Қарағанды облысының Шет ауданы бүгінге дейін 5 сайлау өткізіп, 6 сайлауға дайындықты бастап кетті

Oinet.kz 25-07-2024 391

Қарағанды облысы бойынша аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы жалғасын табуда. Бұған дейін облыста 18 ақпан, 14 сәуір, 5 мамаыр мен 9 маусымда бірнеше ауданның ауылдық округтерінде әкім сайлауы өткізілген болатын. ендігі кезекте Қарағанды облысының 6 ауданының 7 ауылдық округінде ауыл әкімін сайлау 4 тамызға белгіленген. 

Screenshot_48.jpg

Атап айтсақ, ол аудандар қатарында Абай, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Осакаров және Шет аудандары бар. Бұл жолы Абай ауданының Юбилейное, Ақтоғай ауданының Ортадересін, Бұқар жырау ауданының Ботақара кенті, Қарқаралы ауданының Ынталы, Осакаров ауданының Батпақты және Николаев, Шет ауданының Ақой ауылдық округтері еніп отыр.

Шет ауданында бұл жыл басынан бері өткізілгелі отырған төртінші сайлау. Шет аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Амангельдиновтың айтуынша, бұған дейін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының тағайындауымен үш ауылдық округте сайлау өткізілген. алғашқы сайлау 18 ақпанда өткен.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформа аясында екі жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Осылайша, еліміздің көптеген елді мекендерінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне белсене кірісті. Ал, биыл бұл демократиялық үрдістің қисынды жалғасы ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы ақпан айынан бастап қайта басталып кеткен болатын. Шет ауданында 18 ақпанда өткен Босаға және Бұрма ауылдық округтері әкімдерінің сайлау қорытындысы бойынша жаңа әкімдер сайланды. Босаға ауылдық округінің әкімі болып, 1978 жылы туған, Босаға ауылының тұрғыны, Қазбек Құрманбайұлы Рахметов сайланса, ал Бұрма ауылдық округінің әкімі болып 1962 жылы дүниеге келген Нұрболат Ақбарұлы Абишев сайланды, - дейді Б.Амангельдинов.

Ал 14 сәуірде өткен Шет ауданының Тағылы ауылдық округі әкімінің сайлауына округтері сайлаушылар тізіміне енген 524 азаматтың 329-ы, яғни 62,79 пайызы қатысып, дауыс беруген. Ондағы тіркелген кандидаттар саны - 3 адам, оның бірін Amanat партиясы ұсынса, екі үміткер өзін-өзі ұсынған. Сайлаудың өтуін бақылауға кандидаттардың 2 сенімді тұлғасы және Amanat партиясынан 2 бақылаушы қатысқан. Сайлау заң талаптарын сақтай отырып, заңбұзушылықсыз өтті. Прокуратура органдарына шағымдар мен арыздар түскен жоқ, соттарға талап-арыздар енгізілген жоқ. Дауыс санау барысында Санат Қанатұлы Алишев сайлаушылардың  271, Жумагулова Алия Балтабайқызы 17, ал Махметов Темірлан Төкенұлы 22 дауысын жинаған. Сонымен Тағылы ауылдық округінің әкімі болып 1988 жылы туған, Тағылы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алишев Санат Қанатұлы сайланды. 

9 маусым күні Шет ауданының Ақжал кенті, Ақшоқы және Киікті ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Амангельдиновтың айтуынша, Шет ауданының Ақжал кенті, Ақшоқы, Киікті ауылдық округтері әкімдеріне 11 кандидат ұсынылып, оның 9-ы тіркелген еді. Тіркелген үміткерлердің ішінде 8 ер адам және 1 әйел адам болған. Мамандықтар бойынша 5-еуі заңгер, 4-і басқа сала маманы. Тіркелген кандидаттардың 9-ы мемлекеттік қызметші. Ал 9 маусым күні сайлау қорытындысы шығып, жаңа әкімдер тағайындалды. 

«Мұндағы сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 2946 азамат енгізілсе, оның 1900-і, яғни 64,49 пайызы қатысып, дауыс берді. Әкімдікке кандидаттар саны 9 адам, оның ішінде «Amanat» партиясынан 3 кандидат, өзін-өзі ұсыну арқылы 6 кандидат сайлауда бақтарын сынады. Сайлауға кандидаттардың 5 сенімді тұлғасы және «Amanat» партиясынан 3 бақылаушы қатысты. Жеке-жеке тоқталар болсақ, Ақшоқы ауылдық округі бойынша 184 сайлаушы дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Сайлаушыларының басым дауысына Ақшоқы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанабек Жеңісұлы Жолдыбеков ие болды. Ол ауыл тұрғындарының 157 дауысын жинаған болатын. Amanat партиясының ұсынуымен сайлауға түскен ол Ақшоқы ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

 Киікті ауылдық округі бойынша сайлаушылардың 70 пайызы қатысты. 341 сайлаушының басым дауысына Amanat партиясы ұсынған, 1987 жылы туған Киікті ауылдық округінің әкімі Смағұлов Мерей Қуатбекұлы ие болды. Сонымен сайлауда жеңіске жеткен округтің бұрынғы әкімі Киікті ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

Ақжал кенті сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 2189 азамат енгізілсе, оның 1375-і сайлауға қатысып, өз дауыс берді. Сайлау қорытындысында Ардақұлы Қуаныш сайлаушылардың 116, Әбдірәсіл Ерасыл Бекболатұлы 1138, ал Жақанов Олжас Мұсағұлұлы 99 дауысын иеленді. Ақжал кентінің әкімі болып Әбдірәсіл Ерасыл Бекболатұлы сайланды. Ол 1997 жылы туған. Бұған дейін «Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметін атқарған еді. Оны да ұсынған «Amanat» партиясы. Сөйтіп, 9 маусымда өткен үш округтің де әкімдері сайланды», - дейді Б.Амангельдинов.

Ендігі сайлауға Шет ауданының Ақой ауылдық округтері еніп отыр. «Бұл сайлауды да алдағы уақытта жоғарыда өткізілген аудандағы бес ауылдық округі әкімдерінің сайлауы сияқты сайлау талабына сай өткіземіз деген сенімдеміз. Қазіргі таңда сайлау учаскелерінің шекараларын, сайлаушылар тізімі мен комиссия мүшелері арасында түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Кандидаттарды тіркеу алдағы күндері басталады. Елдің қамын, жұрттың талабынан шығатын іскер әкімді халық өздері таңдап, бірлесе жұмыс істейді деген сенімдеміз», - дейді комиссия төрағасы.

Павлодар облысы бойынша кандидаттар тіркелуде
Бұқар жырау ауданында жыл басынан 8 округте әкімі сайлауы өткізілген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу