Осакаров ауданының Батпақты және Николаев ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 4 тамызға қойылды

Oinet.kz 17-06-2024 138

Қарағанды облысы Осакаров ауданының Батпақты және Николаев ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 4 тамызға қойылған. Бүгінгі күні сайлауалды дайындық жұмыстары басталып кеткен. Осакаров аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгерім Сүлейменованың айтуынша, сайлау учаскелерінің шекарасын, сайлаушылар тізімін, комиссия мүшелерін толықтыру жұмыстары атқарылуда. Жалпы ауданда биыл екі сайлау өткізілген. 

Screenshot_50.jpg

- Сайлауға ешкімді қинап апара алмайсың, ол – әр адамның таңдауы. Бірақ көзі ашық кез келген азамат сайлаудан тыс қалмайды деп ойлаймын.  Қазір Президентіміздің тапсырмасымен қала, аудан әкімдері мен ауылдық округ әкімдерінің сайлаулары өткізілуде. Мұндай сайлау біздің ауданда да өткізілді. Халық сайлауда өз таңдауларын жасады. Менің бір байқағаным халық «Менің даусым ештеңе шешпейді», «Мен дауыс бергім келген адам тізімде жоқ» деген сенімсіз ойдың жетегінде кететін кезден өтті. Немқұрайлылыққа салынбай, өткен сайлауға қатысып, дауыс бергендер көп болды. Өткен сайлаудан мен соны байқадым. Жалпы жыл басынан бері ауданымызда екі сайлау өтті. Оның бірі 18 ақпанда өткізілсе, екіншісі 9 маусымда болды. Пионер ауылдық округі әкімінің сайлауына Сайлаушылар тізіміне енген 1141 азаматтың 812-і қатысты. Ұсынылған кандидат үшеу. Дауыс беру барысында үміткердің бірі Д.Кызыр сайлаушылардың 108 дауысын иеленді. Ал одан өзге екі кандидаттың бірі Т.Оразалы сайлаушылардың 88, Г.Саульян 604 дауысын иеленді. Сайлау қорытындысы бойынша Осакаров ауданы Пионер ауылдық округі  әкімі болып 1981 жылы туған, Пионер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Саульян Григорий Александрович сайланды, - дейді ол.

Ал 9 маусымға белгіленген сайлау Осакаров ауданының Жансары ауылдық округінде өткен сайлау да ұйымшылдықпен өтті. Мұнда 3 кандидаттың екеуі өзін-өзі ұсынса, бір адам «Amanat» партиясы атынан сайлауға түсті. Атап айтсақ, «Amanat» партиясы ұсынған кандидат «Жансары ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алтынай Жанабайқызы Ибрагимова. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі – «Білім» білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ольга Александровна Саак, екіншісі – Родников ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Елка Сексенбай. 

Сайлау учаскесіне сайлаушылар тізіміндегі 272 азаматтың 205-і қатысып, өз таңдауларын жасады. 5 адам өз таңдауын денсаулығына байланысты үйінде берді. Осакаров ауданы Жансары ауылдық округі әкімі сайлауының келесідей қорытындылары белгіленді. Атап айтсақ, Алтынай Ибрагимова сайлаушылардың 165 дауысын иеленіп, жеңіске жетті. Сайлау қорытындысы бойынша Осакаров ауданы Жансары ауылдық округі  әкімі болып 1966 жылы туған Алтынай Жаңабайқызы сайланды. 

- Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Өйткені, сайлау елді біріктіретін, ойды тоғыстыратын сын мен сынақтан әбден ысылған саяси құрал. Ал, бұл сайлаудың негізгі идеясы еліміздің баға жетпес қазынасы бірлік пен ынтымақтың, татулық пен келісімнің маңына топтасу идеясы. Оны ауданымызда өткен Пионер мен Жансары ауылдық округі әкімдерінің сайлауында жете түсіндік. 

Жалпы сайлау жүйесі – бұл саяси билікті занды түрде қалыптастыруды қамтамасыз ететін ереже. Мемлекет жаңаруын Президент сайлануымен алып қарар болсақ, призидент сайлау арқылы өз мандатымен таққа отырады, сайлауға мемлекеттегі азаматтар ат салысады. Бұл барлық әлеуметтік топтардың мүдделерін анықтаудың, қалыптастырудың, іске асырудың тетіктерін жетілдіру. Жеке адамның жан-жақты жетілуіне көмектесу, ұлттардың үйлесімді дамуы, достықты нығайтып, ынтымақтастықтың процестерін жүргізу. Мәселен, өткен жылы өткен Президент пен Парламент Мәслихатының жергілікті мәслихаттардың сайлауы елімізге соны өзгеріс алып келді. Бүгінгі таңда елімізде ауылдық округтер мен аудан, қала әкімдерінің сайлаулары өткізілуде. Ендігі кезекте алдымызда тағы бір сынақ тұр. Ол 4 тамызға ауданымызда белгіленген Батпақты мен Николаев ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымшылдықпен өткізу жауапкершілігі, - дейді Осакаров аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айгерім Сүлейменова. 

Бұқар жырау ауданында жыл басынан 8 округте әкімі сайлауы өткізілген
Қарқаралыда 7 ауыл әкімі сайланып, кезекті сайлауға дайындық басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу