай өткізілді. Сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне енген 940 сайлаушының 622-і сайлауға қатысып, белсенділік танытқан. Үміткерлердің бірі А.Адилханова сайлаушылардың 59, Е.Жоламан 505, С.Төлеубек 35 дауысын жинаған. Сөйтіп, сайлау қорытындысында Amanat партиясы сенім білдірген Қарқаралы ауданының жер қатынастар бөлімінің бас маманы Ербол Исатайұлы Жоламан Қ.Аманжолов ауылдық округінің әкімі болды. Балқантау ауылдық округінде өткен сайлауда де Amanat партиясы ұсынған кандидат Қобланды Ерсайын Саянұлы басым дауыспен жеңіске жетті. 

1994 жылы туған ол Қарқаралы ауданының жастар ресурстық орталығының директоры болып жұмыс істеген болатын. Ал Томар ауылдық округі әкімін сайлаунда да партияның сенім білдірген өкілі, округтің әкімі Нурсылан Рысбекұлы Жагыпаров сайлаушылардың басым дауысын иеленіп, өз орнын сақтап қалды. Угар ауылдық округі әкімін сайлаунда өзін-өзі ұсынған, 1967 жылы туған, «Рымхан» шаруа қожалығының жетекшісі Жанат Рымханұлы Акимов Угар ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін көтерген еді. Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын тағайындау, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған. Сонымен сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Сөйтіп сайлау заңдарына сәйкес халық өз таңдауын жасап, Қарқаралы ауданының Қоянды ауылдық округі және Нығмет Нұрмақов атындағы ауылдық округінің әкімдері сайланды. Қоянды ауылдық округінің әкімі болып Калиев Конысбек Мубаракұлы, ал Нығмет Нұрмақов атындағы ауылдық округінің әкімі болып Ашимов Нурлыбек Мауленұлы тіркеліп, тағайындалды. Ендігі сайлауға кандидаттарды тіркеу алдағы апталарда басталып, жоғарыда өткен ауылдық округтердегі сайлау сияқты жоғары дайындықпен, ұйымшылдықпен өтеді деген сенімдеміз, - дейді Қарқаралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Слямиден Нүркенов.

Осакаров ауданының Батпақты және Николаев ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 4 тамызға қойылды
Қос ауылдық округтегі сайлауды ұйымшылдықпен өткізу жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу