Жетісу облысында үш ауылдық округ әкіміне кандидаттар тіркеу басталды

Oinet.kz 10-06-2024 55

Әкім сайлау – қазаққа бейтаныс рәсім емес. Бабаларымыз болыс, би, қазыларды да, ханды да сайлаған. Ұлы далада қалыптасқан сайлауы да, заңы да, басқару жүйесі де болған. Сол үдеріс бүгінде жаңғырып жатса, неге құптамасқа? Қазіргі таңда сайлау жүйесінде ашықтық бар. Халықтың бүгінде сайлауға деген сенімі артып келеді. 

Screenshot_30.jpg

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдері сайлауын өткізуде Жетісу облысының да жинақтаған тәжірибесі мол. Мәселен, жыл басынан бері облыстың аудандарында 4-5 ауылдық округ сайлауы өткізілді. Ендігі кезекте Жетісу облысының Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының Суықсай, Сапақ пен Көктерек ауылдық округтеріндегі әкім сайлауын өткізу 21 шілдеге қойылып отыр. Қазір ол округтерде сайлауалды дайындық жұмыстары басталып кеткен. 

Жетісу облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Тимур Дәуітовтың айтуынша, жоғарыда аталған ауылдық округтерде кандидат ұсыну басталған. «12 маусымда аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Сауықсай ауылдық округіне 2024 жылғы 21 шілдеге сайлау тағайындады. Сайлау тағайындау, сайлау округтерін құру туралы қаулылар, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы және сайлау учаскелерінің шекаралары аудан әкімдігінің сайтының «Сайлау» парақшасында орналастырылды. Барлығы сайлауда 1 аумақтық және 4 учаскелік сайлау комиссиялары, 27 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істеуде. Ал 13 маусымнан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталды, ұсыну құқығы саяси партияларға, азаматтарға, өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ ұсыну мерзімі аяқталған күні екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда, аудан әкіміне тиесілі. Осы жылдың 19 маусымдағы жағдай бойынша 2 кандидат ұсынылса, ол екеуі де өзін-өзі ұсынғандар. Жалпы Суықсай ауылдық округі әкіміне кандидаттар ұсыну осы жылдың 25 маусымы күні сағат 18-00 дейін жалғасады, - дейді Тимур Дәуітов.

Осы сияқты Алакөл және Сарқан аудандарының Сапақ пен Көктерек ауылдық округ әкімдеріне де кандидат ұсыну басталған. Сапақта 1 аумақтық және 2 учаскелік сайлау комиссиялары, 17 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Мұнда да 13 маусымнан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталған. Бүгінгі күні 3 кандидат ұсынылып отыр. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар. Сапақ ауылдық округі әкіміне кандидаттар ұсыну осы жылдың 25 маусымы күні сағат 18-00 дейін жалғасады. Сарқан ауданы бойынша да тиісті жұмыстар жалғасуда. 

- Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтыны айтылған.  Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Алда өткізілетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс, - дейді Тимур Дәуітов.

Оның айтуынша, соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар  кандидат бола алмайды. «Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады.

 «Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.

Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады», - дейді Тимур Дәуітов.

Екі ауылдық округ әкіміне 7 кандидат тіркелді
Ақмола облысы бойынша 5 әйел әкім болуға үміткерлер қатарында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу