Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
21 шілдеге еліміздің жеті өңірінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау белгіленген. Соның ішінде Қостанай облысы да бар. Қостанай облысының Жітіқара мен Қостанай аудандарының Милютинка, Приречное, Майкөл мен Мәскеу ауылдық окрутерінде кандидаттар тіркелуде.
Жітіқара аудандының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Қазбекұлының айтуынша, ауданға қарасты Милютин мен Приречное ауылдық округтерінің әкіміне 6 кандидат тіркелген. Алты кандидаттың екеуін Amanat партиясы ұсынса, төртеуі өзін-өзі ұсынғандар.
Жалпы сайлауға кімдер қатысып, үміткер бола алмайды? Жақсылық Қазбекұлының айтуынша, ауылдық округ әкімі сайлауына түсетін үміткерлерге қойылатын басты талап – олар Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Екіншіден, саяси мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға сай болуы керек. Үшіншіден, жас шегі – 25 жас және тексерістен оң нәтиже алуы шарт. Сондай-ақ Конституциялық заңның 113-2-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін тексеру үшін әкімге кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тізбесі бірлескен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 21 маусымдағы №102 бұйрығымен және Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 маусымдағы №4/407 қаулысымен белгіленген құжаттарды ұсынуы керек.
Конституцияға сәйкес сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі бар адам сайлауда әкімге кандидат бола алмайды. Айта кету керек, сайланатын әкімдердің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
- Сайлауға үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады және өзін-өзі ұсыну арқылы. Өзін-өзі ұсынған кезде үміткер тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызының қолын жинау керек. Ал сайлау кезеңдері Заң жобасына сәйкес, сайлау сол елді мекен әкімінің өкілеттігінің аяқталуына 40 күн қалғанда басталады. Ал сайлаудың өзі әкімнің өкілеттігінің аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді. Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннің ертесінде басталып, сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Жалпы үміткерлерді ұсыну мерзімі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады. Кандидаттарды тіркеу сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексереді. Үгіт жүргізуге 8 күн беріледі. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асады. Сондай-ақ заң жобасына мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды қосу нормалары енгізілген. Осы талаптарды әрбір кандидат жақсы білуі тиіс, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Қазбекұлы.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-5-бабының 9-тармағына сәйкес аумақтық сайлау комиссиясы әкімдікке кандидаттардың тіркелгені туралы хабарламасы аясында Милютин ауылдық округіне үш кандидат тіркелді. Екі кандидат өзін-өзі ұсынса, біреуін Amanat партиясы ұсынған. «Бұл ауылдық округтен тіркелген үш кандидаттың бірі округтің әкімі Қайырхан Найзабекұлы Шнарбаев. 1974 жылы туған оны Amanat партиясы ұсынып отыр. Ал өзін-өзі ұсынғандардың бірі 1982 жылы туған, Жітіқара ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Серік Салимгерейұлы Жақсыбаев. Екіншісі 1990 жылы туған, Жітіқара ауданының Пригородное ауылы әкімі аппаратының бас маманы Тимур Мұратұлы Нұрғалиев. Ал Приречный ауылдық округі бойынша түскен кандидаттың бірі, округтің әкімі Сергей Иванович Ходинскийді Amanat партиясы өз лауазымына қайта ұсынуда. Ал өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі Нұрлан Кенжебекұлы Айтмұхамбетов. 1992 жылы туған ол Жітіқара ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы. Келесі кандидаттың есімі Данияр Ароновұлы Байғонысов. 1983 жылы туған ол «Жітіқаракоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының заң бөлімінің бастығы. Кандидаттар Қазақстан Республикасы сайлауының заң талаптарын орындай отырып, өз кандидатураларын ұсынды. Ендігі жерде оларды халық таңдап, өз дауыстарын 21 шілдеде беретін болады. Қазіргі таңда сайлауалды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Үміткерлерге тек сәттілік тілейміз», - дейді Жітіқара аудандының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Қазбекұлы.