Павлодар облысы бойынша кандидаттар тіркелуде

Oinet.kz 16-06-2024 150

Қазіргі таңда сайлау жүйесінде ашықтық бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сайлау жүйесі жаңаша түрленді. Халықтың да көзқарасы өзгергені байқалады. Павлодар облысының аудандарында жыл басынан бері төрт-бес қайтара сайлаулар өткізілді. Ендігі сайлау облыстың 5 ауданында 28 шілдеге белгіленіп отыр. 

Screenshot_47.jpg

«Облысымыздың аудандарында сайлау өткізгенде байқағанымыз, сайлау учаскелеріне келіп, өз дауысын берушілердің қатары арта түскен. Бұл қуанарлық жағдай. Соңғы сайлау 16 маусымда облысымыздың Ақсу қаласының Қанаш Қамзин, Ертіс ауданының Ағашорын және Успен ауданының Қозыкеткен ауылдық округтерінде өтті. Мәселен, 16 маусымда өткен Ағашорын ауылдық округінің әкімін сайлауына сайлаушылар тізіміне енген 693 азаматтың 376-ы қатысып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру барысында Ахметов Кайнар Мухаметжанұлы сайлаушылардың 37, Тюлегенов Дулат Балыкбайұлы 20, Хазаева Луиза Шамилқызы 278 дауысына ие болды. Сөйтіп Ағашорын ауылдық округінің әкімі болып 1984 жылы туған, Ұзынсу орта мектебінің директоры, Amanat партиясының сенім білдірген өкілі Хазаева Луиза Шамилқызы сайланды. 

Ал Успен ауданы Қозыкеткен ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне 646 азамат енгізілсе, дауыс беруге оның 354-і қатысты. Сайлау қорытындысында Әділ Назымбекұлы Құрманбаев сайлаушылардың 232, Еркебұлан Бағдатұлы Мәдениетов 41, ал Арман Дүйсенұлы Таймасов 32 дауысына ие болды. Сонымен сайлау қорытындысы бойынша Қозыкеткен ауылдық округінің әкімі болып 1984 жылы туған, округтің бұрынғы әкімі Құрманбаев Әділ Назымбекұлы қайта сайланды. Ең бастысы біз ондағы  сайлаудың  ашық өткенінінің куәсі болдық, - дейді Павлодар облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Людмила Кабанцова.

Сайлау дегеніміз – халықтың үні, халықтың пікірі. Демек әділ қоғам құрудың алғышарты мен іргетасы осы ауыл әкімдерін сайлаудан бастау алары анық. Бүгінгі таңда Павлодар облысы Павлодар қаласының, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл және Тереңкөл аудандарының аумақтық сайлау комиссиялары 2024 жылғы 28 шілдеге тағайындалған әкімдерді сайлау туралы хабарламасы жарияланды. Атап айтсақ, сайлауға Павлодар облысының Павлодар қаласының Мойылды, Аққулы ауданының Қызылағаш, Ақтоғай ауданының Ақжол, Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ және Тереңкөл ауданының Алтай ауылдық округтері енген. Бүгінгі күні аталған аудандардағы ауылдық округ әкімдеріне кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. 

- Бүгінгі күні кандидаттарды ұсыну шаралары жалғасуда. Мәселен, Павлодар қаласы Мойылды ауылының әкіміне 4 кандидат ұсынылып отыр. Оның бірі саяси партия тарапынан ұсынылса, 3 азамат өзін-өзі ұсынған. Орташа бәсекелестік бір орынға 4 адамды құрады. Қазіргі таңда ұсынылған кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау және оларды тіркеу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Нақты тіркеу 2024 жылғы 7 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-5-бабының 9-тармағына сәйкес кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы ресми ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, - дейді комиссия төрағасының орынбасары.

Кандидаттарды тіркеу өзге ауылдық округтерде де жалғасын табуда. Атап айтсақ, Аққулы ауданы бойынша барлығы 3 кандидат өтініш берген. Оның бірін саяси партия, ал екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Мұндағы бір орынға орташа бәсекелестік 3 адамды құрады. Ал Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылдық округі әкіміне 4 кандидат тіркелген. Өзін-өзі ұсынғандар 3, партия тарапынан ұсынылған кандидат бір адам.

Тереңкөл ауданы Алтай ауылдық округінің әкіміне барлығы 3 кандидат ұсынылған. Ұсынылған кандидаттың екеуі өзін-өзі, ал біреуі партия тарапынан ұсынылған. Қазіргі уақытта бұл аталған округтерге ұсынылған кандидаттардың заңнамаға сәйкестігін анықтау және оларды тіркеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, тіркеу 2024 жылғы 7 шілде сағат 18.00-де аяқталады. Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-5 бабы 9-тармағына сәйкес кандидаттарды тіркеу қорытындысы туралы ақпарат ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

- Бір атап өтерлігі, кандидаттарды тіркеу Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 113-5-бабының 2-тармағына сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) әкіміне кандидаттарды тіркеу сайлау жарнасын төлегеннен кейін жүзеге асырылады. Саяси партия ұсынған кандидатты қоспағанда, кандидат өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың шотына сайлау жарнасын енгізеді: 

- аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болуға кандидаттар үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде енгізеді (ЕТЖ 2024 жылғы 1 қаңтарға – 85 000 теңге);

Кандидатты ұсынған саяси партия өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың шотына әрбір ұсынылған кандидат үшін сайлау жарнасын енгізеді:

- аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болуға кандидаттар үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде енгізеді (ЕТЖ 2024 жылғы 1 қаңтарға – 85 000 теңге).

Енгізілген жарна, егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда, кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және жергілікті бюджет кірісіне айналдырылады, - дейді Павлодар облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Людмила Кабанцова.

Кеген ауданында 3 кандидат сайлауға қатысуға өтініш берді
Қарағанды облысының Шет ауданы бүгінге дейін 5 сайлау өткізіп, 6 сайлауға дайындықты бастап кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу