Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Ақмола облысының Целиноград ауданында жыл басынан бері төрт ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілді. Ендігі кезекте 21 шілдеге ауданның Тасты ауылдық округіне қойылып отыр. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Маулиевтің айтуынша, бүгінгі таңда ауылдық округі әкіміне кандидаттар тіркеу аяқталып, сайлауға түсетін кандидаттар анықталған.
- Мемлекет басшысы тапсырмасымен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы ел көлемінде өз жалғасын тауып келеді. Биыл біздің ауданда үш-төрт ауыл әкімінің сайлауы өтті. Ол сайлаулардың барлығы республикамыздың сайлау талаптарына сай өткізіліп, халық өз таңдауын жасады. Мәселен, 5 мамырда өткен Қызылсуат ауылдық округінің әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Қызылсуат ауылдық округі әкімі болып Оразбай Құбашұлы Сәлменов тағайындалды. Аталған ауылдық округке жаңа сайланған Оразбай Құбашұлы Сәлменов 1963 жылы дүниеге келген. Степногорск қаласының тумасы. Еңбек жолын 1983 жылы бастаған.
Ал Целиноград ауданының Арайлы ауылдық округтерінде 16 маусымға белгіленген сайлауға төрт кандидат тіркелген болатын. Оның бірі осы округтің бұрынғы әкімі Зейнулла Кенесұлы Айтимбетов. Екінші үміткер «Батыс» орманшылығының орманшысы Мекебай Тұрғанұлы Жилкибаев. Үшінші үміткер Софиевка ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Асель Маратқызы Кинтонова болса, төртінші кандидат Қабанбай батыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Самат Талғатұлы Тлеужан болатын. Бұл сайлауда да халық өз таңдауын жасады. Атап айтсақ, мұндағы сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне енген 1990 азаматтың 533-і дауыс берген. Сонымен кандидаттар арасында Зейнулла Айтимбетов 371, Мекебай Жилкибаев 123, ал Асель Кинтонова 2 сайлаушының дауысына ие болды. Сөйтіп, 1981 жылы туған, Целиноград ауданы Арайлы ауылдық округінің әкімі Зейнулла Кенесұлы Айтимбетов өз орнын сақтап қалды. Бұл ол әкімнің бұған дейін істеген жұмысын халық танып, біліп отырғандығы. Оны халықтың әлі де қолдайтындығын көрсетеді, - дейді Қайрат Маулиев.
Оның айтуынша, Президентіміз соңғы жылдары тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамаларды ұсынып келеді. Бұл саяси реформалар мен бастамалардың басты мақсаты – елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту. Сол арқылы мемлекеттік бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар үшін қажетті реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру. Жыл сайынғы Жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отырғаны айдан анық. «Жыл басында Президентіміз айтқандай, өткен жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Біздің ауданда да ауылдық округтің әкімдерін халық өздері сайлауда. Шын мәнінде үлкен өзгерістің басы болған ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасып келеді. 2021 жылы басталған бұл науқан елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тың серпін беріп, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты», - дейді ол.
- Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады. Ауылдық округ әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасын орындау, ағын су мәселесін шешу, су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау ісіне айрықша көңіл бөлуге тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау және жаңа бизнес идеяларды іске асыру, ауылдың мүмкіндігін ескере отырып туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға міндетті. Міне, осы міндеттерді өз мойнына алып жұмыс істеуге, өзін ұйымдастырушылық және іскерлік қырынан көрсетуге талпынған үміткерлер баршылық ауданда. Солардың үшеуі өз кандидаттарын ұсынып отыр. Яғни, Целиноград аудандық сайлау комиссиясының Тасты ауылдық округі әкіміне жалпы үш кандидат тіркелді. Оның бірі осы округтің бұрынғы әкімі Ержан Мұхтарұлы Сабыров. Екінші үміткердің есімі Лаззат Омарқызы Нұрмағамбетова. 1972 жылы туған ол Оразақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Үшінші кандидат 1982 жылы дүниеге келген, Целиноград ауданының ауыл шаруашылығы білімінің басшысы Нұрлан Серікқазыұлы Дулатов. Үш кандидат та өзін-өзі ұсынғандар. Осы кандидаттар арасынан іскер, еңбекқор, ауылдық округ үшін барын салатын әкімді халық алдағы сайлауда өздері таңдап алатын болады, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Маулиев.