Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Ақмола облысында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы жалғасын табуда. 21 шілдеге қойылған ауылдық округ әкімінің сайлауы облыстың 5 ауданының 6 ауылдық округінде өткізілгелі отыр. Қазіргі таңда кандидаттар тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстары басталып кеткен.
Ақмола облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуовтың айтуынша, облыс көлемінде жыл басынан бері 6-7 сайлау өткізілген. Ал 21 шілдеге қойылған сайлауға Ақмола облысының Ақкөл, Ерейментау, Жақсы, Сандықтау, Целиноград аудандары қатысуда. Атап айтар болсақ, ауылдық округ әкімінің сайлауы Ақкөл ауданының Кеңес, Ерейментау ауданының Ақмырза, Жақсы ауданының Белағаш, Сандықтау ауданының Жамбыл және Максимов, Целиноград ауданының Тасты ауылдық округтерінде өтеді. «Сайлауға үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Біріншісі, белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері арасынан бір адамды ұсынуына болады. Бұл жерде саяси партия бір сайлау округінде тек бір кандидат ұсынуға құқылы. Екіншісі, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Егер ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы», - дейді ол.
Ауылдық округ әкімдерін сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан, ауылдық округ әкімін сайлаудың нәтижесі аса маңызды. Бұл бір жағынан сайланған әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Сондай-ақ, қарапайым халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына өз үлесін қосады.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл әкімдері сайлауы өңірімізде жалғасын тауып келеді. Бұған дейін елімізде болған саяси бәсекелерге біздің аудандардың халқы немқұрайды қарамай, үнемі белсенділік танытып келді. Өткен сайлауларда да жерлестерімнің дәл сондай белсенділік танытқанын өз көзімізбен көрдік. Жалпы, азаматтардың сайлауға қатысуы не үміткер ретінде өзін-өзі ұсынуы – туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Сондықтан «мен» деп алға суырылып шыққан, білімді, жан-жақты азаматтарды қолдасақ, әрбіріміз өз таңдауымызды жасасақ, бұл да бір демократиялық қоғам құруға деген қадам деуге болады. Тағы бір айтарым, аудан және ауыл әкімі болып жергілікті жердің азаматтары сайланса және олар 4-5 жыл туған жеріне қызмет етсе, сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады, - дейді Манарбек Садуов.
Сонымен 2024 жылдың 21 шілдесіне белгіленген ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар тіркеу аяқталды. Атап айтсақ, соның ішінде Ақкөл ауданы Кеңес ауылдық округі әкіміне үш кандидат тіркелді. Үш кандидат та өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі – әйел. Бірінші кандидат 1993 жылы туған, Егіндікөл ауданы Алакөл ауылдық округінің әкімі Жетпісов Мадияр Мұратұлы. Екінші кандидаттың есімі Кирпичников Андрей Николаевич. 1984 жылы туған ол Ақкөл ауданы әкімдігінің «Smart Aqkol-2018» каммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары. Ал үшінші кандидаттың есімі Оспанова Алмагүл Өрікқызы. 1989 жылы туған ол Ақкөл ауданы әкімінің аппаратының бөлім басшысы. Барлығының да мемлекеттік қызмет ісінде еңбек өтілі бар.
- Кандидаттарды тіркеу Ерейментау ауданында да өз жалғасын тапты. Мұндағы Ақмырза ауылдық округі әкіміне үміткерлер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-5-бабына сәйкес келіп түскен құжаттарды қарап, Ерейментау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 28 маусымда Ақмырза ауылдық округі әкіміне екі кандидаттаы тіркеді. Оның бірі осы округтің әкімі, 1982 жылы дүниеге келген Дүйсенов Кенжетай Құсайынұлы болса, екіншісі – Руленов Манас Қанатұлы. 1990 жылы туған ол Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет «МК» КЕАҚ Ерейментау ауданының бөлімі, операциялық залының басшысы. Екі кандидат та өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттарды тіркеу отырысы барысында әкімдікке кандидаттарға куәлік табыс етілді. Ерейментау ауданы Ақмырза ауылдық округі әкіміне тіркелген кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихатқа кірісуге құқығы бар, ол кандидатты тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта аяқталады.
2024 жылдың 30 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ден кейін басталып, ол осы жылдың 20 шілдеде жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылдың 25 тамызындағы «Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемдерін бекіту туралы» 12/202 қаулысына сәйкес барлық кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін тең жағдайлар жасалатынына кепілдік беріледі, - дейді Ақмола облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов.
Ал Жақсы ауданы Белағаш ауылы әкіміне де үміткерлер тіркелді. Атап айтсақ, бұл округ әкіміне үміткердің екеуі әйел. Оның бірі – 1979 жылы туған, Жақсы ауданы Тарасов ауылы әкімі аппаратының бас маманы Гүлмира Қаппасқызы Нарбутанова болса, екіншісі – 1973 жылы туған, Жақсы ауданы Ешім ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қаламқас Манатқызы Ібікенова. Екі кандидат та өзін-өзі ұсынған. Ал Amanat партиясы ұсынған кандидаттың есімі Серік Қапезұлы Есмағамбетов. 1975 жылы туған ол Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Жақсы ауданы филиалының директоры.
Сандықтау ауданы Жамбыл ауылдық округі бойынша 3 кандидат тіркеліп отыр. Amanat партиясы тарапынан ұсынылған кандидат осы округтің әкімі Владимир Владимирович Гуйван. Ол қазір 48 жаста. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі 1977 жылы туған, Мәдениет ауылы әкімі аппаратының бас маманы Галина Константиновна Савиди болса, екіншісі Игорь Васильевич Федченко. 1995 жылы туған ол Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы
Целиноград аудандық сайлау комиссиясының Тасты ауылдық округі әкіміне үш кандидат тіркелді. Оның бірі – әйел. Ол – Лаззат Омарқызы Нұрмағамбетова. 1972 жылы туған ол Оразақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Екінші кандидат 1982 жылы дүниеге келген, Целиноград ауданының ауыл шаруашылығы білімінің басшысы Нұрлан Серікқазыұлы Дулатов. Үшінші кандидат округтің әкімі Ержан Мұхтарұлы Сабыров.
- Бүгінгі таңда елімізде гендерлік саясатқа елеулі көңіл бөлінуде. Оны ауыл округ әкімдерін сайлау барысында да көріп отырмыз. 21 шілдеге белгіленген сайлауға төрт ауданнан 4 әйел үміткер ретінде тіркелген. Бұл аудандар үшін жақсы көрсеткіш. Бұл сайлауда олардың біреуі жеңіске жетіп жатса, жақсы нәтиже болар еді. Алдағы сайлаудың қалай боларын болжай алмаймыз. Дегенмен сайлау әділ өтіп, халық өз таңдауын жасайды деген сенімдемін, - дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов.