Абай облысы сайлау науқанына үлкен дайындықпен кірісіп кетті

Oinet.kz 13-04-2024 996

Абай облысында шілде айына екі сайлау қойылған. Оның бірі 7 шілдеге, екіншісі 21 шілдеге белгіленген. Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әсет Ерғазиннің айтуынша, 7 шілде күні облыстың Бородулиха ауданының Степной ауылдық округінде округ әкімінің сайлауы өткізіледі. Қазіргі таңда кандидаттар тіркеліп, дайындық жұмыстары басталып кеткен. 

Screenshot_38.jpg

Ауылдық округі әкіміне үш кандидат тіркелген.  Оның біреуін Amanat партиясы ұсынған болса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Тіркелген кандидаттардың бірі әйел. Ол 1980 жылы туған Жезкент кенті аппаратының бас маманы Зульфия Мамырбаева. Amanat партиясы ұсынған кандидат округтің әкімі, 1984 жылы дүниеге келген Адильбек Халиоллаевич Жунисов. Үшінші кандидаттың есімі Асқат Құмарұлы Құрманбаев. Кандидаттардың барлығы да жоғары білімді. Мемлекеттік қызметте еңбек өтілдері бар азаматтар.  

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бері елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын өткізіліп келеді. Ал Абай облысының Аягөз және Үржар аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 2024 жылғы 21 шілдеге тағайындалған әкімдердің сайлауы Аягөз ауданының Бидайық пен Уржар ауданының Жаңа Тілек ауылдық округтерінде өткізу белгіленген. Қазіргі таңда аталған округтерде сайлау учаскелерін белгілеу, сайлаушылар тізімін нақтылау, учаскелік комиссия құрамын бекіту туралы шаралар жүзеге асырылды. 1 шілде күні қос ауданның қос округінде үміткерлер анықталып, 6 кандидат тіркелді. 2-і кандидатты Amanat партиясы ұсынса, 4 кандидат өзін-өзі ұсынып отыр. Қазіргі таңда олар да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті, - дейді Әсет Ерғазин. 

Оның айтуынша, саяси партия мүшелері қатарынан саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екіншіден сайлауға өз-өзін ұсынушы дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайызынан қол жинау арқылы, өзін-өзі ұсына алады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау дерегі болмауы тиіс.

- Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін басталады және сайлау өткізілетін күннен он бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Сонымен 1 шілде күні кандидаттарды тіркеу аяқталды. Үржар ауданы Жаңа Тілек ауылдық округі бойынша 4 кандидат тіркелді. Оның бірін Amanat партиясы ұсынған. Ол 1996 жылы дүниеге келген, М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рүстем Болатұлы Асылқанов. Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірі – Бейбіт Махсұтұлы Ахметов. 1983 жылы туған ол Үржар ауданы ТҮКШ, Абай жолаушы облысаралық көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің Үржар мемлекеттік мекемесінің меңгерушісі. Келесі кандидаттың есімі Қуаныш Ешмұхамедұлы Кенесары. 1992 жылы дүниеге келген ол Үржар ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді. Соңғы кандидат, 1977 жылы дүниеге келген, құқық қорғау саласынан зейнеткерлікке шыққан Нұрлан Рамазанұлы Микенов. Ал Аягөз ауданы Бидайық ауылдық округі әкіміне екі кандидат тіркелген. Оның біреуін Amanat партиясы ұсынған болса, екіншісі өзін-өзі ұсынған. Партия атынан түсіп отырған кандидаттың есімі Тимур Тілеубекұлы Абдигалимов. 1985 жылы дүниеге келген ол Бидайық ауылдық округ әкімі аппаратының бас мамнын болып жұмыс істейді. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың есімі Эльдар Аятбекұлы Ақтеміров. Ол Аягөз ауданы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы болып еңбек етеді. Барлық кандидат  жоғары білімді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, - дейді Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әсет Ерғазин. 

«Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни сайлау күніне дейін 10 күн бұрын және сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат он екіде аяқталады. Сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жұмыстарын жасайды. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады», - дейді Әсет Баймұратұлы.

Аягөз ауданы Бидайық ауылдық округі бойынша екі кандидат тіркелді
Түркістан облысында үш ауылдық округ әкімі сайлауына дайындық басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу