Түркістан облысында үш ауылдық округ әкімі сайлауына дайындық басталды

Oinet.kz 13-06-2024 131

Түркістан облысы республикамыздағы бірден-бір өңір аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын өткізу бойынша алдыңғы орында тұрған. Ай сайын облыста кемі екі-үш сайлау ұйымдастырылып келеді. Бір болғанда кемі бір-екі ауданда екі-үш ауылдық округте сайлау өткізіліп тұрады. Енді міне, Түркістан облысында шілде айына үш сайлау қойылған. Оның бірі 7 шілде, екіншісі 14 шілде, үшіншісі 21 шілдеге белгіленген. 

Screenshot_39.jpg

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, Түркістан облысында шілде айында 3 сайлау өткізу жоспарланған. Үш ауданда өткізілетін сайлауға үш ауылдық округ қатысады. Атап айтсақ, 7 шілдеде Сайрам ауданының Ақсукент, 14 шілдеде Қазығұртта болса, 21 шілдеде Отырар ауданының Маяқұм ауылдық округі қойылған. 

- Бүгінгі таңда Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған. Яғни «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Сайлау талабына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс, - дейді ол.

Оның айтуынша, соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар  кандидат бола алмайды. «Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады. Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.

Осы талап үдесінен шыққан кандидаттар жоғарыда аталған округтерде тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. «Бүгінгі күні 14 шілдеге белгіленген Сабыр Рақымов ауылдық округіне кандидаттар тіркеліп, олардың есімдері белгілі болды. Жалпы ауылдық округі әкіміне тіркелген кандидат саны бесеу. Оның бірін Amanat партиясы ұсынған болса, төрт кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі – Сайын Ошақбайұлы Ахаев. 1967 жылы туған ол Майбұлақ жалпы білім беретін мектептің директоры. Ал өзін-өзі ұсынғандардың бірі 1977 жылы туған, уақытша жұмыссыз жүрген Кенжехан Сейтжапарұлы Жадигеров. Екіншісі 1991 жылы дүниеге келген, «Омедин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас есепшісі Төленді Мұсақұлұлы Ортаев. Үшінші кандидаттың есімі 1976 жылы туған А.Бектаев атындағы орта мектеп директоры Асет Матенұлы Оспанов. Төртінші кандидат, 1986 жылы дүниеге келген Қызылқия ауылдық округі әкімінің орынбасары Рақымжан Бауыржанұлы Сванов. 

Ал Отырар ауданы Маяқұм ауылдық округі әкімі лауазымына 30 маусым күні 3 кандидат тіркелді. Үш кандидат та өзін-өзі ұсынған. Оның бірі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Түркістан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті құрылымдық статистика басқармасының бас маманы Руслан Құлмаханұлы Ілесбек. Екіншісінің есімі Нұрлыбай Орынбайұлы Жүнісбек. 1996 жылы дүниеге келген ол Отырар ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің секторы. Ал үшінші кандидат Мияқұм ауылдық округі аппаратының бас маманы, 1964 жылы туған Жаңабек Алтынбекұлы Рахым. Барлық кандидат бүгінгі күні үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті», - дейді Әмірдин Әлішев. 

Абай облысы сайлау науқанына үлкен дайындықпен кірісіп кетті
Аршалы ауылдық округінің әкімі өз орнын сақтап қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу