Екі ауылдық округ әкіміне 7 кандидат тіркелді

Oinet.kz 10-06-2024 61

14 шілдеге қойылған ауылдық округ әкімдерінің сайлауы Қызылорда облысының Қазалы мен Жаңақорған аудандарының Әйтеке би кенті мен Сунақата ауылдық округітерінде өткізіледі. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накиповтың айтуынша, бұл ауылдық округтер бойынша кандидаттар тіркелген. Сонымен қатар ондағы сайлау учаскелерінде семинар-кеңестер ұйымдастырылып, сайлауалды дайындық жұмыстары басталып кеткен. 

Screenshot_29.jpg

- Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау үш  жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндай сайлау Қызылорда  облысының аудандарында да өтуде. Аудандарда ауылдық округ әкімдерінің сайлауыт өткізу барысында учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің де біліктілігтерін арттыруға көңіл тұрақты бөлініп келеді. Өйткені, қазіргі таңда сайлау талаптарына қойылған жауапкершілік жүгі артып отыр. Сондай-ақ сайлау талаптарында өзгерістер де бар. Бір жағы учаскелік сайлау құрамы үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Сол үшін де олардың сауаттылығы мен біліктілігін арттырып отыру маңызды. Олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне көп ақпарат беріледі. Мәселен, жуырда аумақтық сайлау комиссиясы Қазалы мен Жаңақорған аудандарындағы Әйтеке би кенті мен Сунақата ауылдық округтерінің учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинарын өткізді. Сөйтіп онда сайлауға қойылып отырған талаптар жан-жақты түсіндірілді, - дейді Болат Нұржігітұлы. 

Оның айтуынша, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз дауысының қолдауына ие болуы тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды қолдап қол жинауды сенім білдірген адамдар ұйымдастырады және ол үшін кандидат Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 36-бабында, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада көзделген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін 3 күннен кешіктірілмей тиісінше аудандық сайлау комиссиясы беретін қол қою парақтарымен рәсімделеді. Толтырылған қол қою парақтары тиісінше аудандық сайлау комиссиясына тапсырылады. Ол 3 күн мерзімде ішкі істер қызметкерлерін тарта отырып, жиналған қолдардың растығын тексереді және тиісті хаттаманы рәсімдейді. Қолдардың растығын тексеру Конституциялық заңға сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидатқа қажетті анық қолдар анықталғанға дейін жүргізіледі. 

Кандидат тіркелу үшін саяси партиялар ұсынған кезде азаматтың кандидат болуға келісімі, өмірбаяндық деректері, кандидат пен жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органынан анықтамасы, ҚР мемлекеттік қызметіне кіретін азаматты арнайы тексеру үшін қажетті құжаттарды, саяси партияның сайлау жарнасын енгізгендігін куәландыратын құжат, кандидаттың саяси партияға мүшелігін растайтын құжат ұсынуы қажет. 

Ал өзін өзін ұсынған адам кандидат болып дауысқа түсу туралы өтініші, өмірбаяндық деректер, кандидат пен жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органынан анықтамасы, ҚР мемлекеттік қызметіне кіретін азаматты арнайы тексеру үшін қажетті құжаттарды, сайлау жарнасын енгізені туралы құжат ұсынуы тиіс. 

Сонымен қатар сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз дауысының қолдауына ие болғандығын растайтын аумақтық сайлау комиссиясының анықтамасын да ұсынуы керек. Ал аудан әкімі кандидатты ұсынған кезде жоғарыда аталған құжаттармен қатар арнаулы ұсынысы қоса берілуі тиіс екен. Міне, тиісті сайлау талаптарына сай келген үміткерлер кандидат болып тіркеліп отыр. 

-  Жоғарыда біз ауылдық округ әкіміне үміткер ретінде тіркелетін кандидаттарға қойылатын талаптар туралы қысқаша айттық. Сол талаптарды орындаған екі округтен бүгінгі таңда 7 кандидат тіркеліп отыр. Оның біреуі Amanat партиясы тарапынан ұсынылса, 6 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Сонымен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 113-5 – бабының 9-тармағына сәйкес Қазалы ауданының Әйтеке би кенті әкімінің сайлауына кандидат болып үш үміткер тіркелді. Оның бірі 1978 жылы дүниеге келген, Қазалы ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алиби Берікұлы Абиев. Оның кандидатурасын сайлау округіне ұсынған Amanat партиясы. Өзін-өзі ұсынған кандидаттың бірі қартабаев Қазыбек Қаржаубайұлы. 1981 жылы туған ол Майлыбас ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. Ал үшінші кандидаттың есімі Сыргалиев Акылбек Кажигалиевич. 1987 жылы туған ол Құмжиек ауылдық округі апаратының «Қ.Пірімов ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі, - дейді Болат Нұржігітұлы. 

 Ал Жаңақорған ауданы Сунақата ауылдық округі әкімі лауазымына 4 кандидат өзін-өзі ұсынған. Оның бірі 1987 жылы туған, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Абсадыков Марат Қалилаұлы. Екінші кандидаттың есімі Баржубаев Ерлан Мырзабекович. 1986 жылы дүниеге келген ол Қандөз ауылдық округі әкімі аппаратының салықшы маманы болып жұмыс істейді. Үшінші кандидаттың есімі Жумадуллаев Акылмурат Исмаилович. 1977 жылы дүниеге келген ол Сунақата ауылдық округінің әкімі. Өз орнын сақтап қалуға ниетті. Төртінші кандидат 1988 жылы дүниеге келген уақытша жұмыссыз жүрген Кошкарбеков Нуркен Орынбекович. Төрт кандидаттың да білімі жоғары. Мемлекеттік қызметте еңбек өтілдері бар азаматтар. 

«Жоғарыда сайлаудың барлық талабы кандидаттар мен учаскелік сайлау комиссияларына жан-жақты түсіндірілді. Ендігі кезекте осы аталған аудандардағы екі ауылдық округ бойынша сайлау 14 шілде күні өтіп, сайлаушылар өз таңдауын жасап, өз әкімдерін сайлайтын болады. Қазіргі таңда сайлау алды үшіт-насихат жұмыстары жалғасуда» дейді комиссия төрағасының орынбасары Болат Нұржігітов. 

Бес кандидат әкім болуға үміткер
Жетісу облысында үш ауылдық округ әкіміне кандидаттар тіркеу басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу