Сарқанда дайындық жұмыстары қыза түскен

Oinet.kz 15-06-2024 85

Ұлы далада қалыптасқан сайлауы да, заңы да, басқару жүйесі де болған. Сол үдеріс бүгінде жаңғырып жатса, неге құптамасқа? Қазіргі таңда сайлау жүйесінде ашықтық бар. Халықтың бүгінде сайлауға деген сенімі артып келеді. Бұған дейін Жетісу облысының Сарқан ауданында өткізілген сайлаулар соның ашық дәлелі. Бүгінгі күні ауданның Көктерек ауылдық округінде 21 шілдеге округ әкімінің сайлауы қойылған.

Screenshot_44.jpg

- Әкім сайлау – қазаққа бейтаныс рәсім емес. Бабаларымыз болыс, би, қазыларды да, ханды да сайлаған. Сол үрдіс бүгінгі күні де жалғасып келеді. Сарқанда 1 аумақтық және 2 учаскелік сайлау комиссиялары, 17 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Мұнда да 13 маусымнан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталған. Бүгінгі күні 3 кандидат ұсынылып отыр. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар. Көктерек ауылдық округі әкіміне кандидаттар ұсыну осы жылдың 30 маусымында аяқталды. Ескерте кететін нәрсе, әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.

Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Міне, бүгінгі күні осы талаптардан толық сүрінбей өткен 3 азамат Көктерек ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде тіркелді, - дейді Сарқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұратбек Естеуов. 

Сарқан ауданы Көктерек ауылдық округіне тіркелген кандидаттардың екеуі өзін-өзі ұсынған болса, бірін Amanat партиясы ұсынған. Тіркелген кандидаттарға тоқталар болсақ, өзін-өзі ұсынған үміткердің бірі 1995 жылы туған, аталған округ әкімінің бас маманы Салтанат Қалмұхамбетқызы Жармұхамбет. Екінші үміткердің есімі Мирхат Ташболатұлы Сабитов. 1969 жылы дүниеге келген ол «Сабитов» шаруа қожалығының басшысы. Үшінші кандидат, Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі Серік Құрманұлы Смағұлов. 1966 жылы дүниеге келген ол осы округтің әкімі. Үміткерлер бүгінгі таңда округ аумағында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. 

- Елімізде биыл үшінші жыл қатарынан аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан сайлау бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Президентіміз сайлау өткізу жайын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында жан-жақты анықтап, түсіндіріп айтқан болатын. Мемлекет басшысы: «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. 

Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн.

Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. «Amanat» партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес облысымызда соның ішінде біздің ауданымызда ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы үш жылдан бері өтіп келеді. Жыл басынан бері Жетісу облысындағы аудандарда ауылдық округ әкімдерінің төрт-бес қайтара сайлауы өткізілді. Соның ішінде біздің ауданда бар. Ендігі кезекте 2024 жылдың 21 шілдесіне белгіленген Сарқан ауданы Көктерек ауылдық округі әкімінің сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, талапқа сай өткізіледі деп ойлаймыз, - дейді ол. Сарқан ауданы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұратбек Қасымбекұлы.

Сапақ ауылдық округінде дайындық жұмыстары басталып кетті
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша екі ауылдық округте сайлау өткізіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу