Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Алдымызда тұрған міндет қала, аудан және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын талапқа сай өткізу. Қостанай облысының Қостанай ауданында 23 маусымында 2 ауылдық округте әкім сайлауы өткізілсе, енді 21 шілдеде ауданның Майкөл және Мәскеу ауылдық округтерінде сайлау өткізу жоспарланған.
Қостанай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жамилия Самбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда аталған ауылдық округтердің әкімдігіне кандидаттар тіркелуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады» деп ауыл әкімдеріне көп жауапкершілік жүктеп отыр. Міне сол жауапкершілікті сезіне отырып бүгінгі күні аудандағы екі ауылдық округ бойынша барлығы 5 кандидат тіркелді. Оның 4-еуі өзін-өзі ұсынса, біреуін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған. Бүгінде ол бес кандидат та үміткер ретінде тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті, - дейді Жамилия Самбаева.
Оның айтуынша, мұның алдында Қостанай ауданының Александров және Заречный ауылдық округтерінің әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өткізіліпті. Александров ауылдық округінің тұрғындары өздерінің жаңа әкімдерін сайлауға таңалакеуімнен келіп, өз таңдауларын жасаған. Сайлау нәтижесінде кандидаттардың бірі – Рахим Абжанов 124, Абылай Закиров 29, ал Алтынбек Нуртаев 361 дауыс жинаған. Сонымен Александров ауылдық округінің әкімі болып 1991 жылы туған, Қостанай ауданы білім бөлімінің Айсары жалпы білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, өзін-өзі ұсынған Алтынбек Серикұлы Нұртаев сайланды. Ал Заречный ауылдық округі бойынша 3 үміткер таласқа түсті. Дауыс санау барысында Нурлан Кузайбин 2880, Рахат Кузембаев 999, Танат Тебенбаев 774 сайлаушы сеніміне ие болған. Сөйтіп Заречный ауылдық округінің әкімі болып 1992 жылы туған, уақытша жұмыссыз жүрген Кузайбин Нурлан Сергович сайланған еді. Оны Amanat партиясы ұсынған болатын. Сөйтіп бұл екі округте бірі өзін-өзі ұсынған, екіншісі партия ұсынған кандидаттар жеңіске жетті.
«Ал енді алдағы, 21 шілдеге белгіленген кандидаттар кімдер? Мен алдымен соған тоқталайын. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 113-5-бабының 9 тармағына сәйкес Қостанай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы әкімдікке кандидаттарды тіркеді. Майкөл ауылдық округі бойынша тіркелген екі кандидаттың бірі – Руслан Ерболатұлы Кембаев. 1978 жылы туған ол уақытша жұмыссыз. Ал екінші кандидаттың есімі – Серик Абылкасұлы Лашенов. 1983 жылы туған ол Қостанай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы. Қос кандидат та өзін-өзі ұсынғандар.
Мәскеу ауылдық округіне тіркелген кандидаттар саны үшеу. Өзін-өзі ұсынғандар екеу, оның бірі – 1982 жылы туған, Қостанай ауданының Жданов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жумагалиев Берик Борантайұлы. Екіншісі – 1977 жылы туған, Қостанай ауданы әкімінің аппараты» ММ ЖД, ТА және АҚ бөлімінің басшысы Асқар Кидербайұлы Жапанов. Ал «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Адильхан Багдатұлы Мұканов. Бүгінгі таңда кандидаттар өздерінің сайлау учаскелерінде үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті», - дейді Жамилия Самбаева.