Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Алдымызда тағы бір саяси наухан күтіп тұр. Атап айтсақ, 21 шілде күніне тағайындалған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауына Жетісу облысының Алакөл ауданының Сапақ ауылдық округі енген болатын. Бұл сайлауды да аудандық аумақтық сайлау комиссиясы заң талаптарына сәйкес өткізуді көздеп отыр.
Алакөл аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Садырбекованың айтуынша, Сапақ ауылдық округі әкіміне кандидаттар тіркелуде. Бүгінгі күні үш кандидат тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарын округ бойынша бастап кеткен. «Бір атап өтетін нәрсе, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауда енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтыны айтқан болатын. Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар кандидат бола алмайды. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады. Мін, бүгінгі күні аудандық аумақтық сайлау комиссиясына өтініш берген азаматтардың ішінен 3 азаматтың құжаттары жоғарыда айтылған талаптарға сай келіп, тіркеліп отыр», - дейді Жанар Рашитқызы.
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Осы талаптарды толық орындаған 3 кандидат 30 маусым күні Алакөл ауданы Сапақ ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде тіркелді. Олардың үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар. Атап айтсақ, өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірі – 1970 жылы туған, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы, мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерболат Жолдасқанұлы Биекбаев. Екінші кандидаттың есімі Талғат Саятұлы Кобдиков. 1992 жылы дүниеге келген ол Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Үшінші кандидат 1990 жылы дүниеге келген, Көлбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмас Амантайұлы Кутымбеков, - дейді ол.
Оның айтуынша, ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланады.